Аймақтар • 02 Тамыз, 2024

Шабақ құтқару шарасы

80 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Атырау облысында аптап ыстықтың беті қайтар емес. Бұл каналдардағы балықтың жаппай қырылу қаупін туғызып тұр.

Шабақ құтқару шарасы

Осыған байланыс­ты Жайық-Каспий облыс­аралық бас­сейн­дік балық шаруашылығы инс­пекциясының қызметкерлері мен жергілікті тұрғындар балық шабағын құтқаруды жалғас­тырып жатыр. Инс­пекция қыз­меткерлерінің айтуынша, Аты­рау қаласынан Ресейдің Ас­трахан өңірімен шекараға дейін қатынайтын тасжол бо­йындағы канал жағалауынан қарабалық тұқымдас балықтың 2-3 данадан өлексесі байқалған.

«Жолдағы автокөлік көпі­рінің оң жағында 1 шақы­рымдай қашықтықтағы Сарыөзек каналы жағалауында тірі балық шабақтары өте көп. Ал Қызыл­жар елді мекені тұсында канал бойы жарылып, көп мөлшердегі су далаға жайылып жатыр. Ауа температурасының ысуына байланысты суды тоқтату керек», деп хабарлады облысаралық инс­пекция.

Ал 21 шілдеде әлеуметтік желіде Махамбет ауданындағы Бейбарыс ауылы маңындағы Сарыөзек каналында балық қырылғаны туралы ақпарат тарады. Бұл жөнінде мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға, сондай-ақ ғылыми мекемелерге жедел хабар бе­рілген.

Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшылығы мен экология департаментінің өкілдері, Бейбарыс ауылдық округі, сондай-ақ ғылыми ұйым мен «Қазсушар» РМК өкіл­дерінен құралған комиссия балық қырылған жерге барды. Шабақтардың қырылғаны туралы ақпарат расталып отыр. Өлген шабақтардың жалпы салмағы – шамамен 80 кг. Жергілікті атқарушы органдар санитарлық нормаларға сәйкес өлген шабақтарды жойды. Шабақтардың қырылуына Сарыөзек каналындағы судың тайызданғаны себеп болған. Қазір судың тереңдігі – 40-50 см. Атырау облысы экология департаменті зертханалық зерттеу жүргізу үшін су сынамасын алды.

Инспекцияға қарасты Аты­­рау балық инспекциясы бөлімінің мамандары арнайы аппараттармен судағы оттегі мөлшеріне, судың температурасына талдау жүргізді. Судағы оттегінің үлесі – 3,1-3,8 мг/дм³, судың температурасы – 29°C, тереңдігі – 60-70 см.

Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Нұр­лыбек Ғайсиннің айтуынша, Махамбет ауданының Бейбарыс ауылының аумағындағы Сары­өзек каналынан 520 мыңнан аса балық шабағы құтқарылған.

«Көктемгі су тасқыны салдарынан Жайық өзені арнасынан асып, Сарыөзек каналына құйылған. Тасқын сумен бірге каналға балық шабақтары түскен. Маусым айында Жайық өзеніндегі су деңгейі тұрақтанды. Ал каналда тасқын су, балық шабақтары жиналып қалған», дейді Нұрлыбек Ғайсин.

Оның айтуына қарағанда, каналда жиналған балық ша­бақтарын тірідей сақтап қалу үшін насос арқылы су жіберіліп жатыр. Балық шабақтарын құт­қару жұмыстары жалғаса береді.

«Құтқарылған балық ша­бақ­тарының түрі – әралуан. Мәселен, сазан, табан, көксерке, жайын, мөңке шабақтарының орташа салмағы – 12-14 грамм. Биылғы маусым айынан бері Атырау облысының су айдындарынан 49 млн 920 мыңнан аса балық шабақтары құтқарылды. Оның ішінде Құрманғазы ауданының аумағынан – 39 млн 900 мың, Индер ауданындағы су айдындарынан – 8 млн 500 мың, Махамбет ауданынан – 1 млн 520 мың, Атырау қаласында 35,5 мың дана балық шабағы құтқарылып, Жайық өзеніне жіберілді», деп мәлімдеді Н.Ғайсин.

 

Атырау облысы