Екі күнге созылған қоян-қолтық ұрыста ерлермен қатар әскердің жеті құрамасынан келген 19 әйел спортшы өнер көрсетті. Әйелдер арасындағы жеке есепте 52 килоға дейінгі салмақ дәрежесінде қатардағы жауынгер Әнел Стамбекова бірінші орынды иеленді. Ол бұған дейін де түрлі жарыстарда бақ сынап, жеңімпаз атанған.
«Өзім спортқа жақынмын. Қазір жүзу мен қоян-қолтық сайыстарға шығып жүрмін. Бұл жарыс мен үшін маңызды болды, еңбегімнің жемісін көріп отырмын. Әскери бөлімнің спорттық ұжымына алғысым шексіз, біздің дайындық жасауымызға мүмкіндік беріп, әрқашан қолдау көрсетеді. Қарсыластарым да жоғары дайындықпен келіпті. Әсіресе Шығыс пен Оңтүстіктің қыздары мықты екен. Дегенмен намысқа тырысып, жеңіске жеттім», дейді жүлде иесі ағынан жарылып.
Қоян-қолтық ұрыс әрбір әскери қызметшіні даярлаудың негізгі элементтерінің бірі. Жақын шайқаста атыс немесе басқа қару түрлерін қолдануға мүмкіндік болмаған жағдайда әскери қызметші түрлі жауынгерлік және спорттық әдістерді қолдана білуі шарт. Әскери қолданбалы спорт түрінен алғаш рет бақ сынағандар арасында сержант Әйгерім Бекмырзаева мен кіші сержант Инабат Аманова да бар. Олар жарысқа дайындық кезінде спорттық қасиеттерін шыңдағанын айтады.
«Қыздардың дайындығы жоғары деңгейде болды. Солардың ішінен 5-орынға ілігу бізге оңай болған жоқ. Басында қорқыныш, қобалжу болғанмен, қыздармен бір-екі жекпе-жек өткізгеннен кейін ширап алдық. Бізді жігерлендіріп, осы додаға ынталандырып алып барған жетекшіміз, майор Айымбек Қайрақановқа алғысымыз шексіз», дейді қос ару.
Жекпе-жекте ерлер арасында 80 кило салмақта елордалық құраманың сарбазы, қатардағы Олжас Абдувалиев жеңіске жетті. Сондай-ақ Никита Щербаков 57 кило салмақта, Құрбанжан Садықов 97 кило салмақта үшінші орынды елшіледі.
Жалпыкомандалық есептік көрсеткіште 5573 әскери бөлімінің құрамасы 5-орынға тұрақтады. Қатардағы Әнел Стамбекова, Құрбанжан Садықов пен Олжас Абдувалиев Ұлттық ұланның құрамасына қабылданды. Енді жауынгерлер 8 тамыз күні Тараз қаласында өтетін жекпе-жекте күш сынаспақ.