Шартараптың спортшылары бас қосқан бұл спорттық жарыстың мақсаты – саламатты өмір салтын насихаттап, суда жүзушілердің кәсіби деңгейін арттыру, сондай-ақ су спортын дамыту. Үшінші жыл өткізіліп отырған жарысқа қатысушыларды қарсы алған Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев «Oceanman» тек спорт мерекесі ғана емес, өңірдің туристік тартымдылығын көрсету мүмкіндігіне ие екенін атап өтті.
«Спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Облыстың жарты миллионға жуық тұрғынының 39,5 пайызы спортпен айналысады. Бүгін осы іс-шараға куә болу үшін 3 мыңнан аса адам жиналды. Дәл осындай ауқымды оқиғалар жоғары дәрежелі спортшыларды тәрбиелейді, сондай-ақ облыста да, елде де спорт пен туризмді дамыту үшін қосымша серпін береді», деді өңір басшысы.
Италиядан бастау алып, Қазақстанға жеткен «Oceanman» құрлықтарды біріктіреді. Бұл – 2015 жылы Италия мен Испанияда басталған халықаралық франчайзинг. Бүгінде жарыс бүкіл әлемде өтеді, кәсіпқой, әуесқой жүзушілерді жинайды. Ұйымдастырушылар қатысушылардың деңгейіне қарай әртүрлі қашықтықты қарастырған. Жаңадан бастаушылар үшін 1 шақырым болса, тәжірибелі спортшылар үшін – 10 шақырым.
«Oceanman Kazakhstan» тіркелген қатысушылар саны бойынша кейінгі үш жылдағы рекордты орнатты», деді бас ұйымдастырушы, «Oceanman Kazakhstan» франшизасының иегері Ералы Оралов.
Биыл жүзуге Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Еуропа, Азия және Аустралияны қоса алғанда, әлемнің 17 елінен 2 600-ден аса жүзуші қатысты. Қатысушылардың жасы 7-ден 70 жасқа дейінгі аралықты қамтыды.
«Суда жүзу жарысында кәсіпқой жүзушілер 5 пен 10 шақырымдық жарыс жолына шықса, жүзуді жаңа бастағандар 1 және 1,5 шақырымда өзара бақ сынасты. Ал балалар болса 800 метр қашықтықта сынға түсті. Суда жүзуге қызығушылар қатары жылдан-жылға өсіп келеді. Жарыстың жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан облыс әкімдігі мен қолдау білдірген демеушілерге алғысымыз зор. Жарыс жолында жүзден жүйрік шыққан жеңімпаздар мен жүлдегерлер күзде Дубайда өтетін әлем біріншілігіне жолдама алды», дейді «Oceanman» франшизасының иесі Фермин Эгидо.
Айта кетерлігі, халықаралық суда жүзу жарысының өз мәресіне жеткенге дейін қатысушылардың қауіпсіздігіне баса назар аударылды. Осы мақсатта 24 жүзу құралы, 6 төтенше жағдай қайығы мен құтқарушылар қызмет сапында тұрды.
Алматы облысы