Фото: wikipedia.org
«Халықаралық климаттың өзгеруі технологиялары орталығы» ЖШС басшысы Алтай Айнабек бұл жоспарын жүзеге асырып отырған ғылыми, технологиялық негіздерін ашып айтты.
«Мен қолданатын технологияның тарихы тым әріде 80-ге жуық мемлекетте пайдаланылған, атмосферада бар ылғалды конденсациялау арқылы жауын деңгейін көтеретін – бұлт егу әдісі, ескі технология, координалдық түрде аридтық (ылғалдылығы аз) аймақтарда жұмыс істей алмайды. Біздің технология атмосфераға әсер етудің жаңа ұстанымдарына негізделген. Технология циклондық үдерістерді «қосады», мұхит акваториясынан ылғал тартады. Бастысы, атмосфераның төменгі қабатында жұмыс істейді, яғни бұл – азаматтық технология», дейді ол.
Десе де «Қазгидромет» РМК осы аумақта жаңбыр жауатынын алдын ала біліп, 10 күндік, апталық болжам жасап, облыс тұрғындарына хабарлап отырғанын айтады. Сондай-ақ мекеме осы әдістің ғылыми негізін анықтауды білмекке бүкіләлемдік метеорология орталығына хат жолдаған.
Жауапты «Қазгидромет» РМК Қызылорда облысы филиалының І санатты инженер-синоптигі Мағжан Сәдуақасов жария етті.
«Әдіс туралы бүкіләлемдік метеорология орталығы біздің хатымызға жауап ретінде «ешқандай кеңес бермейтінін» айтты. Демек ғылыми негіз жоқ. Ал Қызылорда немесе басқа өңірлерде болып жатқан биылғы жауын мөлшері табиғи құбылысқа жатады», деді Мағжан Сәдуақасов.
Сан алуан пікірге себеп болған Алтай Айнабектің қолдан жаңбыр жауғызу әдісіне отандық ғалымдардың көзқарасын тілшіміз Ержан Қожастың «Аралды суға толтыру амалы: Жай сөз бе, нақты іс пе?» мақаласынан біле аласыздар.