«Мен келем тау ішінде
түнделетіп,
Аймақты күңірентіп, өлеңдетіп.
Астымда ақ боз атым
сылаң қағып,
Жалтақтап құлақтарын
елеңдетіп»,
деп басталатын Сәкеннің «Тау ішінде» әні ойға оралады. Айырмашылығы сол, экспедицияға шыққан тілшілер қауымы ақ боз атты темір тұлпарға алмастырған.
Әудем жердегі биік жартастарға сәт сайын жақындап келеміз. Ал өркеш-өркеш жоталар жасыл құрақты жамылып қалың ұйқыда жатқандай кейіп танытады. Сыңғырлаған бұлақтар бізге беймәлім тілде ән салып тұрғандай күй кешесің. Ал балғын ауа бойыңды балқыта түседі. Құмарлана жұтқан сайын мейірің қанатындай.
Жыландай ирелеңдеген жолдың бір бөлігі артта қалды. «Бүркітсай» көз ұшынан алыстап барады. Келесі бір ойпат жерге жеттік. Әнебір өзеннің тұсындағы қазақ үйлерден қазақы қоңыр тіршіліктің лебі еседі. Түтіні бұлтқа қарай жөңкілген сақ моншасы тұр. Мұнда мерейлі Меркінің туризмін тіктеймін деп ниет еткен Дулат Маратұлы қоныстаныпты. Төрт түлігін өргізіп отыр.
Меркі ауданы әкімдігі ұйымдастырған экспедицияға келген әріптестер Дулаттың тұщымды әңгімелеріне қанықты. Жігіттер «Бүркіт ұя» сайының атауы немен астасып жатқанын білгісі келді. Әңгіме-дүкен құрудан Дулат жалықсын ба? Тәптіштеп тұрып айтып берді. Д.Маратұлы келтірген дерекке сенсек, осы маңдағы биік жартастарға қырандар ұя салған. Сол ұядан қанат қаққан «Алатау» атты бүркіттің балапаны бұл күнде Дүниежүзілік көшпелілер ойынында топ жарып, бірнеше рет жүлдеге ілініпті. Құстың төресі жиі ұя салған соң жергілікті жұрт бұл маңды «Бүркіт ұя» деп атаған екен. Табиғат аясында аз кем тыныстаған тілшілер сапары әрмен қарай жалғасты.
«Бүркіт ұяның» табиғаты да көздің жауын алады. Осы маңдағы шатқалдан оңтүстікке көз жүгіртсең, Алатаудың көк тіреген шыңдарын көресің. Тарихи жерді халық ауызекі тілде «Ледник» деп атап кеткен. Бауырын жыл он екі ай мұздық басып жататын өлкені жергілікті жұрт «мәңгі мұздықтар мекені» деп біледі.
Меркі өзені осы мұздықтардан бастау алады. Тілшілер де Алатаудың ақ бас шыңына айналған мұздықтарды көруге асығып отыр. Сол арқылы Алатаудың бөктерінде орналасқан Меркі ауданының тылсымға толы, тарихи жәдігерге бай табиғатын көзбен көргісі, түйсікпен сезінгісі келеді.
Ел ішінде «тамыз айында қары құрттайды» деп айтылатын мұздықтарға жету – оңай іс емес. Жолдың мехнаты ауыр. Жолдың белгілі бір бөлігі артта қалғанымен, қалған төрт шақырымды жаяу жүріп өту керек. Тәуекел етпей іс бітсін бе? Атмосфералық қысым өзгергеніне қарамастан, журналистер қалған жолды жаяу жүріп, артта қалдырды.
Мұндағы табиғаттың сұлулығын сөзбен суреттеу мүмкін емес секілді. Көздің жауын алатын пейзаж тұңғиығына тарта түседі. Ал тамыз айы келгенде қардың құрттауы табиғаттың тылсымы емей немене? Біз солай топшыладық. Бәлкім ақылы асқан ғалымдар бір байлам жасар. Уақыты келгенде толығырақ түсіндірер.
Мұндағы аспантектес шыңдардың ортасы жазық келгенімен, маңайын сірескен мұз басып тұр. Ал екі шатқалдың ортасындағы кимешек киген кейуананың келбеті ойыңды сан-саққа жүгіртеді. Құдайдың құдіреті демей көр мұны. Мұз құрсауындағы табиғат тамашасының кірпік қақпай тұрған күзетшісі ме дерсің.
Әрлі-берлі жүргенде өзен-бұлақтардың дауысы мен тау ауасынан сан түрлі дыбысты құлағың шалады. Тылсымға толы табиғаттың тамашасы таңдай қақтырады. Мұздықтардың маңына барғанда адам жаны беймәлім бір ғажап күй кешеді.
Меркіні жұрт неге «жердің көркі» дейтінін осындайда түсінесің. Экологиялық туризмді дамытуға арналған өлкенің тап өзі. Экстремалды туризмді өркендетуге де сұранып тұрған секілді. Дерекке сенсек, мұнда кісі табаны тимеген ондаған шың бар көрінеді.
