Құқық • 01 Тамыз, 2024

Табысын жасырған борышкерлер жазаланады

78 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Астана прокуратурасы электрондық әмияндарда 350 млн теңгеден астам сомаға өз ақшаларын жасырған 170 борышкерді анықтады. Алимент төлеуден жалтару фактілері Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша 30 сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіп, 45 млн теңгеге берешек өтелді.

Табысын жасырған борышкерлер жазаланады

фото: arbatmedia.kz

Прокуратура органдары қадағалау жұмысында бала­лар­дың құқықтарын қорғау мәселелеріне ерекше назар аударады. Қоғамның өзекті мәселелерінің бірі – алимент төлеуден жалтару. Бүгінде прокурорлар алимент бо­йынша борышкерлердің жасырын табыстарын анық­тап, оларды қылмыстық жа­уап­тылыққа тартуды жал­ғастырып жатыр.

Биыл шілде айындағы есеп бойынша 253 мың ата-ананың 367 мың бала алдын­дағы борышы 19 млрд теңгеге жеткен. Борышкерлер бере­шек­ті төлемеуді жұмыс­тың жоқтығымен ақтап отыр. Шын­туайтында, олардың көпшілігі ресми түрде жұмыс­сыз және жұмысқа орналасу үшін шара қолданбайды.

Іс жүзінде, қазіргі заманғы табыс көздері, такси және жеткізу қызметтері Яндекс, «Wolt», «Glovo», «Indriver» борышкерлерге еңбек шарттарын жасамастан кіріс алуға мүм­кін­дік береді. Тіпті әлеу­мет­тік желілер де «Facebook», «Instagram», «Twitter», «TikTok» және «YouTube» жақсы табыс әкелуі мүмкін. Мәселен, оқыр­мандары көп аккаунт ие­лері жарнамадан ақша табады.

Борышкерлер балаларды күтіп-бағу жөніндегі міндет­темелерді орындаудан жалтару үшін осындай табыс­тарын жасырып, ақшаны электрондық әмияндарда сақтайды. Бір жағынан қазір қызметтердің барлық салалары электронды төлем әдістеріне көшті. Былтыр еліміздегі қолма-қол ақшасыз операциялардың үлесі 86,2%, транзакция көле­мі 142,6 трлн теңгені құ­ра­ған. Кірістер карт-шот­­тар­ға түседі.

Балалардың мүдделерін қор­ғау мақсатында прокура­ту­ра органдары өз өкілет­тік­тері шегінде осындай жасырын табыстарды анықтау, борышкерлерді заңда белгі­лен­­ген жауапкершілікке тарту жөнінде шаралар қабыл­дауда. Мәселен, Астана проку­ратурасы өз ақшаларын жа­сыр­ған борышкерлерді анықтады. Қылмыстық істер­дің нәтижесінде 7 борышкерге бас бостандығын шектеу және қоғамдық жұмыстарға тарту жазалары тағайындалды. 2 іс татуласуына байланысты тоқтатылды, тағы 20 істі полиция тергеп жатыр, ал 1 іс соттың қарауында.

Жалпы, жыл басынан бері прокурорлық қадағалау шараларымен 15,5 мың баланың құқықтары қорғалды. Сот орындаушылары олардың пайдасына алимент бойынша 2,3 млрд теңгеден астам қарызды өндірді. Алимент төлеуден жалтарған 1,7 мың борышкер қылмыстық және әкім­шілік жауаптылыққа тар­­тылды.

Айта кетерлігі, биыл 19 маусымда «Кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алу­шы­лардың құқықтарын қор­ғау, қаржы нарығын реттеуді және атқа­ру­­­­шылық іс жүр­гізуді жетілдіру жөнін­дегі» заңға өзгерістер енгізілді. Құжатқа сәйкес 1 шілдеден бастап 2026 жылғы 1 мамырға дейін коллекторлық агент­тіктерге азаматтардың кре­диттері бо­йынша өндіріп алуға қатысты құқық беруге заң жүзінде тыйым салынды. Ал банктер, микро­қар­жы ұйымдары мен коллекторлар азаматтардың борыш жүктемесін азайту үшін берешекті қайта құры­лым­дауы қажет. Соны­мен қатар өсім­пұлды, комиссияларды кешіру арқылы реттеу рәсім­дерін жүргізеді.

«Бұл мораторий пробле­ма­лық берешек деңгейін және проблемалық қарыз алу­шылар санын азайтуға мүмкіндік береді. Бұған дейін азаматтардың кредиттері бо­йынша төлем мерзімі тұты­ну­шылық кредит 90 күннен, ипотекалық кредит 180 күн­нен асып кетсе, қаржы ұйым­дары өндіріп алу үшін кол­лекторлық агенттіктерге жү­гінетін. Ал коллекторлық агент­тіктерге өтіп кеткен азаматтар 2024 жылғы 1 қазаннан бастап берешегін реттеу рәсімдерін жүргізу үшін жүгіне алады. Коллекторлық агенттік борышкердің өті­нішін қабылдауға, тір­кеуге және қарауға мін­детті. Егер ұсынылған мәлі­мет­тер жеткіліксіз болса, кол­лекторлық агенттік 10 жұмыс күні ішінде қосымша мәліметтерді сұратады. Бұл ретте борышкерге оларды ұсыну үшін 5 жұмыс күні беріледі. Құжаттар мерзімінде келіп түспесе, онда коллектор өтінішті қараусыз қалдыруға құқылы. Қағаздардың толық топтамасын ұсынғаннан кейін коллекторлық агенттік күнтізбелік 15 күн ішінде жауап беруге міндетті», делінген Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарлаған ақпаратта.

Ең басты жаңалық – кол­лекторлық агенттіктер, өсімпұлдар мен төлемдерді азайта алады. Коллекторлық агенттік міндеттемені орындау талаптарын жақсарту талаптарымен біржақты тәртіппен өзгертуге құқылы. Бұл айыппұлдарды, өсім­пұл­дар мен төлемдерді азай­туды немесе жоюды, қа­рызды немесе пайыздарды толық немесе ішінара кешіруді, негізгі қарыз бен пайыздық төлемдерді кейінге қал­ды­ру­ды немесе бөліп төлеу­ді қамтуы мүмкін.

Егер коллекторлық агент­тік осындай жақсарту талаптарын қолданса, онда ол бұл жөнінде борышкерге хабарлауға міндетті. Қарыз алушы қолданылған жақ­сар­ту талаптарымен келіс­пеген жағдайда, хабарламаны алғаннан кейін 14 күн ішінде өтініш жібере отырып, бас тартуға құқылы.

 

Соңғы жаңалықтар

Серіктестік құқы қорғалды

Инвестиция • Кеше

Тұмаудан амансыз ба?

Денсаулық • Кеше

«Cyberpol»-ға жұмыс көп

Құқық • Кеше