Спорттық мансабын қазақ күресінен бастаған Жамбыл облысы Сарысу ауданының тумасы әуелі джиу-джитсумен айналысып, әлем және Азия чемпионы атанды. Содан Алматыда Данияр Қасқарауов іргетасын қалаған «Алаш Прайд» клубына келіп, аралас жекпе-жекті меңгерді. 2019 жылы Асу ресейлік М-1 промоушенінің уақытша чемпионы атанды. Келесі маусымда Қазақстанның «Найза» ұйымының теңдессізі деп танылды. Сол кезде «Зүлфикар» (Мұхаммед пайғамбардың қылышы – ред.) деген жанама есімді таңдады. 2013-2024 жылдар аралығында 22 рет октагонға шыққан қандасымыз 20 мәрте жеңіс тойын тойлады. 12 қарсыласын есінен тандырды. Ол тек 2017 жылы өзінің бесінші және алтыншы жекпе-жегінде дағыстандық Тагир Ұланбеков пен әзербайжандық Мехман Мәмедовтен жеңілді. Содан бергі жеті жыл аралығында қарсылас шыдатпады.
Айқас алаңында атой салған Асу Алмабаев былтыр UFC-мен келісімшартқа отырды. 5 тамызда Нэшвилде тұсаукесер кездесуін өткізген қазақ файтері ямайкалық Оди Осборнды қылқындырып тастады. Биыл Майами мен Энтерпрайзда АҚШ-тың қос спортшысы Си-Джей Вейгара мен Хосе Джонсонды жеңді. Содан «Зүлфикардың» беделі күрт өсті. Күні кеше ғана аталған промоушен басшылары Алмабаевты Матеус Николауға қарсы шығаруды жөн көрді. Бұл қандасымыз үшін тамаша мүмкіндік. Өйткені Бразилияның өкілі рейтингте 8-орынды иеленіп тұр. Ал өзінен біршама жоғары тұрған спортшымен айқасу кім-кімге болса да тиімді. Егер оны ұтсаң, үздіктер тізімінде жоғарылайсың.
Асуға қарсы шығатын файтер жайында не білеміз? Бразилияның шығысында орналасқан Минас-Жерайс провинциясының орталығы Белу-Оризонтидің дүниеге келген 31 жастағы саңлақ 2010 жылдан бері аралас жекпе-жекпен шұғылданады. UFC-де нәпақасын тауып жүргеніне үш жылдан асты. Сол аралықта 24 кездесу өткізіп, 19 рет жеңіске жетті. 10 бәсекеде айқын басымдық танытты. Әлемнің ең белді промоушеніндегі алты жекпе-жектің төртеуінде мерейі үстем болды. Соңғы екі кездесуінде АҚШ-тың арландары Брэндон Ройвел (рейтингте №1) мен Алекс Переске (№6) нокаутпен ұтылды.
Қалай болғанда да, Асу Алмабаевтың бұрынғы қарсыластарына қарағанда Матеус Николаудың дәрежесі әлдеқайда жоғары. Келешекте бұл жайт та ескеріледі. 19 қазанда Лас-Вегастағы UFC APEX аренада Асудың асығы алшысынан түссе, онда келесі жекпе-жегін ол ТОП-бестіктің қатарында жүрген саңлақтардың біріне қарсы өткізуі әбден мүмкін. Осылайша, чемпиондық тәж үшін таласатын күн де жақындай түседі. Ең бастысы, қазақтың қайсар ұлы айқас алаңында аянбай айқасып, жеңіске жетуі үшін жанын салуы керек.