Өңірде халыққа сапалы медициналық көмек көрсету үшін жыл сайын ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Мәселен, былтыр да дәл осындай 29 жедел жәрдем көлігі мекемелерге берілген еді. Алғашқы медициналық көмектің сапасын арттыруға қолдау көрсету жұмысы жүйелі атқарылады. Өйткені халықтың денсаулығын сақтау, медициналық қызметті дер кезінде көрсетуге жағдай жасау, оның қолжетімділігі мен сапасын арттыру – басты міндеттің бірі. Облыс басшысы ақ желеңді абзал жандардың жұмысына сәттілік тілеп, көлік кілтін табыс етті.
«Денсаулық сақтау министрлігі, «Kazakhmys Holding» компаниясы және облыстық әкімдік өзара үш жақты меморандумға қол қойып, облыс орталығында жаңа заманауи онкологиялық орталық салуға келісім жасадық. Бұл іс халық игілігіне арналады. Біз шалғай ауылдарға дәрігерлік қызметке келген әрбір маманға 10 млн теңге, қалалық жерге келгендерге 5 млн теңгеден бір реттік көтермеақы береміз. Алакөл, Сарқан аудандары мен Талдықорған қаласына келген 5 маман көтермеақы алып, аудан, қала халқына қызмет етіп жүр. Облыста медициналық қызмет көрсету сапасын одан әрі жақсарту үшін 67 жедел жәрдем бригадасы жасақталғанын ерекше атап өткеніміз жөн. Олардың уақтылы келуін қамтамасыз ету үшін шалғай аудандарда қосымша орналастырулар құрылды. Жаңа аппараттар науқастардың келу уақытын қысқартады. Бұл дегеніміз науқасқа дер кезінде көмек көрсетуді білдіреді», деді Б.Исабаев.
Биыл түрлі заманауи медициналық жабдық алуға жергілікті бюджеттен 4 млрд теңге қарастырылған. Халық игілігі үшін облыс аумағында 94 медициналық нысан іске қосылады деген жоспар да жоқ емес. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы шеңберінде 59 нысан берілсе, алғашқы медициналық-санитарлық көмек желісін кеңейту үшін ауылдық жерлерде 27 блокті-модульді нысан тұрғызылмақ.
«Олар қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған және жеделдіктің 4-санатындағы шақыруларға қызмет көрсетуге арналған. Сондай-ақ медицина қызметкерлеріне қолдау көрсету, қызметтік баспанамен қамтамасыз ету және қолайлы еңбек жағдайын жасау мәселесі де шетінен шешіліп келеді. Осы қабылданған шаралардың барлығы халыққа медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Материалдық базаны нығайту науқастарға сапалы әрі мерзімді медициналық қызмет көрсетуді одан әрі жақсартып, сіздердің өз міндеттеріңізге деген жауапкершілікті арттыра түседі деп сенемін. Автокөліктеріңіз құтты болсын», деді облыс басшысы.
Одан кейін Кербұлақ аудандық ауруханасының бас дәрігері Қанатбек Әбдірахманов аудан халқының денсаулығы мен тұрмысын, әл-ауқатын жақсарту мақсатында атқарылған шаралар үшін аудан жұртшылығының атынан ризашылығын білдірді.
Жаңа автокөліктер Ақсу, Алакөл, Ескелді, Кербұлақ, Көксу, Панфилов, Сарқан, Қаратал аудандық орталық ауруханаларына, соның ішінде ауылдық медициналық мекемелерге, Талдықорған қалалық емханасына, Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасына, облыстық көпсалалы клиника мен облыстық фтизиопульмонологиялық орталыққа берілді.
Айта кетейік, облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 2022 жылдан бері өңірде 40-тан аса нысан салынған. Биыл денсаулық сақтау саласына бөлінген қаражат көлемі өткен жылмен салыстырғанда ұлғайып, 92,3 млрд теңгеге жетіп отыр. Соған сәйкес жаңа медициналық нысандар салынып, мекемелердің материалдық-техникалық базасы нығайтылмақ.
«Медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін кейінгі екі жылда жергілікті бюджеттен 5 млрд теңге бөлінді. Соның нәтижесінде медициналық ұйымдардың заманауи құралдармен жабдықталу деңгейі 93 пайызға жетті. Мұның бәрі өз кезегінде жергілікті жерлерде дұрыс диагностикалау мен сапалы емдеуге, сырқаттың алдын алуға оң ықпалын тигізеді», дейді басқарма мамандары.
Былтыр 3,1 млрд теңгеге 300 бірлік медициналық техника мен 29 бірлік санитарлық автокөлік сатып алынған, биыл да осы мақсатқа 4,7 млрд теңге қарастырылып отыр.
Жетісу облысы