Қоғам • 03 Тамыз, 2024

Студенттер үйінің саны өседі

105 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Апта басында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов елордадағы М.Жұмабаев,­ К.Әзір­баев көшелерінің бойында салынып жатқан Студенттер үйлерінің құрылысымен танысып, мердігер компаниялардың басшыларымен кездесті.

Студенттер үйінің саны өседі

«Біздің министрлік 2022 жылдан бастап жатақхана мәселесін қолға алды. Жыл сайын он мыңнан астам төсектік орынға арналған жатақхана құрылысын бастап жатырмыз. Былтыр 10 343 төсектік орынға арналған 43 нысан тапсырылса, биыл жыл соңына дейін 27 нысан өткізіледі. 10 500 аса төсектік орынға негізгі тапшылық – Астана мен Алматы қаласында. Бірақ келесі жылы елордада бұл мәселе толық шешіледі деп отырмыз. Міне, Еуразия ұлттық университетінің 2700 төсектік орынға арналған жатақханасы тапсырылып жатыр. Оның 300 және 400 орынға арналған жатақ­хана құрылысын бірден бастап кеттік. Мың орынға арналған жатақхана құрылысы келесі жылы енгізіледі. Сондықтан бұл мәселе – министрліктің ұдайы бақы­лауында», деді Саясат Нұрбек.

Сондай-ақ Ғылым және жо­ға­ры білім министрі былтыр субсидиялық нормативтер өзгер­тіл­генін айтты.

«Біздің қаржы орталығы арқылы жекеменшік мердігерлер жатақхананы салғаннан кейін алты жылдың ішінде ақшаны қайтарып беретін арнайы механизм бар. Биыл оның үстіне қайта жабдықтауға субсидиялық нормативтерді өзгертетін боламыз, яғни бұрыннан салынған қонақүй, хостел немесе бизнес орталықтарын үкіметтің көмегімен оларды жатақханаға айналдыруға мүмкіндік береміз. Сондық­тан Астана, Алматы және елі­міз­дегі өзге де ірі қалалардың кәсіп­кер­леріне үндеу тастағым келеді. Бұл мемлекетке де, студенттерге де, өздеріне де пайдалы әрі үлкен көмек», деді ол.

Жаңа оқу жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­вер­ситеті студенттері үшін қуанышпен бас­талмақ. Аталған жоғары оқу орны оларды жатақханамен то­лық қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Жаңадан салынып жатқан 4 Cтуденттер үйінің құрылысына жеке инвестиция тартылған. Соның бірі биыл пайдалануға беріледі. Университет екі жыл ішінде Сту­денттер үйінің санын көбейтіп, ­
5 мыңнан аса орынды пайдалануға бермек. Биыл Мағжан Жұмабаев көшесінде бой көтеріп жатқан ­заманауи жатақхана студенттерге есігін айқара ашады.

«Қазіргі таңда мемлекеттік қолдаудың арқасында инвесторлар Студенттер үйінің құры­лы­сына айрықша қызығушы­­­лық танытып отыр. Оқу жылы­ның алдында жаңа Студент­тер үйі пай­далануға беріледі. Бүгін біз осы бағытта тағы да ­
үш Сту­­­­денттер үйінің құрылы­сын салу­­­ға белсенді жұмыс істеп ­жатырмыз», деді университет ректоры Ерлан Сыдықов.

Еуразия ұлттық универ­си­те­тінің жаңа Студенттер үйін «AEK Munai» ЖШС салып жатыр. Қазір 2 блок, 6 қабаттан тұратын ғимарат құрылысы қарқын алған. Жатақхананың жалпы ауданы 4,5 мың шаршы метрден асады.

«Биыл біздің компания өз қара­жатына студенттер жатақханасын салуды шешті. Біздің алғашқы жобамыз – Еуразия ұлттық уни­вер­ситетінің Студенттер үйі. Алты қабатты ғимаратта 170 бөлме, ­400 орын қарастырылған. Құры­лыс жұмысы жыл басында бас­талды. Енді 7 айда аяқтағалы отырмыз. Жатақхана жайлы әрі заманауи. Бірінші қабатта студенттер үшін коворкинг аймақ орналасады. Біздің компания бұған дейін Астана қала­сында «Айсафи», «Аружан», «Шың­ғыс-1», «Шыңғыс-2» тұрғын үй ке­ше­нін салды», деді «Bastau Damu KZ» ЖШС директоры Арман Халелов.

Айта кетейік, былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Астанада Студенттер жатақхана құрылысының жобалық кеңсесі құрылды. Осы бағытта Ғылым және жоғары білім министрлігі, Астана қаласы әкімдігі, «Қаржы орталығы» АҚ және инвестор­лар мен жоғары оқу орындары арасында ынтымақтастық туралы ­меморандум жасалды.

Құрылыс жұмысын жүргізіп жат­қандардың ішінде «Integra» ком­­паниясы да бар. Олар үш блок, бес қабаттан тұратын 2 656 орын­дық Студенттер үйін салып жатыр.

«Қазір құрылыс жұмысы қар­қын­ды жүргізіліп жатыр. Сту­дент­терге жылы әрі жайлы болу үшін бар күшімізді саламыз. Құрылыста 450 адам істейді. Біз салып жатқан Студенттер үйін­де оқу залы, коворкинг аймақ, компью­­терлік сынып секілді жас­тарға қажетті барлық дүние қам­ты­лады», дейді «Integra» ком­па­ния­сының бас директоры Данияр Рахымтаев.