Бұл әулеттің өмір өрнегі теміржол саласымен астасып жатыр. Үш ұрпақтан 26 адам қиын да күрделі теміржолшы мамандығын таңдаған. Олардың барлығының теміржолдағы жалпы еңбек өтілі 826 жылды құрайды. Тамырын тереңге жайған өнегелі әулеттің өкілдері өнерден де құр алақан емес. Сайысқа қатысуға өтінім білдірген 235 отбасының ішінен оқ бойы озып шыққан Қапышевтар енді қыркүйек айында Астанада өтетін республикалық кезеңде бақ сынайды.
«Төккен тер, еткен еңбек жеміс беретініне көзіміз жетті. Біздің әулеттің тарихы шойынжол бойындағы қиын да қызық саланың тарихымен қатар өріледі. Осы бір шарапаты мол мамандық бізге әкелерімізден мирас болды, біздің ұрпағымыз да ұрпақтар сабақтастығын жалғап, ел үшін еңбек етіп жүр. Бәсекелестік үлкен болды. Енді Астанада өз қаламыздың және теміржолшылар әулетінің намысын қорғау үшін мұқият дайындаламыз. Теміржолға деген сүйіспеншілік – біздің қанымызда. Осының нәтижесінде біз жеңіске жеттік. Біз өз мамандығымызды шын жүректен жақсы көреміз», дейді Мұрат Қапышев.
Мұраттың әкесі теміржолшы болған, ол 1932 жылы осы салаға келіп, 1968 жылы зейнетке шыққан. Жұбайымен бірге олар сегіз бала тәрбиелеп өсірді. Олардың барлығы әкесінің жолын қуып, теміржол саласында жұмыс істеді. Мұрат Қапышевтың кіндігінен тараған үш баласы да теміржолда жұмыс істейді.
«Мерейлі отбасы» байқауының басты мақсаты – адамгершілік мұраттарын жаңғырту, отбасы мен некені құрметтеуге тәрбиелеу, сондай-ақ отбасылық құндылықтар мен қазақстандық отбасының оң имиджін көрсету және кеңінен насихаттау.
АЛМАТЫ