Заң • 30 Шілде, 2024

Жаңашылдығы көп заң

56 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

1 шілде күні Мемлекет басшысы қол қойған «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңда біраз ілкімді бастамаға басымдық берілген. Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл жаңа заң аясында мемлекеттік сатып алу жүйесінің қалай өзгеретінін айтты.

Жаңашылдығы көп заң

фото:kursiv.media

Вице-министрдің айтуын­ша, жаңа редакциядағы құжатта, бірін­ші­ден сатып алынатын тауарларға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, ақпараттық деректерді пайдалана отырып, өнім берушінің жұмысын бағалау көзделген. Яғни сатып алуға қатысушылардың білік­тілігін арттыру және өнім берушіні таңдаудың бағалық емес өлшем шарттарын дамыту үшін әлеуетті өнім берушілердің тізімі енгізіледі.

Сатып алынатын тауарлар мен қыз­меттердің сапасын арттыру үшін веб-порталда әрбір жеткізушінің рейтингі жасалады. Ол ұпай беру арқылы құрылады. Әр жинақталған ұпай тапсырыс берушінің жеткізушіні таңдауға көмектесетіні анық. Критерийлерге жұмыс тәжірибесі мен несие тарихы, салық берешегінің болмауы, сондай-ақ қаржылық тұрақтылық кіреді.

«Заңның негізгі бөлігі сатып алы­натын тауарлар, жұмыс­тар мен көрсетілетін қызмет­тер­­дің сапасын арттыру, сатып алу үдерісінің мерзімін оңтай­лан­ды­ру және қысқарту, рәсім­дерді одан әрі автоматтандыру және бағалық емес өлшем шарттарды дамыту, мемлекеттік сатып алуға қа­тысу­шылардың жауап­кер­ші­лігін күшейту, сатып алу бойынша бірыңғай платформа құру болып саналады», дейді Дәурен Кеңбейіл.

Осының негізінде құрылған веб-портал жеңімпазды автоматты түрде анықтайды. Бұл – адам факторы мен кез келген сыбайлас жемқорлық схемаларын жоя­ды. Рас, бұрын мемлекеттік сатып алу аясында құжаттарды рәсімдеу уақыты тым ұзаққа созылатын. Тіпті бірнеше айға дейін жалғасып, ақыр соңы жұмыс сапасына кедергі келтіретін. Бір ғана мысал, жыл басында жол құрылысына тендер жарияланса, бұл жұмыстар созыла келе мердігер күз айларында белгілі болып жатады. Ал ол жұмысын бас­таймын дегенше, күздің салқыны түсіп кетеді. Салдарынан қар жауатын мезгілде жол төсеп жүрген компаниялар бар. Жаңа редак­ция­да сатып алу рәсімі бір айға қыс­қартылды. Сонымен қатар заңда шағымданудың жаңа тетігі, қо­ғамдық мониторинг институты, сондай-ақ «тұрақты мемлекеттік сатып алу» элементтері енгізілген.

«Мемлекеттік сатып алу сала­сын­дағы проблемалардың бірі – рәсімдердің ұзаққа созылуы. Қол­даныстағы заңда мерзімдерді рег­ламенттейтін тікелей норма­лар­дың болуы, оларды қағидалар деңгейінде көздеуге мүмкіндік бермейді. Бүгінде конкурсты өткізу мерзімі шамамен екі айды құрайды. Осыған орай заңды жүзеге асыру шеңберінде рәсімдер қайта қаралып, конкурсты өткізу мерзімі қысқартылады», дейді вице-министр.

Бір көзден алу тәсілінің шекті мерзімі белгіленген. Тауарларға 100 АЕК (369 200 теңге), жұмыстар мен қызметтерге 500 АЕК
(1 846 000 теңге), ал ауыл әкімдіктері үшін тауарлар, жұмыстар мен қызметтерге 4 000 АЕК-ке дейін
(15 млн теңгеге жуық) бір көзден сатып алуға рұқсат беріледі. Сондай-ақ төтенше жағдайлардың алдын алуға қажетті тауарларды, жұ­мыс­тар мен көрсетілетін қыз­мет­тер­ді (әзірге тек төтенше жағдай салдарын жою үшін) бір көз­ден сатып алу мүмкіндігі бекі­тіл­ді.

Мемлекет басшысының тап­сыр­­масымен аталған заңда «то­лық да­йын түрінде берілетін» құры­лысты жобалаудан бастап, пайдалануға берем дегенше бір жеңімпаздың ғана жұмыс істеуі, екіншіден, отандық өндірушілерді қолдауға арналған офтейк-келісім­шарт­тар институтын енгізу және өнім берушілердің жауап­кер­шілігін күшейту көзделіп отыр.

Қабылданған құжатта бұрын сыбай­ластыққа қатысы бар өнім беру­шінің мемлекеттік сатып алу­лар­ға қатысуына тыйым салын­ған. Қызметкерлерінің жала­қысы бойынша берешегі бар тұлға­лар да бұған жіберілмейді. Заңда көрсетілгендей, тапсырыс беруші жеткізушінің материалдық және еңбек ресурстары болуын талап ете алады. Тағы бір өзгеріс – жеңімпаз жұмыстарды орындау кезінде қосалық мердігерлерге (бірлесіп орындаушылар) беретін жұ­мыстар мен қызметтердің шек­тік көлемі 50%-дан 30%-ға дейін қысқартылды.

«Бұл – мемлекеттік сатып алу көлемін біркелкі және әділ бөлу­ге, сондай-ақ жекелеген ірі ком­­паниялардың монополиялық жағ­дайын болдырмауға ықпалын ти­гізеді», дейді вице-министр.

Заңда бұдан басқа да көптеген түзету бар. Басым өзгерістер отандық тауарды қолдауға, адал кәсіп­кердің құқықтарын қорғауға, нақты және сапалы нәтижеге бағытталған. Ол үшін шағын және орта бизнес субьектілері жүзеге асыратын жұмыс пен қызмет, та­уар мен сатып алу тізбесі енгізіледі. Оны Қаржы министрлігі бекітеді.