АТЫРАУ. 26 сәуір. Атыраудағы ең қарт сайлаушының бірі – Нышан әже Жұбаева биылғы 1 қаңтарда 104 жасқа толды. Ол ел тыныштығы үшін дауыс берді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Жас күнінен өмірдің қиындығын көп көріпті. Соғыс жылдарында егінші болды, кейін әртүрлі жұмыстар атқарған. Майданнан аман оралған өмірлік жары Жұбай қариямен бірге екі қызы мен Баймұраттай ұлының қызығын көрді. Он немеренің бірі Әзидолла мен келіні ғасырдан да ұзақ ғұмыр жасаған әжесін мәпелеп отыр. Алты шөбересі, әсіресе, Асылханы «әжелеп», бал қылығымен баурайды.
«Алла бүгінгі ұрпақты бақытты өмірге жеткізе көрсін, еліміздің бірлігі мен тыныштығы бұзылмаса екен», – деп күні-түні тілек тілейтін Нышан әже әлі де тың. Далаға өзі кіріп-шығады, көзілдірікке жүгініп көрмепті. Тіпті, ағайын-туыстың жақсылығын бөлісуден қалмайды екен. Бірақ бұрынғыдай емес, бұл жолы сайлау учаскесіне бара алған жоқ. №64 учаскелік сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Мейрамбек Арыстанғалиев пен комиссия мүшесі Ғалымжан Сұлтанов Нышан әженің үйіне жылжымалы жәшікті алып келді.
Өз таңдауын жасағаннан кейін Нышан әже: «Қазақ елі аман, жастардың болашағы жарқын болсын, айналайындар!» – деп батасын берді.
Жолдасбек Шөпеғұл.
Дерек: egemen.kz.
Сурет Рахым Қойлыбаев.