Фото: Ақорда
«Қарағанды ферроқорытпа зауытындағы қайғылы оқиға салдарынан адамдардың қайтыс болғаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдадым. Қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына орны толмас қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Оқиғаның себебін анықтау менің жеке бақылауымда. Қаза тапқандардың отбасына барлық қажетті қолдау көрсетіледі», деді Олжас Бектенов.
Бектеновтың айтуынша, Қарағанды ферроқорытпа зауытында болған апаттың себептерін анықтау мақсатында арнайы комиссия құрылып, жұмыс істеп жатыр.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, балалары бар қаза тапқандардың отбасына асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты республикалық бюджеттен жәрдемақы және МӘСҚ-тан әлеуметтік төлемдер тағайындалады. Сондай-ақ қаза тапқандардың отбасы сақтандыру ұйымынан төлемдер және БЖЗҚ-дан жерлеуге біржолғы төлем алады.
Сонымен қатар жұмыс беруші компания жерлеу рәсімінің барлық шығынын, сондай-ақ келесі міндеттемелерді:
- қаза тапқан қызметкерлердің отбасына 10 жылдық жалақы мөлшерінде біржолғы төлем беруді;
- қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларының тұрғын үй жағдайын жақсартуға көмектесуді;
- қаза тапқан қызметкерлердің отбасы мүшелерінің барлық несиесін толық өтеуді өз мойнына алды.
Айта кетейік, Қарағанды ферроқорытпа зауытындағы апат салдарынан көз жұмғандар саны төрт адамға жетті.
Еске салайық, 20 шілдеде № 1 зауыт пешінде кенеттен жалын шығып, салдарынан кәсіпорынның 8 қызметкері зардап шеккен еді.