Суреттерді түсірген – Данил Копанев
Алдымен БАҚ өкілдеріне шағын сұхбат берген кәсіпорын басшысы – басқарма төрағасы Мадияр Тұқпатов паркте 1035 автобус барын, қыркүйекте тағы 100 автобус сатып алынатынын айтты.
«Күнделікті 750-800 автобус жолға шығып, 400-450 мың жолаушыны тасымалдаймыз. Өткен жылға қарағанда қоғамдық көлік жолаушыларының саны артып отыр. Келесі жылы тағы 300 шақты автобус алу жоспарда бар. Елордада автобус билетінің бағасы 2012 жылы 90 теңге болып белгіленді, содан бері өзгерген жоқ еді. Осы уақыт ішінде жанар-жағармай құны өсті, ол кезде литрі 110 теңге болса, қазір дизель бағасы 300 теңге. Автобустардың аралығын жиілеттік, бұрын жолаушылар кейбір автобустарды 20-25 минут күтсе, қазір аралық 15-12 минутқа дейін қысқарды. Келесі жылы 300 автобуспен толықсақ, 8-7 минутқа дейін қысқарту мүмкіндігіміз бар», деді ол.
Автобус паркі қызмет көрсететін маршруттардың жалпы ұзындығы 3590,5 км құрайды. Бұл парк 76 маршрутқа қызмет көрсетеді, оның ішінде 47 қалалық, 3 түнгі, 27 қала маңы бойынша автобустар. Қызметкерлердің басым бөлігін жүргізушілер құрайды, яғни мұнда жалпы саны 2000-нан аса адам жұмыс істесе, соның 70%-ы автобус жүргізушілері.
Бұл сұқбатымыз ұзаққа созыла койған жоқ. Мекеме басшысы ұзын сонар сөзден гөрі істің адамы екенін айтып, автобус паркін аралауға шақырды. Сонымен біздің автопарк аумағындағы экскурсиямыз басталып кетті. Сонау 1974 жылы құрылған №1 Автобус паркінің ғимараты ескі болғанымен, таза, жайлы орын көрінді. Мұнда темірдей тәртіп барын бірден аңғаруға болады.
Бірінші кезекте автобус жүргізушілерін жұмысқа даярлайтын бөліммен таныстық. Жүргізуші жұмысқа қабылданбас бұрын жолдағы қауіпсіздік, түрлі жағдайдағы оқиғаларға психологиялық дайындық сияқты дәрістерді оқиды. Қауіпсіздік бөлімінің инженері Ержан Амангелдіұлының айтуынша, көлік жүргізушісінің D санаты болуы міндетті. Жүргізуші куәлігін алғаннан кейін біліктілікті арттыру бойынша арнайы оқу оқып, емтихан тапсырады. Бұдан соң болашақ қызметкер автобус паркінде тағылымдамадан өтеді. Тағылымдама 3 кезеңнен тұрады: 24 сағат, 42 сағат, 86 сағат. Бұл уақытта олардың теориялық және практикалық білімі тексеріледі. Жүргізушілер автобус паркінің жаттығып үйренуге арналған автобустарына отырып, автобус жүргізуге дағдыланады. Инженердің айтуынша, жаттығуға арналған автобустар қала бойынша тек осы автобус паркінде бар.
Жүргізушілерді жұмысқа қабылдау кезіндегі тағы бір маңызды мәселе – психологиялық дайындық. Жұмысқа келгендер психологиялық тест тапсырып, іріктеуден өтеді. Мекемеде психолог маманы қызмет етеді. Ол жұмысшылардың түрлі психологиялық жағдайда дұрыс әрекет етуіне көмек беретінін айтады. Жолаушылармен жұмыс істеу кезінде түрлі конфликтілі жағдай болуы мүмкін. Мұндай жағдайлар автобустарда күнделікті болып жатады. Психолог сондай бір шетін мәселеде қалай әрекет етуге болатынын түсіндіреді. Мұнда сондай-ақ қызмет етіп жүрген жүргізушілер де келіп, кеңес ала алады. Бұл олардың жұмыстарының өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Автобус жүргізушісінің бір күні қалай өтеді?
Жүргізушілердің тіршілігі таңмен таласа басталады. Таңертең сағат 04:00-де жұмысқа келіп, ең алдымен диспетчерлік қызмет бөліміне барады.
Бұл жерден маршруттар көрсетілген жол жүру парағын алып, ары қарай медициналық тексерістен өтеді. Онда жүргізушінің күнделікті қан қысымы мен алкогольдік күйі тексеріледі. Тексерістен сәтті өткен жағдайда жұмысқа бірден кіріседі. Медтексерістен өтпей қалған қызметкерлер міндетті түрде басқа жүргізушімен алмастырылады.
«Біздің автобус паркінде 40 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан жүргізушілер бар. Жалпы жүргізушілердің орташа жасы шамамен 40-43 жас. 7 әйел жүргізуші бар. Бір автобусқа 2 жүргізушіден бекітіледі. Бір ауысым 14 сағатқа созылады. Ең алғашқы автобус таңғы сағат 5:30-да жолға шығады», деді №1 Автобус паркі басшысының орынбасары Сәбит Болатов.