Жергілікті биліктің қарап жатуға уақыты жоқ. Тәңір тарту еткен тамаша аймақта түрлі іс-шаралар өткізіп, туристік орталыққа айналдыруға қамданып отырған сыңайлы.
Аудан әкімі Жорабек Баубековтің айтуынша, Меркі жерінде этнографиялық, экологиялық және экстремалды туризмді өркендету бойынша жұмыстар қолға алынып жатыр екен. Мұндағы шатқалдарының етегінен бастап, сонау тау төбесіндегі жайлауларға дейін орналасқан киіз үйлер мен демалыс орындарын, этноауылдарды көріп, бірінші бағыт бойынша жұмыс жолға қойылғанын бағамдау қиын емес. Жорабек Нұрмергенұлы демалыс күндері таулы аймақтағы демалыс орындарына 2 500-3 000 аралығында демалушылар көтерілетінін айтып отыр.
Мұнда экологиялық туризмді дамыту мақсатында өлкенің табиғи келбетін сақтау, адами факторларға жол бермеу жұмыстары назарға алынған. Аудан әкімінің сөзіне сүйенсек, таулы аймақтағы орман шаруашылығына қарасты 103 мың гектар алқаптан Ұлттық саябақ ашу жұмыстары басталып кеткен, қазір құжатын рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Ұлттық парк тыныштық аймағы, шаруашылық аймағы және туристік аймақ сынды 3 бөліктен құралады. 32 мың гектарды құрайтын тыныштық аймағында қар барысы, арқар, ұлар сынды Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген және тағы басқа да сирек кездесетін аң-құстардың көбеюіне жағдай қарастырылмақ. Шаруашылық аймағына жаз айларында төрт түлігін құмда қыстатқан малшы қауым көтерілетін болса, туристік аймақта этностильде демалыс орындарын, бизнес нысандарын құруға ниет білдірген инвесторлар мен кәсіпкерлерге қолдау көрсетілмек.
Аудан басшысының айтуынша, өткен жылы Меркіде үш күндік республикалық альпинистер фестивалі өткізіліпті. Еліміздің әр қиырынан келген альпинистер мәңгі мұздықтардағы биіктігі 3 мың метрден асатын 4 шыңды жаңадан бағындырып, оларға жаңа атау берген.
Бұл аудан басшылығының Меркідегі экстремалды туризмді дамыту мақсатында қолға алған іс-шаралардың бастамасы екен. Былтыр басталған фестиваль дәстүрлі түрде биыл да жалғасын табады. Аудан әкімінің айтуынша, Меркінің мәңгі мұздықтарында әлі бағындырылмаған биіктігі 3 мың метрден асып, 4 мың метрге барып жығылатын 20 шың бар. Осы шыңдарды бағындыру мақсатында альпинистер фестивалі тұрақты түрде ұйымдастырылмақ.
Меркі десе, Қарақыстақ үстіртіндегі Көккөл туралы сөз қозғамау мүмкін емес. Экспедицияның соңғы күнінде тілшілер құпиясы көп көлге барды. Орталықтан көлге дейінге аралық 150 шақырымды құрайды. Оған баратын бірнеше бағыт болғанымен, ұйымдастырушылар Ойранды арқылы көтерілгенді жөн деп тауыпты.
Әулиекөл жайында ондаған мақала жазылған. Әйткенмен Көккөлдің құпиясы әлі күнге ашылған жоқ. Білетіндер көлдің зүмірет суы түпсіз тереңде деседі. Меркіліктердің айтуынша, мұнда беймәлім бір мақұлықтың мекендейтіні туралы әпсана тараған. Тіпті үстінен ұшқан құс та, жағасына жақындаған аң да, су ішуге барған малдың да ғайыптан жоғалып кететіні туралы аңыз жеткілікті.
Бір қызығы, мұнда Әулиекөлмен қатар, «Тамырлы көл», «Сары көл», «Бұзылған көл», «Астау көл» деген тағы да төрт көл жатыр. Олардың да суы бірқалыпты, деңгейі өзгермейді. Бұл көлдер туралы ел ішінде айтылатын мың түрлі әңгіме бар демесек, ғылыми тұрғыда зерттелген деп толық айта алмаймыз.
Ол аз десеңіз, Қарақыстақтағы VІІ-VІІІ ғасырларға тұспа-тұс келетін мешіт пен медресенің орындары, Қарақыстақтағы Қошқартас, Қалмақия, Үлкен Әулие шоқы, Кіші Әулие шоқы, Сандық жайлауларындағы балбал тастар, көне түркілер сыйынған қасқырдың басы бейнесіндегі дүние жүзінің картасы сынды көптеген тарихи жәдігерді Меркі тауларынан көптеп кездестіресіз.
Мұнартқан Меркінің шатқалдары сәт сайын алыстап барады. Қарай-қарай көз тойған, көңіл тояттаған сұлулыққа деген іште бір қимас сезім бар. Қыр-шыңы тылсымға толы Меркі тауларын артқа тастап, көрші елге де өтуге болады. Онда да тарихтан сыр шертетін құндылықтар жеткілікті. Кім білсін, бір күні Қырғыз Алатауына да табанымыз тиетін шығар...
Жамбыл облысы,
Меркі ауданы