АЙЫ ОҢЫНАН ТУҒАН АРГЕНТИНА
Аргентина Оңтүстік Корея футболшыларын 4:1 есебімен ойсырата жеңді. Матч басталар алдында Оңтүстік Корея құрамасының бас бапкері Ху Юн Му “Біздің солтүстіктегі қандастарымыз әлемнің бес дүркін чемпионы Бразилия құрамасын сансыратып жібере жаздады. Аргентина, сөз жоқ мықты. Бірақ, біз де қарап қалмаспыз”, деген сыңайда ой айтқан.
Төрт жылда бір болатын әлем чемпионатына ешкім жеңілемін деп келмейді ғой. Айтулы Грекия құрамасын оңай илеп алған корейлер алаңға өліспей беріспейміз деген ниетпен шыққаны белгілі. Бірақ... “Қырсыққанда қымыран іриді” деген рас тегі. Матч басталысымен аргентиналықтар қарап тұрмады. Месси бастаған сайыпқырандар Оңтүстік Корея құрамасы қақпасының алдын ала шаң қылды. Майлы қасықтай жылпылдаған Мессидің қақпа алдында тастаған добы Пактың аяғына тиіп, өз қақпасына сүңгіп кетті. Шабуылшының өзі осындай әдемі голды соғуды армандар еді.
Пактың қапталында ұмсынып Габриель Хайнце тұрған болатын. Оның да гол соғуға мүмкіндігі бар еді. Әлем чемпионаты алдында баспасөз біткен Аргентинаның бағына біткен асыл ұл Марадонаны жерден алып, жерге салған. Қорғаныста жамбастап жатып алғаннан гөрі шабуылды жаны сүйетін Марадона бапкер алдыңғы шепке найзасының жүзі мұқалмайтын хас батырлар Месси-Игуаин және Тевесті шығарды. Әлемнің үздік футболшыларының бірі Мессиге доп тисе екі-үш корей тұра ұмтылады. Есесіне бар қызықты “Реалдың” шабуылшысы Гонсало Игуаин көреді. Бұл шабуылшы жайында әрқилы әңгіме айтылған. “Оның бағын жандырған Каканың қолмен қойғандай пастары”, – дейді. “Дайын асқа тік қасық дейді, қажет кезде қажетті жерден табылатын ойыншы”, – дейді. Кім қалай айтса да Игуаинның ұпайы түгел. Өз шаруасын біледі. Әлем чемпионатындағы алғашқы хет-трик иесі де сол. Ең үздік шабуылшыға берілетін жүлдені жұрт мақтаған Месси, Клозе, Торрес, Фабриано, Роналду сияқты саңлақтармен бәске салатын да осы Игуаин болады әлі.
Ойынның 33-ші минөтінде Месси арқылы Родригестен пас алған Бурдиссо доптың бағытын корей қақпасына туралаған еді. Қақпа алдында сілеусіндей сақ жүрген Игуаин бір-ақ қарғып, баспен кіргізіп жіберді. Осы голдан кейін аргентиналықтарда аздаған тоқмейілсу байқалды. Қарсы қақпадан әуелеп келген допты аяғымен қақшып алып, кері бұрыла берген қорғаушы Мартин Демикелис қапталындағы Ли Чхун Енді байқамай қалды. Бұлқынған допты алдына салып алып, еңіретіп қуған корей Аргентина қақпасының торына дейін кіріп кетті.
Екінші кезең Марадона шәкірттерінің басымдылығымен өтті. Ең көп тер төккен Месси. Ең қызығын көрген Игуаин. Үш рет қақпа алдынан доп алып, үшеуінде де мүлт жібермеді.
Марадона кең кеудесімен еркін тыныстайды. Ширек финалдық ойындарға дейін оның ұйқысы қанық, түсі тәтті...
Ал Нигерия құрамасының бас бапкері Ларс Лагербактан ұйқы қашты. Мазасы жоқ.
