Саясат • 03 Тамыз, 2024

Орталық Азиядағы өңірлік интеграцияны нығайту әлеуеті

132 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақстан-Өзбекстан сарапшылары басқосып, екіжақты ынтымақтастық пен аймақтық интеграцияның өзекті мәселелерін талқылады. Кеңес отырысы Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің Қазақстанға сапары және Орталық Азия мемлекеттері басшыларының 6-шы Консультативтік кездесуі қарсаңында ұйымдастырылып отыр.

Орталық Азиядағы өңірлік  интеграцияны нығайту әлеуеті

Іс-шараға Өзбекстан Республи­касының Президенті жанындағы Стратегиялық және өңіраралық зерттеулер институтының, Өзбекстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің жанындағы Экономикалық зерттеулер және реформалар орталығының, «Транскаспий халықаралық көлік маршруты» халықаралық қауымдастығының, «Kazenergy» қауымдастығының, Орта­лық Азияның Өңірлік экологиялық орта­лығының (ОАӨЭО), Орталық Азия­ның Мемлекетаралық үйлестіру су комиссиясының (МҮСК ҒЗО), «Ата­мекен» ҰКП өкілдері қатысты.

Жиында алғаш болып сөз алған Президент жанындағы ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов сараптамалық кеңес белгілі бір мәселелерді талқылау алаңы ғана емес, сондай-ақ бірлескен дамудың тиімді тетіктері ұсынатын ортаға айналуы керек екенін атап өтті. Әрі екіжақты ынтымақтастық аясындағы басқосудың мақсат-міндетін айқындады.

– Қазақстан мен Өзбекстан прези­денттері 2022 жылдың желтоқ­санында одақтастық қатынастар туралы ке­лісімге қол қойды. Сараптамалық кеңесте ел басшыларына одақтастық қатынастың болашағын анықтауға көмектесуіміз керек. Қазақстан мен Өзбекстанның қарым-қатынасы 5, 10, 50 жылдан кейін қандай болады? Бұдан тараптар азаматтары не ұтады? Одақтастық қатынастар дегеніміз не? Екі елдің қарым-қатынасы Орталық Азия аймағының интеграциясына қалай әсер етеді? Мәселен, шекаралық бақылау рәсімдерін жеңілдету арқылы трансшекаралық ынтымақтастықты дамыту қажет. Атап айтқанда, Ташкент – Шымкент, Ташкент – Тараз, Ташкент – Алматы, келешекте Ташкент – Астана пойыз бағытын іске қосуды ойластыру керек секілді. Бұл ынтымақтастық мультипликативті нәтиже береді және басқа да аспектілерді жандандырады. Сондықтан бірлескен іргелі зерттеулер жүргізуді ұсынамын. Бұған қоса елдеріміздің жастары одан әрі дамуды қалай көреді? Осы сұрақты да на­зарға алу қажет. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін елдеріміздің жастары туралы бірлескен ауқымды зерттеулер жүр­­гізілмейді. Ортақ саясатты қалай құ­­руымыз керек? Осы тұрғыда азамат­тарымыздың көңіл күйін түсі­нуіміз керек. Бірлескен іргелі зерттеулер жүр­гізуде бізде үлкен әлеует бар деп есептеймін, – деді ол.

Сондай-ақ ҚСЗИ директоры келесі кеңестерде суды пайдалану және су-экологиялық қауіпсіздік саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың нақты мәселелерін талқылауды, Ауғанстан бойынша бірлескен шешім­дерді әзірлеуді, бірінші кезекте инфрақұ­рылымдық жобаларды, ауыл шаруа­шылығын дамыту форматын және екі елдің үкіметтері үшін стратегиялық бағдар әзірлеуді ұсынды.

Өз кезегінде Өзбекстан Республи­касының Президенті жанындағы Стра­тегиялық және өңіраралық зерттеу­лер институтының директоры Эльдор Арипов Өзбекстан мен Қазақстанның сарапшылық қауымдастықтары ара­сындағы диалог тұрақты және жүйе­лі түрде жүргізіліп жатқанын айтты.

– Біз бұл кеңеске үлкен үміт артамыз. Қазақстан тарапынан ҚСЗИ және Өзбекстан тарапынан СӨЗИ- екіжақты ынтымақтастықтың ма­ңызды бағыттары бойынша диалог жүр­гізуге қабілетті, біздің кездесу­лерімізді мәнді және мазмұнды ете алатын жетекші екі құрылым. Өзара ынты­мақтастықтың келешегі зор бағыт­тарының қатарында көлік коммуникациясын дамыту мен осы салада келісілген саясатты қалыптастыру, ортақ энергетикалық нарық құру бар. Қазақстан мен Өзбекстан Орталық Азия аймағында бірінші болып екіжақты қарым-қатынастарды одақтық деңгейге көтерді. Елдер арасындағы саяси диалог Жоғары мемлекетаралық кеңес форматында институттандыру кезеңіне өтті. Біздің мемлекетіміздің өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі көптеген мәселе бойынша ұс­танымдары сәйкес келеді. Сонымен қатар елдеріміздің өңірлік даму логикасы аясында ғана бірлесіп шешуге болатын проблемалары бар. Бұл біздің елдерімізді аймақтық ынты­мақтастықтың локомотивтеріне айналдырады, – деді Эльдор Арипов.

Осылайша, отырысқа қатысушылар ынтымақтастықтың жаңа векторларын анықтады. СӨЗИ директорының бірінші орынбасары Акромжон Нематов қазіргі таңда әлем басынан өткеріп отырған халықаралық қа­тынастар жүйесінің күрделі дағда­рысын шешу аймақ үшін басты міндет екенін жеткізді.

– Біз сенім дағдарысының, ха­лықаралық институттар тиімділігінің төмендеуінің куәсі болып отырмыз. Әлем тағы да саяси және экономикалық блоктарға бөлінді. Протекционистік шаралар күшейіп, инфляция жоғары деңгейде қалып отыр, ресурстар таусылады. Осы факторлардың шоғырлануы әлеуметтік-саяси шиеленістің күшеюіне әкеледі. Жаһандық және аймақтық дағдарыстар, сауда шиеленістері және қаржыландырудың күрделі тұсында әлемдік шетелдік инвестициялар ағыны 2023 жылы 2%-ға қысқарды. Ал Азия елдерінде, біздің төңіректе 8%-ға төмендеді. Қазіргі таңда халық саны мен экономика өскен сайын энергияға деген сұраныс артып отыр. Бүгінде электр энергиясы саудасы арқылы сұраныстың 2,5 пайызы ғана қанағаттандырылған. Бұл аймақтағы өзара қосылу мүмкіндігінің 40 пайызын ғана құрайды. Сауда көлемінің мұндай аздығы нарықтық алаңның жоқтығы мен аймақтық желіні бас­қару сапасының төмендігінен, ин­фра­­құрылымның ескіруінен және үйлес­тірудің нашарлығынан, – деді сарапшы.

Жиында тараптар аймақтық өнеркә­сіптік кооперацияны, халықаралық өнді­рістік және логистикалық тізбек­терге интеграцияны дамытудың прак­тикалық шараларын тізбектеді. Сарап­тамалық кеңес жұмысының нәтижелері Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуде, сондай-ақ Орталық Азиядағы өңірлік интеграцияны нығай­ту да маңызды.