Руханият • 30 Шілде, 2024

Қадырдың Отаны

153 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Келер жылы Орал қаласындағы Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының ашылғанына он жыл тола­ды. Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлық­тың иегері, ақын Қадыр Мырза Әлінің 90 жылдығымен қатар келетін мерейтойға дайындық қазірден-ақ басталып кетті.

Қадырдың Отаны

Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының ерекшелігі сол – мұнда Қадыр ақынның парасат-пайымы, терең білімі, жан-жақтылығы, қайталанбас ерекшелігі мен қарапайымдылығы қатар қоныс­танғандай.

Қадыр ағаның өзі Эразм Роттердамскийдің «Менің кітап­ханам қайда болса, Отаным сонда» деген сөзін жиі айтатын. Ал ақынның өзі өмір бойы сұрыптап жинаған 7 мыңнан астам кітап­тың 6 767-сі қазір Оралдағы Қадырсарайда тұрғанын білесіз бе? Орталықтың мұражайында Қадыр ағаның мемориалдық кабинеті бар, онда жазу үстелі, орындығы және басқа да өзі пайдаланған дүниелері қойылған. Келушілер ақынның үйін өз көзімен көргендей әсер алады.

Айтпақшы, орталықта кейін­нен Қадыр ақынның қаламдас досы, оралдық ақын Жанғали Нәбиуллиннің де кабинеті ашылған, ол кісінің де жеке кітапханасындағы жүздеген кітап осында көшкен. Ең үлкен байлық – кітап деп ұққан аға буын өкілдері ғой бұлар. Бір тәуірі мұнда қалалық кітапхананың филиалы қызмет етеді, сөйтіп, құнды кітаптар оның құнын білетін оқырманның игілігіне жарап жатыр.

Қадырсарайдың сырт келбеті де ерекше. Ғимараттың жалпы көлемі – 3 960,7 шаршы метр болса, мұнда 150 орындық концерт залы, ақынның мемориалдық кабинеті, конференц залы, көрме залы, 1 125 орындық амфитеатр бар.

Дегенмен Қадырсарайдың ең басты ерекшелігі, жетістігі сол – алғашқы күннен-ақ ақынның шығармашылығын насихаттап, халыққа тынбай таратып, түрлі бастама көтеріп келеді.

Орталық сахнасында өңірге танымал ақын-жазушылар, қала берді, өзге облыстың қалам­гер­лері де жұртшылықпен жүз­десті. Тіпті өзге сала мамандары да ескерусіз қалған емес. Атап айтсақ, спорт, білім, меди­цина, өнер өлкесінде жүрген тұлғалардың да есімі елге насихатталды. Шалғай ауылдан көшпей, еңбегін елге арнап жүрген жандар да Қадыр орталығының назарынан тыс қалмайды. Өмірден өткен тұлғалар да ұмытылмайды. Орталық жүйелі өткізетін «Елеулі есімдер», «Ауылдағы ардақтылар», «Жарқ етіп сөнген бір жұлдыз» жобалары көрермен көңілінен шықты. Облыстағы жас ақындарға үнемі қолдау көрсетіп, олардың шығармашылығын кеңінен насихаттап отыратын да осы орталық. «Жұмадағы жыр мәжілісі» жобасы аясында орталық музейінде жас ақын­дардың шығармашылық кештері жиі өтеді.

Бұдан бөлек, Қадыр орталы­ғы облыстық, республика­лық, халықаралық көлемдегі іс-шараларды да жоғары дең­гейде ұйымдастыра білді. Бір­неше рет республикалық, тіпті халықаралық ақындар айтысын өткізіп, төл өнерді дәріптеуге үлкен үлес қосты.

Міне, осындай тамаша табыстары ескерілген болар, Қадыр орталығы 2022 жылы Батыс Қазақстан облысындағы мәдениет мекемелері арасында «Үздік мәртебелі мекеме» атағын жеңіп алды.

Қадырсарайдың атақ-абы­ройы аспандаған кезең – белгілі ақын, мәдениет қайраткері Бауыржан Халиолла басқарған жетіжылдық белес болды. Баукең Қадыр шығармашылығын насихаттап, «Қадыр жолымен» жобасы аясында «Дала дидары» көшпелі өнер ұжымын құр­ды. Ұжым – Қадырдың сөзі­не жазылған әндерді орындап, поэзиялық өлеңдерін оқып, көрерменді тәнті етті.

– Қадыр шығармасын насихаттау жалғаса береді. Осы орайда «Қадыр – қазына» жобасын бастадық. Ақын шығармашылығы – шын мәнінде сарқылмас қазына секілді, – дейді Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының қазіргі басшысы Серік Тоқмәмбетов.

Бір тәуірі – жаңа жобада мәдениет пен өнердің барлық саласы сырт қалмапты. Атап айтсақ, «Ой орманы» деп аталатын бай­қау Қадыр ақынның өлеңдері негізінде сурет салушыларға арналған. Бұл байқауға облыстағы кәсіби суретшілерден мектеп оқушыларына дейін, барлығы ­
64 адам атсалысты.

