Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»
Ол дүниеге келгенде Семей облысы Абыралы ауданы Қайнар орта мектебінің 10-сыныбында оқитынмын. Соғыс енді аяқталған уақыт. Әр отбасы боздақтарынан айырылып, қайғы жұтып отырған кез. Солтүстік Корея мен Америка арасында соғыс жүріп жатты. Кеше ғана әке-ағадан айырылған бізге де тықыр таяды-ау деп қауіптендік. Өйткені кеңес өкіметі Солтүстік Корея соғысына көбінесе қазақ пен қырғыз жастарын аттандырды. Міне, сол себепті соғыстың тоқтауын күнде Алладан тілеуші едік. 1953 жылы 28 шілдеде радиодан атақты диктор Левитан соғыстың тоқтағанын хабарлады. Дәл сол күні отбасымызда сәби дүниеге келіп, мәре-сәре болдық. Мен жүгіріп барып, Әлиман әжем мен Әлнәсір ағайдан сүйінші сұрадым. Біріншісі – соғыстың тоқтағанына, екіншісі – нәрестенің дүниеге келуіне. Сүйіншіме сәбидің атын Мейрамбек деп қоюға рұқсат сұрадым. Екеуі бірден келісті.
Мейрамбек үйге мейрам әкелсе де, елде үлкен қуаныш бола қойған жоқ. Оның туғанына 10 күн болғанда өлкемізде сутегі бомбасы сыналып, бірер күнде Абыралы ауданы орталығы – Қайнар халқын Арқалық-Тайлақ деген жерге көшірді. Жылап-сықтаған жұртпен бірге нәресте Мейрашым да көшті. Сол сынақтың әсерін білу үшін 42 адамды ажал оғына қалдырды. Тағдырдың жазуы шығар, соның салдарынан Мейрам ініміз 4 жасынан түсініксіздеу ауруға ұшырады. Оқуын оқи жүріп жаз айында Семей ауруханасынан шықпады. Жеңгесі Кенжеш Секенқызы (марқұм жұбайым) жұмыстан кейін ауруханаға Мейрашқа күнде барып тұрды. Кешікпей бұл ауру басқа науқасқа ұласты.
Бала Мейрамбек науқаспен күресіп, қайрат танытты. Ерекше жігерлі, өмір сүруге құштар қалпында мектепті үздік бітірді. Қуанышымыз қойнымызға сыймай қуандық. Мейраш маған және анасы Нәзипа жеңгеме (Әлнәсір аға бақиға озған): «Қарағанды политехника институтының көлік-жол факультетіне түскім келеді», деді. Мен демалыс алып, Қайнардан Қарқаралы арқылы жолға шықтық. Жол-жөнекей «Құнанбай» мешітіне тәу етіп, қайнарлық Бейсен деген азаматтың үйіне қондық. Кейіннен Мейрашқа «Құнанбай атаңның аруағы қолдады» деуші едім. Қарағандыда мектептес досым Жөкебаев Бахтиярдың үйіне түстік.
Өзінің жігері мен табандылығы, ғажап қабілеті, білімі арқылы ешкімнің көмегінсіз қалаған институтына түсіп, жақсы аяқтап шықты. Сол жылы тағы да Дегелең сынағының әсері болар, денесі қатты да қалды. Дипломды алысымен маған хабарласты. Мен: «Тез Алматыға жет!» дедім. Ол кезде Қаржы министрлігіне қызметке ауысқан едім.
Мейраш Семейдің әуежайынан билет алып, ұшпақшы болады. Сол күні қалың қар жауыпты. «Жығылғанға – жұдырық» дегендей, ұшақ ұшпай, әуежайдың залында түнейді. Мәдениеттілігі сонша, скамейкаға аяғындағы жаңа қысқы етігін шешіп жатыпты. Оянғанда әлгі етігі жоқ, ұрылар орнына тәпішке тастап кетіпті. Ұшаққа дейін сонымен барып, ауруын асқындырып алады. Келісімен Туберкулез институтына тексеруге апардым. Басшысы аягөздік профессор, күллі қазаққа сыйлы дәрігер Айкен Терлікбаев бірнеше тексеру қорытындысынан кейін «науқастың өмірін сақтап қалу мүмкіндігі жоқ» деген шешім айтады. Мұны Мейраш кездейсоқ естіп қойыпты. Ол маған: «Аға, босқа әуре болмаңыз. Менің өмірден үмітім жоқ. Тағдырдың жазуы болар. Сізге рахмет. Сөз байласқан қалыңдығым Заряның обалына қалмайын деп, хат та жазып жібердім», деді. Мен: «Мейраш, сен уайымға берілмейтін азамат едің ғой. Дәрігерлер темірден шыққан шимай жазу бойынша айтып отыр. Мен олардың шатпырақтарына сенбеймін. Өкпе ауруы емделеді. Сен ерте уайымдап отырсың. Саспа, күйінбе, бұрын қандай сабырлы болсаң, сондай сабырлы күйіңде жүре бер. Жазыласың. Үйленесің. Кенжеш жеңгең екеуміз тойыңды жасаймыз. Күш-қуатың бойыңда. Уайымды қуып жібер!» дедім. Ол: «Аға, рахмет. Мені жұбатуыңыз ғой. Ана профессор «сауығу жолы жоқ» дегенді тұспалдады», деді. Мен бас дәрігерге қайта барып, Бурабайға санаторийге жіберу туралы кеңестім. «Онда үміт бар ма?» дедім. Дәрігер: «Әзірше болған емес. Бірақ ол жер екі айдан артық емдемейді. Сіз 5-6 айға алсаңыз, мүмкін үміт болар» дегенде, мен қатты қуандым.
