Экология • 03 Тамыз, 2024

5 тонна қоқыс шығарылды

44 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында Астанадағы су қоймасын қоқыс пен қалдықтардан тазартуға бағытталған сенбілік ұйымдастырылды.

5 тонна қоқыс шығарылды

Экологиялық акция Бай­қоңыр ауданында, Қоянды су қоймасының аумағында өтті. Бұған 100-ден аса адам қатысты.

– «Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» акциясы Байқоңыр ауданында белсенді жүр­гізіліп жатыр. Акцияға ПІБ әкімшілік ғимараттар дирекциясының қызметкер­лері, еңбек ұжымдары, жас­тар және аудан тұрғындары қатысты», деді Байқоңыр ауданы әкімі аппа­ра­ты абаттандыру бөлімінің бас маманы Айбек Ашуов.

Аталған іс-шара қоқысты жинаумен ғана шектелмей, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға, оң әдеттерге дағдылануға септігін тигізеді. Осы акция барысында аудан аумағынан 5 тонна қоқыс шығарылды. Тазалауға 5 түрлі арнайы техника жұмылдырылды.

– «Таза Қазақстан» эколо­гия­лық акциясы аясында біз Қоян­ды су қоймасының аумағын­да сен­білік өткіздік. Іс-шара атал­ған нысанның маңайын тазартуға, абаттандыруға ықпал етіп, айналасы әжептәуір жарқырап қалды. Таза және ұқыпты аумақтар – санитарлық жағдайдың көрсеткіші. Бұл тұрғындардың денсаулығына да оң әсер етеді, – деді су нысандары және қалдықтар бөлімінің маманы Әсел Сапбаева.

Ауқымды экоакция аясында қаланы ұдайы ұқыпты ұстау, нөсер және арық кәріздерін тазарту, көшелерді, тротуарларды, орамішілік аумақтар­ды, қоғамдық орындар мен аула­ларды тазалау жұмыстары жалғаса береді. Сондай-ақ жасыл желектерді күтіп ұстау және отырғызу, сауда нысандарына іргелес аумақтарды жинау, көгалдар мен гүлзарлар­ды орнату шаруа­лары да тоқтамайды.