Күлтегін тасының Астанаға әкелінуіне, бітік тасты зерделеуге жан-тәнімен атсалысты. «Көнетүрік жазбаларының генезисі», «Бірлескен Түрік қағанаты» атты еңбектері – қазақтың тарихи санасына жаңа леп әкелген, соны ізденіс шиырымен дараланған қомақты дүние. Жас ұрпақ өзінің кім екенін білгенде ғана рухымыз оянып, ақыл-ойымыз шідерден босайды. Кез келген өзін мәдениеттімін деп есептейтін адам бұл тарихты білуге тиіс, бағамдауы керек. Тарихтың арғы түбіріне назар салсақ, ол жерде жатжұрт емес, өркениеттің басында өзіміздің бабаларымыздың ізі жатыр. Осыны түсінгенде елдігіміз нығайып, қасиетіміз артады. Қаржаубай осы жұрттың алдаспан рухын, санасын оятуға бар ғұмырын арнаған ғалым. Өзі де әр сөзінде кішкентай ғана ізденістен басталған дүниені бүгінге дейін ұлғайтқанын, тереңдетіп, түркі тарихының түбіне дендегенін айтып жүрді. Моңғолия жеріндегі, шығыстағы, сосын Батыс және Орталық Қытайдан табылған көне түркі, яғни руна жазуымен түріктердің өз қолымен жазып қалдырған құжаттарын ақтарып-төңкеріп, тереңдете зерттеуде ерен еңбек етті. Сол қарқынмен 50 жылға жуық тер төгіп, осы салаға бар ғұмырын арнады. Орасан зор жұмысының нәтижесі ретінде «Орхон ескерткіштерінің толық атласы» атты 3 томдық қазыналы жұмысты келер ұрпаққа аманаттап кетті. Міне, бұл томдарға қарап отырып Қаржаубай Сартқожаұлын жоғарғы санатты ғалым, күллі түрік жұрағатына еңбегі сіңген, биік парызын өтеген азамат деуге негіз бар.
«Орхон ескерткіштерінің толық атласы» – шалқар далаға үш ғасыр билік жүргізген, өздерінің тарихын, дүниетанымын, даналығын, ой-санасын, болмысын, жазу өнері мен ел басқару жүйесін, ата дәстүрін өшпестей етіп тасқа қашап кеткен, өркениетке, адамзат мәдениетіне сарқылмас қазына қосқан байырғы түріктердің мұралары түгел қамтылған іргелі шығарма. Қаржаубайдың ұшан-теңіз еңбегін осы кітаптардан көруге болады. Бұл атлас байырғы түрік мәтіндерін қайта көшіріп, қайта оқыған, бұрынғы зерттеушілердің қателерін түзеткен, түпнұсқа мәтінінің жаңа транскрипциясы, жаңа аудармасы жасалған қомақты еңбек екенін болашақ ұрпақ ашып айта жатарына мен сенемін.
Қош, Қаржаубай! Тәңір сені панасына алсын!
Қойшығара Салғараұлы,
түріктанушы-ғалым