Қадыр ақынның сөзіне жа­зылған 200-ге тарта ән бар дейді деректерде. Алайда олардың көбі насихатталмай, халық арасына кең тарамай қалған. «Күндер-ай» байқауы осындай әндерді көрерменге қайта тарту етті. Нәтижесінде, 20-дан астам ән қайта жарыққа шықты.

«Күміс қоңырау» байқауына еліміздің батыс аймағындағы 14 театр үйірмесі тартылды. Сөйтіп, ақынның балалар тақы­ры­бын­дағы өлеңдерінен қойылым қойған балалар ұжымдары тамаша өнер көрсетті.

Ал «Иірім» деген атпен өткен аймақтық мобилографтар бай­қауы мүлдем тың бағыт болатын. Бұл сайысқа қатысқан 15 жас Қадыр өлеңдерінен бейнеролик түсіріп жарысты. Ақын жыры керемет көріністермен ұштасты.

«Ең алдымен – ел қамы» деп аталған облыстық Қадыр оқулары байқауында іріктелген 45 оқушы ақын өлеңдерін жатқа айтудан сынға түсті.

Қадырдың өлеңдеріне жаңа­дан ән жазуды мақсат еткен «Бұлбұл бағы» байқауы сазгерлерге тың серпін бергені рас. Осының арқасында 20-ның үстінде жаңа ән өмірге келді. Бүгінде оның барлығы сахнада орындалып жүр. Ал байқауда жүлдеге ие болған Ерлан Қуа­нышевтің «Махаббат аспаны» атты әні қазақ эстрада жұлдызы Нұрболат Абдуллиннің репертуарына қосылды.

Бұл жобадан бөлек, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жерлес ақын Сағат Әбдуғалиевтің 75 жылдығына арналған «Жүре­гіме жүгі түсті жаһанның» атты облыстық жас ақындар мү­шәй­расы да жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Дауылпаз ақын, даңқты тұлға Махамбет Өтемісұлының 220 жылдығына арналған «Тар­тынбай сөйлер асылмын...» атты аймақтық-республикалық жыршы-термешілер байқауы да керемет өтті. Байқау шарты бойынша қатысушылар қазақ жырауларының шығармаларын өз қалауы бойынша орындап, екінші кезеңде Ығылман Шөре­ков­тың «Исатай-Махамбет» дас­танынан үзінді орындады.

«Қадыр жыры – халық үні» атты облыстық жыршы-терме­ші­лер байқауында да ақын өлең­дері ел аузында жүрген халық мақам­дарымен орындалып, көпшілікке кең насихатталды.

– Дегенмен біздің ең басөты жаңалығымыз – «Қазақтың Қадыры» атты деректі фильм болды. Қадыр орталығы мен «AQJAIYQ» телеарнасы бірлесіп қолға алған бұл жобаның көңіл­дегідей шығуына облыстық мәдениет басқармасы көмек етті. Түсірілім тобы Алматы қаласына арнайы барып, ақынның қара шаңырағында болып, жан-жары Салтанат апамыздан сұхбат алды. Бес күнге ұласқан жұмыс барысында Қадырдың замандас достары, үзеңгілестері, ізбасар інілерінің естелік-лебіздері таспаға түсті, – дейді Серік Әнуарұлы.

Қазір жаз ғой. Осы күндері Қадырсарайдың жанындағы амфитеатрда апта сайын ашық аспан астындағы концерттер өтіп жатыр. Облыстың әр ауданы өз өнерпаздарын алып келіп, амфитеатр сахнасына Қадыр шығармашылығына арналған концерттік бағдарлама өткізеді. «Ауыл – атамекен пернесі» атты бұл жоба жаз бойы жалғасады.

Қадыр Мырза Әлі тұлғасын халыққа жақын танытқан тағы бір шара – «Кітапқа бай үй» қойылымы болды. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, қаламгер журналист Мұнайдар Балмолданың бұл драмалық қойылымы ақын шығармашылығын өзек еткен. Қойылымның басты ерекшелігі – мұндағы әрбір кейіпкерді орталық қызметкерлері сомдап шықты.

Келер жылы Қадыр ақынның 90 жылдығы. Бұған ақын атындағы орталық дайындықты қазірден-ақ бастап кетті. Биылдың өзінде, яғни 24-26 қыркүйек күндері мұғалімдер және оқушылар арасында республикалық Қадыр оқулары байқауы өтеді.

Ал 2025 жылы «Қадыр Мырза Әлінің көркемдік әлемі: қазақ болмысы, ұлт руханияты» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция өтеді. Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Қадыр Мырза Әлінің қазынасы халқымызға мәңгі азық, рухани мұра болары сөзсіз.

 

Батыс Қазақстан облысы