Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Ел медицинасындағы ауқымды реформалар 2008 жылы басталып, Астанада медициналық кластер құрылды. ТМД елдерінің арасында алғашқы ұлттық медицина холдингі пайда болды. Сол тұста нақтырақ айтар болсақ, 2007 жылы Ана мен бала орталығы ашылды. «University Medical Center» корпоративтік қорының ұлттық ғылыми орталығына біз де бардық. Мұнда екінің бірі емес, жүктілік кезінде асқыну байқалып, жағдайы нашарлаған науқастар келеді. Мысалы, экстрагенитальды патологиясы бар, яғни іш құрылысы, бүйрек, тыныс алу жүйесі, жүрек-қантамыр жүйесі, ас қорыту жүйесі зақымданған, ми жарақаты, тіпті десеңіз, басына қан құйылған әйелдер түсуі мүмкін. Сол секілді балаларда кейде туабітті кездесетін жүрек-қантамыр жүйесі, несеп шығару жүйесімен қоса, түрлі ісік патологиясы анықталуы ықтимал. Ол ол ма, осы орталықтағы неонатология бөлімшесінің мамандары айы-күні жетпей, шала туған балаларға қарайласып, нәрестені әрі қарай жетілдіруге жәрдемдеседі. Орталыққа жеткенде біз алдымен интенсивті терапия реанимациясына өтіп, бөлімшенің меңгерушісі Ботагөз Әбентаевамен пікірлестік.
– Мұнда интенсивті терапия мен реанимацияға мұқтаж балалар жатады. Олардың салмағы 500 грамнан басталуы мүмкін. Жыл сайын шамамен 800-900 балаға дейін қабылданады. Оның ішінде 30 пайызы – салмағы аз, жетілмеген балалар. Нақтыласақ, жүктіліктің 22 немесе 36-аптасында туғандар. Бізде салмағы ең аз бала 460 грамм болған. 2008 жылдан бері жүктіліктің 22-аптасында 500 граммен туған балаларды да қабылдап келеміз. Орталыққа елдің барлық аймағынан аналар келеді. Яғни өңірлердегі мамандар ана мен баланың жағдайынан өзгеріс байқаса, өздері қарайласа алмаса, санавиациямен осында алып келеді. Мұнда олар апта, ай жата ма, біз барынша аман алып қалуға тырысамыз. Баланың ахуалы қиын болса, аппараттар арқылы тамақтандырамыз. Қазіргі технологиялардың көмегімен баланың жайын құрсақта жатқанда анықтауға болады ғой. Біздегі мамандар білікті, шетелге оқуға барып тұрады. Олар тіпті балаларды жуындырады. Аппаратта жатқан баланы жуындырып, қарайласудың өзі – өнер. Бұл дегеніңіз асқан сақтықты, ептілікті қажет етеді, – дейді Б.Әбентаева.
Негізі балалар қалыпты жағдайда орта есеппен 2,5-3 кило болып туса, біз барған бөлімшеде салмағы ең төмен нәресте 1 кило екен. Төсек-орынға қаз-қатар жайғасқан сәбилер бірнеше аппаратқа таңылған. Құрылғылар нәрестенің қан қысымын, жүрек соғысын, дене температурасын, салмағын бәрі-бәрін тәулік бойы тексереді. Дәрігерлер де балалардың қасынан шықпай, үздіксіз бақылайды. Бақылап қана қоймай, жоғары технологиялық аппараттардың көмегімен сәбидің дамуына жәрдемдеседі. Бұл бағытта үйлесім тапқан жұмыстардың ретін Денсаулық сақтау министрлігі ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова салаға министрліктің басымдық бергенінен деп түсіндірді.
– Министрлік ана мен бала денсаулығын сақтау мәселесіне көп көңіл бөледі. Бала – біздің, мемлекеттің болашағы. Қазір әйелдердің жүктілікті жоспарлау жұмыстарын нығайтып жатырмыз. Әрбір әйел жүктілікті жоспарлау кезінде профилактика үшін медициналық тексеруден өтуге тиіс. Мұны жергілікті денсаулық сақтау басқармалары үйлестіреді. Сол секілді балаларды скринингтен өткізу керек. Бірінші скрининг – жүктіліктің 12-аптасында. Ол кезде құрсақтағы баланың жағдайын білеміз, зерттейміз. Қазір УДЗ мамандарға жоғары талап қойылып жатыр. УДЗ дәрігерлерін көбейтеміз, біліктілігін арттырамыз. Кейбір жағдайда балаларда ауру анықталып жатса, әйелді телемедицина арқылы басқа клиникалармен бірлесіп қарауға болады. Туа біткен ақаулардың емі болса, осы орталықта консилиум өтеді. Мамандар қорытынды шығарады. Бала қай мезгілде қандай тәсілмен босануы мүмкін – бәрі-бәрін ақылдасады. Елде шамамен жыл сайын 400 мың бала дүниеге келсе, осы орталықта 4 мың бала туады екен. Орта есеппен балалардың 1 пайызынан туа біткен ақаулар анықталып жатады. Орталық мамандары осындай қиын жағдайдағы ана мен балаға көмек қолын созып, аман алып қалу үшін бар күшін салады, – дейді М.Ембергенова.
