Аймақтар • 27 Шілде, 2024

Жаңа баспаналар өңірге серпін береді

91 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Биылғы су тасқыны Батыс Қазақстан облысына оңай тимеді. Өңір екі айдай табиғи сипаттағы төтенше жағдай қалпында тұрды. Бүгінде апат зардабын жою жұмысы қарқынды жүріп жатыр.

Жаңа баспаналар өңірге серпін береді

Батыс Қазақстан облысында су тасқыны 27-28 наурыз күндері басталды. Облыстағы Теректі, Бәйтерек, Қаратөбе, Сырым, Бөрлі аудандары және Орал қаласының саяжай аумағы су тасқынынан зардап шекті.

Қар суынан бөлек, Ресейдің Саратов және Орынбор облыс­та­рын­дағы су қоймалары тарапынан су көп жіберілді. Нәтижесінде, Жайық өзеніндегі су деңгейі артып, өзен бойында орналасқан 84 елді мекенді су басу қаупі туды. Апат кезінде Батыс Қазақстан облысында 1 491 тұрғын үй және 10 500 саяжай телімі су астында қалды. 2 мыңнан аса мал шығыны болды.

Табиғи апаттың алғашқы күн­дерінен-ақ Мемлекет басшысы халықты жігерлендіріп, елдің бүкіл ресурсын жұмылдырды. Соның ішінде Ақжайық өңірін табиғат апатынан құтқаруға Қазақ­станның 14 облысынан әскерилер, құт­қа­рушылар, еріктілер, қара­пайым тұрғындар келді. Сөйтіп ауқымды шығынға жол бермеді.

Сәуір айының басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқыны болған Қаратөбе ауданының орталығына келіп, тасқыннан зардап шеккен Қоржын ауылының тұрғындарымен кездесті. Президент сол сапарында әр тұрғын мемлекет тарапынан берілетін көмектен қалыс қалмайтынын атап өтті. Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл сөзі барша тұрғынға жігер берді. Одан бөлек, Үкімет басшысы және оның орынбасарлары тасқын кезеңінде өңірімізге бірнеше мәрте келіп, дайындық барысымен танысты. Қажетті ресурсты жылдам тартуға қолұшын созды.

Облыстағы су тасқынымен кү­рес­ке 11 мыңнан аса адам және 2 мыңға жуық техника тартылды. Жайық өзенінің бойында 150 км топырақ бөгет салынды. Осының нәтижесінде ауылдарға су кірмеді. Жұмылған жұрт Жайық өзені бо­йында орна­ласқан Орал қаласы мен облыс­тағы 84 елді мекенді су ба­су­дан аман алып қалды. 13 мың­­­нан аса адам қауіпсіз жерге кө­ші­рілді.

Тасқын кезінде облыста шығын болған 2 мыңнан аса мал шығы­ны жергілікті бюджет және демеу­шілер есебінен толық өтелді. Соның ішінде 1 171 бас мал – жер­гілікті қазынадан бөлінген 151 млн теңгенің есебінен қалпына келсе, 1 286 бас малдың орнын демеушілер толтырды. 9 994 отбасы 100 айлық есеп көрсеткіш мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмекті алды. Бұған 3,7 млрд теңге жұмсалды. Тасқын кезінде бүлінген материалдық мүлікті өтеу бойынша бүгінге дейін 10 222 отбасының өтінішіне оң шешім шығарылып, 3,7 млрд теңге қаржы төленді.

Су тасқынынан кейін арнайы комиссия зардап шеккен 1 383 үйді «қайта жөндеуге жарамды» деген қорытынды шығарды. Соның ішінде 1 209 үйдің жөндеу қаржысы төленді. Табиғат апаты кезінде Қаратөбе ауданында – 116, Сырым ауданында – 243, Бөрліде – 218, Теректі ауданында – 649, Бәйтеректе – 62, Тасқалада – 6, Орал қаласында 17 үйге су кірген екен.

Осының ішінде су тасқыны салдарынан толық бүлінген Қоржын ауылына (Қаратөбе ауданы) Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов шілденің 23-і күні арнайы барған еді. Мұнда қираған үйлердің орнына бір пәтерлі 90 үй салынып жатыр. Қазірдің өзінде 34 үйдің қабырғасы тұрғызылып, 56 үйдің төбесі жабылып жатыр. Нысандардың жалпы дайындығы 50%-ға жетеді. Үкімет басшысының тапсырмасы бойынша, учаскеде жұмыс істейтіндердің саны 30%-ға артты. Қазір мұнда 288 адам жұмыс істейді. Жұмыс кестеге сәйкес жүріп жатыр.

Бұған қоса Теректі ауданы Подстепное ауылында 3 бөлмелі 106 тұрғын үй салынып жатыр. 43 үйдің қабырғасы көтеріліп, 62 үйдің шатыры жабылған. Бұл нысандар тамыз айының ортасында пайдалануға берілуге тиіс. Орал қаласының іргесіндегі Деркөл кентінде 103 тұрғын үй жаңа орында салынып жатыр. Үйлердің іргетасы толық дайын, 24 нысанда ішкі әрлеу жүргізіліп жатыр. Жұмыс қыркүйек айында аяқталады деп жоспарланған. Орал қаласының «Жұлдыз» шағын ауданында 191 үй құрылысы бас­талды. 17 мердігер мекеме барлық үйдің іргетасын құйып, қазір 178 үйдің қабырғасын қалауға кіріскен. 49 нысанның шатыры жабылып жатыр. Жалпы алғанда, Батыс Қазақстан облысында қазір 775 тұрғын үй жаңадан салынады. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев бұл үйлердің құрылысы қыркүйек айына дейін аяқталып, иелеріне берілетінін айтты.

Сонымен қатар су тасқынынан баспанасы жарамсыз болған отбасыларға тұрғын үй сатып алу жұмысы да жүріп жатыр. Жоспар бойынша 2 248 үй сатып алу керек. Мәселен, қазірге дейін Бөрлі ауданында – 66 үй, Теректі ауданында – 5 үй, Бәйтерек ауданында 2 үй сатып алынды. Орал қаласында жалғыз баспанасы апатты деп танылған саяжай тұрғындарына жаңа үй сатып алу және салу бо­йынша жұмыс қызу жүріп жатыр. Қазірдің өзінде оралдық саяжай тұрғындары үшін демеушілер қаржысынан 864 тұрғынға үй сатып алу жөнінде шешім шықты. Бүгінде олар жаңа пәтеріне кіріп, қоныс тойын тойлап жатыр. Бұл үйлер жаңа нарықтан да, екінші нарықтан алынып жатыр. Облыс әкімінің баспасөз қызметі өңірде су тасқынынан зардап шеккендер үшін 938 үйді сатып алуға келісімшарт жасалғанын хабарлады.

 

Батыс Қазақстан облысы