Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі химия және химиялық технология факультетінің ғалымдары ота кезінде пайдаланылатын хирургиялық жіпті жетілдіріп, бетіне антибактериалды жабын жасап шығарды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.
– Хирургиялық жіптердің адам ағзасы секілді қорғаныш механизмі жоқ. Яғни зиянды микроорганизмдерге оңтайлы ортаға жатады. Сондықтан олар тез жабысып, өніп, өсе береді. Біздің ғылыми топтың мақсаты – хирургиялық жіптердің бетіне антибактериалды жабын жасап, оны қолданысқа енгізу. Жіптердің бетіне мультиқабатты наноөлшемдегі жабындар орнатылады. Ал соңғы қабатқа антибактериалды агент енгізіледі. Антибактериалды агенттің қарапайым антибиотиктерден айырмашылығы – бактерияларға жедел қарсы әрекет етуінде, – дейді зертхананың ғылыми қызметкері Аяжан Сейдуллаева.
«ChemMedLab» ғалымдарының айтуынша, бүгінде медицина қызметкерлері ота жасағанда жараны хирургиялық жіптермен тігеді. Кей жағдайда жіптердің бетіне бактериялар орнығып, инфекция тудырады. Бұл қайтадан ота жасауға алып келеді. Қайта-қайта ота жасау адам өміріне қауіп төндіруі де мүмкін. Қазір университет ғалымдары ғылыми жоба бойынша патент алды. Сонымен қатар әлемдік журналдарға мақалаларын жариялады. Аталған инновациялық жобаға ота кезінде қолданылатын хирургиялық жіптерді шығаратын «RuMa Farm» компаниясы қызығушылық танытып, ғалымдармен бірігіп жұмыс істеуге дайын екенін айтқан.
– Антибактериалды жіптердің аналогтері әлемдік нарықта бар. Дегенмен елімізде бұл жоба алғаш рет жүзеге асып отыр. Ота кезінде хирургтер жіптерді спиртке немесе хлоргексидин ерітіндісіне салып, жараны тігеді. Бірақ бұл тәсілдің кемшілігі бар. Яғни ұзақ уақыт шыдамай, адам өміріне зиян келтіруі мүмкін. Ал біз дайындаған жіптердің жабындары болады. Олар керек кезінде бактериямен күресіп отырады. Сондай-ақ антибактериалды агент бір ай бойы бактерияға қарсы күреседі, – деп түсіндірді А.Сейдуллаева.
Ғылымда жаңалық ашып, ел игілігіне жұмыс істейтін ғалымдар мұнымен тоқтап қалмақ емес. Болашақта аталған жоба бойынша терең зерттеу жүргізіп, нарыққа шығамыз деп отыр.