Академистердің 2023-2024 оқу жылындағы жетістіктерін еске ала отырып, академияның екінші құрамының барлық концерті зор табыспен өткенін айта кетуіміз керек. Жас солистер К.Байсейітова атындағы камералық зал сахнасында өнер көрсетіп, әсіресе көрерменге ерекше әсер сыйлаған «Браво, Опера!» концертін ұсынды. Сондай-ақ классикалық музыканы ұнататын жандар XI театр маусымы бойы «Астана Опера» репертуарында ұсынылған опералық спектакльдерде тыңдаушыларды тамсандырды.
Академия тыңдаушыларының білім алу барысы қарқынды және түрлі форматта өткен. Мәселен, көкшетаулық баритон Бекұлан Ерболатұлы мен астаналық тенор Нұрсұлтан Әнуарбек әлемге әйгілі альтшы әрі дирижер Юрий Башмет әртістік директоры болып табылатын XVII Қысқы өнер фестивалі аясында Сочиге оқуға шақырылды. Солистер үздік ұстаздар мен музыка қайраткерлерінің шеберлік сабақтары мен дәрістеріне қатысып, қорытынды концертте өнер көрсетті.
Әлемге әйдік италиялық коуч-пианист әрі дирижер Алессандро Бениньи мен Озимо қаласындағы Вокал академиясының профессоры Алла Симонишвилидің шеберлік сабақтары жылдың ең айтулы оқиғаларының біріне айналды. Маэстролар жас әншілерді Г.Доницеттидің «Қоңырау немесе дәріханашының неке түні» операсының премьерасына, сондай-ақ осы композитордың «Махаббат сусыны», П.Чайковскийдің «Иоланта» қойылымдарына дайындады. Отандық ұстаздар, дирижерлер мен концертмейстерлер де жас әртістердің қалыптасуы жолында қажырлы жұмыс атқарған. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жұпар Ғабдуллина мен Азамат Жылтыркөзов күн сайын олардың вокалдық шеберліктері мен сахналық өнерлерін ұштап отырды.
Академия тыңдаушыларының жеткен жетістіктері зор. Атап айтсақ, Фируза Рахметова Нұржамал Үсенбаеваның бірінші халықаралық вокалдық өнер байқауында екінші орын иеленіп, жүлдегер атанды. Оның әріптесі Лейла Аламанова Әзербайжан астанасы Бакуде өткен Бюльбюль атындағы IX халықаралық вокалистер байқауында екінші орынға қол жеткізді. Нематилло Зкруллаев Грузия астанасы Тбилисиде өткен Отар Тактакишвили атындағы үшінші халықаралық «Rondo-Klasika» байқауында екінші орын иегері атанды. Өнер жолындағы бұл жетістіктер академияның жас вокалистері жеткен жоғары шеберлік деңгейін көрсететіні анық.
«Бұл жыл мен үшін шынымен ұмытылмастай болды. Үздік ұстаздардан білім алып, театрдың беделді сахналарында өнер көрсетуге бірегей мүмкіндік алдым. Академия жаңа білім беріп, дағдыны қалыптастырды, сондай-ақ өз күшімізге деген сенімділікті оятты», дейді сопрано Фируза Рахметова.
Ал хорватиялық баритон Юрица Юрасич Капун мен Ресейден келген сопрано Анастасия Ремескова аталған жоба опера өнерін тереңірек түсінуге жол ашқанын атап өтті.
«Академиядағы оқу бізге опера өнерін түсіну тұрғысынан жаңа белестерді ашты. Әрбір шеберлік сыныптары, әрбір дайындық жаңа, құнды тәжірибе ала келді. Жас дарындарды дамытуда академия маңызды рөл атқарады және де біз осынау үрдістің бөлшегі болғанымызға қуаныштымыз», деді Анастасия Ремескова.
«Astana Opera» халықаралық опера академиясының атқарушы директоры Айсұлу Тәни түлектерге өз бағасын беріп, олардың бір жыл бойы жоғары шеберлік пен әртістік деңгейлерін паш еткендерін, олар бұған оқу барысында қол жеткізгенін атап өтті.
«Мен олардың жетістіктерін мақтан етемін және солистер опера әлемінде өз мансаптарын ойдағыдай жалғастыратынына сенімдімін. Біз осы күзде академистердің жаңа құрамын асыға күтеміз және олар да сондай қуаныш пен шабыт әкеледі деген үміттеміз. Түлектерімізге сәттілік пен жаңа шығармашылық жеңістер тілеймін», деді Айсұлу Тәни.
Иә, аталған академияның екінші шығарылымы алғашқы құрам түлектерінен еш кем емес, талантты әрі зерек болған.
Еске салсақ, «Astana Opera» халықаралық опера академиясы 2019 жылы ашылды. 2023-2024 оқу жылында мұнда елімізден және шетелдерден жас орындаушылар біліктіліктерін арттырды. Екі курстың да түлектері мамандықты сәтті бастап, елімізде сәтті жұмыс істеп жатыр. Тіпті шетелде де сұранысқа ие.