26 Сәуір, 2015

Батыс Қазақстанда сайлаушылардың 96,5 пайызы дауыс берді

351 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
сайлау Сариев — копияОРАЛ. 26 сәуір. Батыс Қазақстан облысында Президент сайлауы күнінің екінші жартысында электоралдық белсенділік деңгейі артқаны байқалды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Айталық, мұнда сағат 14:00-де дауыс беру тізіміне тіркелген 404 465 сайлаушының 67,13 пайызы дауыс берген. Бұл пайыздық көрсеткіш сағат 16:00 мен 18:00-де тиісінше 79,01 және 90,16-ны құрады. Ал кешкі сағат 20:00-де, яғни, батысқазақстандық сайлаушылардың дауыс беру үдерістері қорытындыланар кезде аталған көрсеткіш 96,51 пайызға жетті. Дауыс беру кезінде оған отандық және шетелдік байқаушылардың қалың тобы қатысты. Олардың елеулі бөлігін қазақстандық азаматтық альянс өкілдері құрайды. Солардың бірі – «Абырой» қоғамдық бірлестігі жанындағы президенттік сайлауды бақылау жөніндегі штабтың үйлестірушісі Асқар Шайғұмаров байқаушылардың қызметі жөнінде: «Президент сайлауы күні біздің тәуелсіз бақылаушылар тобы Орал қаласындағы 16 учаскеде өз қызметтерін атқарды. Сондай-ақ, ондаған еріктілер сайлау үдерістерін бақылауға мүмкіндік алды. Бұл, әрине, онша көп адам емес. Әйтсе де, мұның өзі азаматтық альянс өкілдерінің басты электоралдық науқанға бейжай қарай алмайтынын көрсетеді. Мұндай азаматтық үнқату олардың белсенді ұстаным жолдарына бел шеше кірісе бастағанын көрсетеді. Мұндағы мақсат – біреу ғана. Бұл сайлау комиссияларынан әділдік пен тазалықты және заңдардың сақталуын талап ету», – деді. Түйіп айтқанда, еліміздің батыстағы қақпасы Орал өңірінде ел ертеңін айқындайтын елеулі күн – Президент сайлауы жоғары азаматтық белсенділік пен өршіл көңіл-күй және жарқын да шат-шадыман мереке жағдайында өтті. Бұған келтірер мысалдар да жеткілікті. Мәселен, дәл бүгін отбасын құрған жас жұбайлардың дауыс беру үшін қол ұстасып, өз таңдауларын жасау үшін сайлау учаскесіне бірге келуі қандай жарасымды. Орал қаласындағы №10 орта мектептің жанында орналасқан №428 сайлау учаскесінде дәл осындай көрініске куә болдық. Олар 26 сәуір күні неке куәліктеріне ие болып ерлі-зайыпты атанған Азамат және Әсел есімді жас жұбайлар. Темір Құсайын. Дерек, сурет: egemen.kz.