Оның айтуынша, қазір автобус паркіне 100-ге жуық жүргізуші жетіспейді. Жүргізушілер 23 жастан бастап қабылданады. Жүргізуші өтілі 3 жылдан кем болмауы тиіс.
«Жүргізушілердің жалақысын көтердік, қазір ең төменгі жалақы 680-700 мың теңге аралығында, жоғарысы миллион теңгеден асып түседі», деді басқарма төрағасы Мадияр Тұқпатов.
Сондай-ақ 3-5 жыл жұмыс өтілі бар қызметкерлерді емдік-сауықтыру орындарына жіберу мәселесі қарастырылған. Қиын жағдайда қалған қызметкерлерге кәсіподақ есебінен жәрдемақы беріледі. Жұмыстан тыс уақытта жүргізушілер футбол, волейбол алаңдарына барып тегін жаттыға алады. Аталған автобус паркінің кәсіподақ ұйымын осы мекемеде ұзақ жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Валерий Исаков басқарады. Кезінде ол өз жұмысын кондуктор қызметінен бастаған, әр жылдары түрлі қызмет атқарған.
Автобуста жоғалған заттар қайда сақталады?
Жолаушылардың автобустарда заттарын ұмытып кететін жағдайлары жиі кездеседі. Онда ересек адамдар балаларын ұмытып кететін кездер де болады. Жоғалған заттар әсіресе күзде, сабақ басталған уақытта көбейеді. Оқушылар сөмкелерін, ауыстырып киетін аяқ киімдерін жиі ұмытады екен. Мұндай жоғалған заттар диспетчерлік бөлімде сақталады. Адамдар хабарласып өз заттарын тауып алып жатады.
Өндірістік нысандарға шолу
Бұдан кейін алдымыздан қыз-қыз қайнап жатқан өмір шыға келді. Мұнда автобустардың техникалық жай-күйі тексеріледі. Бас инженер Бауыржан Тұяқұлының айтуынша, жөндеу жұмыстарын жүргізетін аумақ тәулік бойы жұмыс істейді. Мұнда 150-ге жуық маман бар. Түнгі ауысымда мамандар шамамен 30-50 автобусқа жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Сөйтіп бұл автобустар таңда жолаушыларды діттеген жеріне жеткізуге қайта шығады. Мұндағы мамандар жөндеу жұмыстарының барлық түріне машықтанған. Сырттан маман шақыртқан жағдайлары болмаған. Автобус паркіндегі ең ескі автобус 2017 жылғы көлік.
Техникалық жөндеу жұмыстарынан уақтылы өтетін көліктер ұзақ уақыт қызмет етеді. Олар жаңа көліктерден еш қалыспайтын көрінеді.
Yutong маркалы жаңа автобустар Қытайдан әкелініп, Қарағандыдағы зауытта жиналады. Соңғы алынған бір автобустың құны - 91,5 млн теңге. Ол жартылай жергілікті атқарушы органдар есебінен, жартылай автобус паркінің субсидиясы есебінен төленеді. Осылайша автопарк жыл сайын лизинг арқылы автобустарын жаңартып отырады.
Автобус паркінің экологиялық бастамалары да көңілге қонымды. Автобусты жууға кеткен су қайта өңделіп отырады. Жууға кеткен су үлкен резервуарға жиналып, фильтр арқылы тазартылып, қайта қолданылады. Бұл бастама экологиялық жағынан ғана емес, экономикалық жағынан да тиімді. Егер де әр қолданылған су тектен-текке кете берсе үлкен шығын әкелер еді.
«Автобустарды жуу аумағында күнделікті 350 көлік жуылады. Әр автобусты жууға 5-10 минут, шамамен 100 литр су кетеді. Күнделікті автобустың іші-сырты жуылып отырады», деді Б.Тұяқұлы.
Қоршаған ортаның ластануын алдын алу және көмірқышқыл газының шығарындыларын азайту мақсатында 2025 жылы 200 бірлік газ автобустары мен 100 бірлік электр автобустарын сатып алу жоспарланған.
Биыл 50 жылдық мерейтойын атап өтетін Автобус паркі жұмыс өнімділігін арттыру мақсатында парк қызметін цифрландыруды мақсат етіп отыр. «Цифрлы Автобус паркі жүйесін енгізу ресурстарды басқаруды жақсартуға, уақыт шығындарын қысқартуға және жолаушыларға қызмет көрсету деңгейін арттыруға мүмкіндік береді», деді басқарма төрағасының орынбасары Б.Молдакаликов.
Биыл 5 жаңа қала маршруты және 1 түнгі маршрут іске қосылды. Жыл соңына дейін жаңа экспресс-маршруттарды іске қосу жоспарланып отыр. Қазір қала көшелерінде көк түсті жаңартылған дизайндағы автобустар жүр, олар жаздың басында 100 бірлікпен іске қосылған еді. Қыркүйек айында автобус паркінің жылжымалы құрамы осы дизайндағы тағы 100 бірлік автобуспен толығады.
8-13 қыркүйек аралығында Астанада V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары өтетіні белгілі. Жарысқа 90 ел қатысуға ниет білдірген. Екі мыңнан аса спортшы келеді деген жоспар бар. Осы ретте №1 Автобус паркінің басшысы арнайы Shuttle bus-тар қатынайтынын айтты.