Оңтүстік Корея құрамасынан таяқ жеп, енді қалай болады деп келген Грекиядан 2:1 есебімен жеңілді. Матч басындағы жорамалда Нигерияның мықты екендігі айтылған. Ойын да солай басталды. Уге әдемі гол соқты. Алайда, олардың ойын өрнегін Торосидиспен сөзге келіп қалып, итеріп құлатқан Сани Кайтаның алаңнан қуылуы өзгертіп жіберді. Торосидис те қызық. Шалғымен шапқандай құлады. Аз-кем талып жатты. Арбитр осы спектакльге алданып қалды. Жартылай қорғаушыны алаңнан қуды.
Шабуылды күшейткен гректер гол салуға тырысып бақты. Капуранис қақпаға арқасын берген күйі екпіндеп келіп қалған Салпигидиске әдемі пас шығарып берді. Бұл гректердің әлем чемпионатындағы алғашқы голы еді. Ойын барысында екі жақта да талай рет гол соғатын мүмкіндіктер болды. Якубумен жұптасып грек қақпасына шабуыл жасаған Обасидің қателесуге еш қақысы жоқ еді. Грек қақпашысының қолынан серпілген допқа бірінші болып жеткенімен қиыс тепті.
Нигериялық жанкүйерлер күйініштен алып стадионды мойындарына іліп кете жаздаған. Нигериялық қақпашы Венсан Эньеама обалы кәне, керемет қақпашы. Талай қауіптің алдын алды. Бірақ, аңдыған жау алмай қоймады. Циолистің төменнен қатты ұрған добын тосып алғанымен кейін серпілген доп Торосидистің алдына келді. Мұндай мүмкіндікті шабуылшы қалт жіберген жоқ. Есеп 2:1.
...АЛ, ФРАНЦУЗДАР ЕЛІНЕ ҚАЙТУЫ МҮМКІН
Сондай қауіп бар. Зидан бекер ойбайламаған екен.
“Біздің бұрынғы әлем чемпионатындағы жеңісіміздің қазір құны қалмай барады. Доменек командалық ойын жүйесін құра алмады. Мен оның бапкерлік қабілетіне күмәнмен қарай бастадым. Ал ойыншыларға келетін болсақ, олар алаңда өз жауапкершілігін толық сезініп, бойындағы астамшылықтарын сыпырып тастауы қажет”.
Франция құрамасын әлем чемпионатына бастаған Зиданның қаупі келді.
Француздарда менмендік бар. Жеңетіндеріне күмәнданбайтын сияқты. Алғашқы кезеңде алма- кезек шабуыл жасалғанымен мексикалықтардың жеңіске деген құштарлығы көбірек байқалды.
Есеп үшін айтсақ, Франция мен Мексика құрамаларының жолы әлем чемпионаттарында үш рет түйіскен екен. Бірақ, мексикалықтар біреуінде де жеңіс тойын тойлай алмаған. Бұл жолы жеңді. Есеп 2:0
Франция құрамасының тағдыры енді Мексика мен Уругвайдың ойынына қатысты болмақ. Егер екі команда тең ойнаса плей-оффқа алаңсыз шығады. Мұндай кілем асты келісулер футболда талай рет болған. Бірақ, екі ойында да сүреңсіз өнер көрсеткен Франция құрамасы кімге өкпелегендей. Футбол білгірі Эрик Кантон Раймон Доменек туралы: “Людовик XVІ дәуірінен бері Франция құрамасының ең нашар бапкері осы”, депті.
Мұндай көңілсіз айыптаулар келесі кезеңге өте алмаған құрама бапкері жайында әлі айтыла береді. Бұл – жан ашуы.
Төрткүл дүние бар шаруасын жиып қойып, кірпік қақпай көретін әлем чемпионатының нағыз қызығы мен шыжығы енді басталды.
Бақтияр ТАЙЖАН.