Аймақтар • 30 Шілде, 2024

Мал шығыны түгел өтеледі

140 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Атырау облысында табиғи сипаттағы төтенше жағдай режімі әлі сақталып отыр. Өйткені су тасқыны салдарының шығынын есептеу аяқталған жоқ.

Мал шығыны түгел өтеледі

Фото: Акорда

Облыс әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұ­мағазиевтің ұсын­ған ақпаратына қарағанда, су тас­қынынан көп зардап шек­кен Жылыой және Қызылқоға ауда­­нындағы арнайы ко­мис­сия­лардың қорытындысымен өлген малдың саны нақтыланды. Бұл комиссияларға Жылыой ауданынан – 100, Қызылқоға ауданынан 58 өтініш түскен. Өтініште көрсетілген 1 067 мал мен 532 үй құсына 185,6 млн теңге өтемақы төленген.

«Бұл қаржының 123,8 млн теңгесі Жылыой ауданы тұр­ғын­дарының шығыны үшін берілген. Өйткені бұл ауданда 876 төрт түліктің, атап айтқанда, 93 мүйізді ірі қара, 697 қой-ешкі, 55 жылқы және 31 түйенің өлгені анықталып отыр. Сондай-ақ 532 үй құсы өл­ген. Ал Қызылқоға ауданында тұра­тын тұрғындардың шығыны 61,7 млн теңгені құрады. Мұнда 105 сиыр, 40 қой-ешкі, 45 жылқы, 1 түйе шығын болған. Қазір бұл ауданда төрт түліктің шығыны үшін өтемақы толық төленді», дейді Р.Жұмағазиев.

Оның дерегіне жүгінсек, облыста су тасқынынан 39 шаруа қожалығы, 19 жеке кәсіпкер, 90 тұрғын зардап шеккен. Мәселен, Жылыой ауданында шығынға ұшыраған 13 шаруа қожалығы, 16 жеке кәсіпкер, 71 тұрғын тіркеліп отыр. Ал Қызылқоға ауданынан 26 шаруа қожалығы, 3 жеке кәсіпкер мен 29 тұрғын шығынды өтеу жөнінде өтінішпен жүгініп отыр.

«Жылыой ауданының тұрғын­дарынан қосымша 50 өтініш қабыл­данды. Бұл өтініштерде 206 малдың, оның ішінде 90 мүйізді ірі қара, 27 қой-ешкі, 58 жылқы мен 31 түйенің шығын болғаны көрсетілді. Сондықтан шығынды өтеу үшін облыстық бюджеттен 88,7 млн теңге бөлінді. Қазір мал иелеріне өтемақыны төлеу үшін қажетті жұмыстар қолға алынды», деп мәлімдеді Р.Жұмағазиев.

Су тасқынынан егістік алқап­тарына да зиян келгені жасырын емес. Тасқын су 6 071 гектар аумақты басты. Соның салдарынан 4 754 гектар алқапқа ғана егін егілді. Оның ішінде картоп – 568 га, көкөністер – 1433 га, бақша – 931 га, мал азықтық дақылдар 1822 гектарды құрайды.

«Ауыл шаруашылығы министрі­­нің 2024 жылғы 17 ма­мыр­­дағы №167 бұйрығымен ауыл шаруашылығы саласында табиғи сипаттағы төтенше жағ­дай нәтижесінде жеке және заңды тұлғаларға келтірілген залалды өтеу қағидасы бекітілді. Соған сәйкес су тасқынынан зардап шеккен қала, аудандарда және облыс­та арнайы комиссия құрылды. Атырау облысында шы­ғынды өтеу мақсатында беріл­ген 152 өтініш тіркелді. Оның ішінде 90 өтініште егістік алқапқа келтірілген шы­ғынды өтеу сұралып отыр. Ал 62 өтініш иелерінің маусымдық үй, қора, ауыл шаруашылығы техникалары мен құрылғылары секілді мүлкіне залал келгені анықталды», дейді Р.Жұмағазиев.

Ал Құлсары қаласында тасқын­нан зардап шеккен кәсіпкерлік субьектілердің шығыны өтеліп жатыр. Өңірлік комиссияның ше­шімімен 177 кәсіпкердің өтіні­ші қабылданып, оларға 1,7 млрд тең­генің өтемақысы тағайын­далды. Шығындарды анықтау, зер­делеу жұмысына 13 бағалау ком­паниясы тартылды. Бұл компаниялардан 58 маман бағалау жүргізуге жұмылды.

«Өтемақы мөлшері Ұлттық ста­­тистика бюросы жариялай­тын ауыл шаруашылығы жануар­ла­рының түрі мен жыныстық-жас топтары бө­лінісі ескеріліп, на­рық­тық құны туралы деректер не­гізінде айқындалды. Осы кезге дейін берілген өтемақы мөлшеріне ша­ғымдану дерегі тіркелген жоқ. Қазір Атырау қаласы мен Махамбет ауданында мал шы­ғы­нына қатысты өтінім­­дерді қа­былдау жүріп жатыр. Өлген малдың саны мен өтем­ақының мөл­шері қалалық, аудандық комис­­сияның шешім­деріне сәйкес анықталады», деп нақтылады облыс әкімінің баспасөз хатшысы.

 

Атырау облысы