Бір күні Олимпиада қалашығында серуендеп жүрген түйе палуан Крис Тейлор неміс қарсыласы Вильфрид Дитрихтің өзіне қарай келе жатқанын байқайды. Жасы кіші Тейлор бірінші сәлем беріп қолын ұсынады. Ал Дитрих болса қолын жоғары көтеріп, басын шайқайды. Содан соң жақын келеді де, алдағы додаға сәттілік тілеп, қатты құшақтайды. Сыйластық сипатындағы бұл әрекет қарсыласының барлауы мен зерттеуі екенін ол кезде Тейлор, әрине, білген жоқ еді.
Бұл Дитрихтің Германия чемпионатын 28 рет жеңіп келген кезі, ал төртжылдықтың басты бәсекесіне Мельбурнда Олимпиада өткен 1956 жылдан бастап қатысып келе жатқан тұсы. Тарихта қалатын күрес көрсетіп, спорттық жолын әдемі қорытындылағысы келіп жүрген ол ойына бірден қол жеткізеді. Іздегенге сұраған дегендей, алдынан найқалған нардай болып Американың зілмауыр палуаны шығады.
Дитрих олимпиадада барлық мүмкіндігін көрсеткісі келді және ол үшін тынбай жұмыс істеді. Ол өзінің қайраты қайтып, қуаты кемігенін сезетін. Өмір болған соң оған қарсы тұру жоқ. Бірақ неміс палуаны бүкіл назарын күшке емес, айлаға түсірген.
Тейлорды тізе бүктіргеннен кейін, журналистер Дитрихтен сұхбат алды. Олар 200 кг түйе палуанды лақтыратынына неліктен сенімді болғанын сұрады. Сондағы Дитрихіңнің айтқан сөзі: «Мен 200 килоны көтере алатыныма бек сенімді едім. Тек Тейлорды қапсыра ұстауға, құшағым жетпей ме деп күдіктендім. Күрестің алдында онымен кездескен кезімде, ол менің қолымды алғысы келді. Бірақ мен оның орнына Тейлорды қатты құшақтадым. Қолдарымның бір-біріне жететініне білген соң, мен оны шалқасынан лақтыра алатынымды түсіндім және міндетті түрде солай ететініме сенімді болдым».
Иә, қарсыласының «ахиллес өкшесін» майданға түспей жатып білу – спортшы үшін жарты жеңіс. Бірақ ондай деңгейге жету үшін сұңғылалық қажет-ақ.