Саясат • 03 Тамыз, 2024

Уақыт белдеуі қайта өзгере ме?

156 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Қазақстан Республикасының аумағында уақытты есептеу тәртібі туралы» Үкімет қаулысына енгізілген өзгерістерге сәйкес 1 наурыздан бастап бірыңғай уақыт белдеуіне көштік. Елдің барлық аумағында қайнаған тіршілік UTC+6-дан 5-уақыт белдеуіне (UTC+5) ауысты да кетті. Сол кездің өзінде кейбір ғалымдар уақыт белдеуін таңның атуына қарай белгілеу керек екенін айтса, тұрғындар жұмыс тобына сенім артып, үнсіз қалған еді.

Уақыт белдеуі қайта өзгере ме?

Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Қаулы бойынша Астана, Алматы қалаларымен қатар Шымкент, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түр­кістан, Шығыс Қазақстан, Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарында 1 наурыздан бас­тап жергілікті уақыт 1 сағатқа кейінге шегерілді. Ал оған дейін ұсынысты бірың­­ғай уақыт белдеуін орнату мәсе­ле­лері жөніндегі жұмыс тобына қосыл­ған ғалымдар, сарапшылар әбден зер­делегенін де айтқанымыз ләзім.

Көп ұзамай еліміздің бірнеше аумағында тұрғындар таңның әдеттегіден тым ерте ататынын желіге жариялап, шағымдана бастады. «Уақытты кері қай­тару» жөніндегі петицияға да қажетті 50 мың қол жиналып, күні кеше сол петицияны қарау үшін құрылған жұмыс тобының қорытынды отырысы өтті. Қоғамдық талқылауға Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Балықбаев төрағалық етті. Басқосуға петиция авторлары, сарапшылардан бас­тап, Денсаулық сақтау, Энергетика, Ауыл шаруашылығы, Көлік, Төтенше жағдайлар, Еңбек және халықты әлеумет­тік қорғау, Сауда және интеграция министр­­лік­­терінің қызметкерлері қа­тысты.

Еске салар болсақ, жұмыс тобының 21 маусымда өткен бірінші отырысында 50 мың дауыс жинаған бастамашы топ петициядағы екі негізгі се­бепті алға тартқан еді. Онда уақыт бел­деуінің денсаулыққа әсері және кешкі артық сағатқа қарай жеке және заңды тұлғалар электр энергиясына қосымша шығындалатыны туралы айтылыпты. Содан 16 шілдеде өткен екінші отырыста медицина, хронобиология және энергетика саласындағы сарапшылар петиция авторларының қойған сұрақтарына жауап берді. Жұмыс тобының мүшелері мен сараптамалық қоғамдастықтың ұсы­ныстары мен дәлелдерін ескере отырып, петиция мәні бойынша шешім жобасы әзірленіп, қоғамдық талқылауға ұсы­нылды.

Энергетика министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің деректері бойынша уақытты ауыстыру елдегі электр энергиясын тұтынуға айтарлықтай әсер еткен жоқ. Мысалы, 2023 жылы энергияны тұтыну 2022 жылмен салыстырғанда 1,9%-ға артқан. Бұл өзгеріске тұтынушылар мен жаңа нысандардың салынуы негіз болды. Ал биылғы бірінші тоқсанда жан басына шаққандағы электр энергиясын тұтыну 2023 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 2,44%-ға төмендеген. Бұған қоса биыл кейбiр өңiрлерде тариф­тердiң өсуi, температураның төмендегені байқалған. Бұл халықтың шығыстарына әсер етуi мүмкiн.

Ал Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына сәйкес UTC+5 сағаттық белдеуіне көшіру географиялық орналасу мен табиғи күн цикліне сәйкес келеді. Бұл биологиялық ырғақтарды күндізгі-түнгі табиғи циклмен үндестіруді жақсартып, халықтың денсаулығына оң әсер етеді деседі. Министрлік өкілдері уақыт белдеуінің ауысқанына бар-жоғы 5 ай өткенін ескеріп, бұл өзгерістің ден­саулыққа елеулі әсері туралы айтуға әлі ерте деп санайды.

Басқосуда жұмыс тобы Денсаулық сақтау, Білім және ғылым министрлігіне алдағы үш жылда бірыңғай уақыт бел­деуінің денсаулыққа әсерін зерттеуді ұсынды. Талқылауды Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Балықбаев толықтырып, түйіндеді.

«Бүгін біз петицияны қарауға қатысқан барлық тараптың пікірін естідік. Петицияда көрсетілген дәлелдер расталмағанын ескере отырып, жұмыс тобы петицияны қанағаттандырудан бас тарту туралы алдын ала шешім қабыл­дады. Әкімшілік іс жүргізу кодексінің 90-6-бабының 3-тармағына сәйкес Сауда және интеграция министрі пети­цияны қарау нәтижелері туралы ресми хабарламаны ұсынады», деп қорытындылады Қ.Балықбаев.