Министрлік УДЗ мамандарының тапшылығын алдын алуға басымдық беріп отыр екен. Иә, білікті маманды байлап ұстай алмайсың. Олардың ішінде жеке емханаларға ауысып жатқан дәрігерлердің бары рас. Мұнда қалталы азаматтар мықты маманға, қарапайым жұртшылық осал маманға жүгінеді деген түсінік қалыптаспағаны дұрыс. Осы тұста Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің директоры М.Ембергенова әр өңірдегі перинатальдық орталықтарда УДЗ мамандарының біліктілігі назардан тыс қалмайтынын айтты. Өйткені саладағы әрбір маман ана мен бала денсаулығындағы қандай да бір кінәратты қалт жібермеуге тиіс. Тағы бір маңызды хабарды айтар болсақ, аталған департаменттің басшылығы министрлікке тарифтерді көтеру туралы ұсыныс тастап отыр.
– Өйткені осы Ана мен бала орталығы бар, өңірлерде басқа да перинатальдық орталықтар бар, ондағы мамандар бір адамның ғана емес, ана мен баланың өміріне жауапты. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан қаралған қаржы ана мен баланы күтуге жұмсалатын шығындарды толық жабуға тиіс қой. Өздеріңіз көргендей, осы орталықтағы реанимация бөлімшесінде қаншама бала жатыр. Оларға көрсетілетін көмек, мамандардың еңбегі, дәрі-дәрмектер бар. Бұл тарифтердің тұрғындарға қатысы жоқ. Барлық жүкті әйел – мемлекеттің қарауында. Олар түгел тегін көмек алады, – деп қаржыландыру жайын айтты М.Ембергенова.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен орталықтың жанынан 350 төсек-орынға шақталған хирургиялық блок ашылады екен. Қазір ол нысанның жобалық-сметалық құжаттары әзірленіпті. Көп ұзамай нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілсе, өңірлерден келетін ауыр жағдайдағы аналарға медициналық көмек көрсету жайы қазіргіден де ілгерілей түсуі керек.
Бүгінде 2015 жылы құрылған «University Medical Center» корпоративтік қорының құрамында 3 ірі медициналық орталық бар. Оның ішінде Ана мен бала орталығымен қоса, Кардиохирургия орталығы және республикалық диагностика орталығы бар. Осы үш медициналық мекемеде 3,5 мың маман еңбек етсе, оның ішінде 700-ге жуық дәрігер бар. Мамандар орталықтардың бір жерге шоғырлануын сәтті қадам деп бағалап отыр. Себебі қазір кардиохирургтер жүрек операцияларын Ана мен бала орталығына барып та жасайтын болған. Енді жүкті әйелдердің жүрегіне операция жасау үшін орталықтан орталыққа сабылмаса да болады. Орталықта ана мен баланың денсаулығын сақтау үшін іске асып жатқан шаруалар бұдан да көп. Біз соның бірнешеуіне ғана тоқталдық.
Осы күні біз министрлікке қарасты алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін республикалық орталыққа аялдадық. Астанадағы №10 емхана негізінде жұмыс істейтін орталық былтыр ашылған. Мұндағы дәрігерлер аурудың алдын алу және кез келген дертті бастапқы сатысында емдеуде қолданатын үздік әдіс-тәсілдерді меңгеріп, тәжірибеге енгізуді көздеп отыр екен. Бұдан кейін жол түскен академик Н.Д.Батпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығында да жаңашылдық көп. Мекеме басшылығы травматология саласында мейлінше озық технологияларды пайдалануды кейінге қалдырған емес. Себебі жаңашылдыққа ұмтылсақ қана, ел медицинасын өркендетуге жол ашылады.