Бас дәрігер үміт отын жаққандай болды. Мейрашым жазылып кеткендей қуанышпен үйге келе: «Мейраш, сүйінші. Сен жазыласың!» дедім. Бұл – інім үшін де, өзім үшін де жігерлендіру еді. Мейраш сенерін де, сенбесін де білмей, үн-түн жоқ отыра қалды. Мен: «Мен Көкшетау облысы қаржы басқармасы бастығының орынбасарымен сөйлесіп, сені Бурабай санаторийіне 6 айға жіберсем, соған шыдайсың ба?» дедім. Мейраш: «Аға, аман қалатын үміт болса, бір жылға жіберсеңіз де шыдаймын. Жазылуым мүмкін бе?» деп күлімсіреді.
Көкшетаудың қаржы басқармасы бастығының орынбасары жасы 50-ден асқан Қайыржан Сәбитов деген өткір, білімді, өжет азамат еді. Менің өтінішіме түсіністікпен қарап: «Болат, баланы тез ұшаққа отырғызып жібер. Қарсы алып, өзім апарып орналастырамын. Өте жақсы ем жасатамын» деп қуантты. Мен Мейрашымды уайымнан құтқардым. Айтқанындай, бірінші Алланың, екінші Қайыржан ағаның арқасында Мейрашым құлан таза жазылды. Институт директоры, білгір дәрігер А.Терлікбаев кейін Мейрамбекті тексеруден өткізіп, үлкен қуанышқа бөледі. Ол: «Ғажап! Мынадай жағдай болған емес. Бурабайға ұзақ мерзімге жіберсе, ауруды жеңуге болады екен» деп, шынайы қуанды. Маған: «Тағы бір 3 айға жібересіз бе?» деді. Тағы да Қайыржан ағаның көмегімен 3 ай емделіп келді. Міне, осылайша Мейраш бір ажалдан қайырымды ағалардың арқасында аман қалған еді. Бұл әрі қарай өмірлік қуанышқа жалғасты.
Қалыңдығы Заряға құда түсуге бас құда ретінде нағашым Нұрғали Файзуллинді, аса құрметті ағамыз Қабыкен Құсайыновты алып барып, мың жылдық дәстүрді жалғастырдық.
Біртіндеп тіршілік ісіне көштік. Мейрашта әскери бөлімшеге қызметке жіберген жолдама бар екен. Мен: «Інім, енді сен әскери бөлімшеге өтініш жаз. Тубдиспансердің анықтамасын қоса жолда. Ауруға байланысты жұмыстан босатуларын сұра» деп, ақыл айттым. Олардан «Қызметтен босатылды, әрі бір жылғы еңбекақысы 1200 рубль төленеді» деген хат келді. Ойламаған жерден Мейрашым жақсы киім-кешек, қалаған заттарын (ішінде сирек кітаптар да бар) алып, үлкен қуанышқа бөленді.
Бұл жағдай 1976-1977 жылдары болған еді. 1977 жылы күзге салым Кенжеш екеуміз Қайнарда дүрілдетіп үйлену тойын өткізіп қайттық. Нәзипа жеңгемнің қуанышы шексіз болды. Одан кейін Көлік министрлігіне бас маман болып орналасты. Мейрашым тез арада білімінің арқасында қызметте абыройға бөленді. Аз уақыт ішінде министрліктің бас басқармасы бастығының орынбасарлығына көтерілді. Сол кездегі министрдің орынбасарлары маған: «Мейрамбек – өте сауатты, әділетті, табанды маман. Ол тек шындықтың жолымен жүреді. Біз оны қатты сыйлаймыз» дейтін.
Алдымен жатақхана, кейін 4 бөлмелі үй мәселесі де шешілді. Алмас, Мұхтар, Анар атты тамаша балалар өмірге келді. Олардың тәрбиесінде жеңгесі Кенжештің де еңбегі зор. Мейраш жеңгесін құрметтеп, «Кәке» деп кетті. Балалары жоғары дәрежелі білім алды. Заря Алматының ең беделді мектебінде абыройлы ұстаз болды. Елеулі марапат та алды. Бүгінде құрметті демалыста. Ұлдары адал еңбегімен іскер азаматтарға айналды.
Мейраш кейінгі он жылда тағы да ауыра бастады. Ескі ауру жеңе берді. Ол үмітсіздік білдірген жоқ. Қайрат пен сабырдың арқасында ауруға қарсы тұра білді. Жетпістің белесіне көтерілген шағында бақиға озды.
Осы оқиғаны әңгімелеудегі басты себеп – біздің туып-өскен жеріміздегі талай тағдырды атом, сутегі бомбасы сынағы қиғанын айту еді. Аудан ешкімнің сұрауынсыз тарқатылды. Жапонияда Хиросима-Нагасаки қырғынынан кейін халыққа кешенді қамқорлық жасалды. Әйтеуір біз жақсы адамдардың арқасында Мейрамбекке қол ұшын создық. Ол 24 жасында өмірмен қоштасуы мүмкін еді. Дейтұрғанмен ініміз тағдырының ауыр күндерінде де қайрат пен сабырды тең ұстай білді. Алла тағала ем-домның, жақсы пейілдің арқасында оның ғұмырын 46 жылға ұзартты. Жар сүйіп, бала-шаға өрбітуіне, қалаған қызметін жасап, абыройға бөленуіне мүмкіндік туғызды. Осыған шүкір дейміз. Аяулы перзенттері әке жолын жалғастырады, арманын орындайды деп сенеміз.
Болатбек Нәсенов,
өлкетанушы-профессор