Поэзия • 05 Тамыз, 2024

Текті мінез танытатын жырлар

244 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Көк байрағымыздың биікте желбіреп тұр­­ған сәті әрбір азаматтың жүре­гі­не қуаныш пен шаттық сыйласа керек. Жас ұрпақтың Отанға деген сүйіс­пен­шілігін қалыптастырады. Ту – ар-на­мыс­­тың, ерік-жігердің күш-қуаты. Ақын Ғайса-Ғали Сейтақ ол туралы: «Еңкейіп кейде кеткенде, Көк туға қарап түзелем» деп ой айта келіп:

Текті мінез танытатын жырлар

«Жұртыма осы тартуым,

Бар менде берік ұстаным:

Жығылмас жалғыз бар туым,

Ол – менің Қазақстаным!», деп жыр ­жолын түйіндеген екен.

Оралдық ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Төлеген Айбергенов және халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ғайса-Ғали Сейтақтың жаңа кітабы «Жығылмас жалғыз бар туым» деп аталады екен. Бұл жинаққа қаламгердің Отан, туған жер, тарихи тұлғалар туралы өлеңдері мен дастандары арқау болған. Айтар ойы терең өлеңді әркім жазбайды. Ғайса-Ғали ақын журналист ретінде еліміздің тарихи және көрікті мекендерін аралап, жүрген жерінің айрықша қасиеттеріне көп мән береді. Сапар барысында көрген-білгендерін қойын дәптеріне түртіп ала жүреді. Сол жердің арғы-бергі шежіресіне үңіліп, ақын көзімен зерттеу жасайды. Соның негізінде бірден болмаса да, уақыт өте келе, пісіп-жетілген шақта жыр туатыны сөзсіз. Осы кітабында Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Қарағанды, Көкшетау, Өскемен, Семей, Ақжайық және Оңтүстік өңірдің өзіндік ерекшеліктерін аңғара білген ақын осы аймақтың әрқайсысына жеке жыр арнап, оқырманның жігерін жанып, намысын қайрайтын кесекті сөз, ұтқыр ой айта білген. Мысалы, Өскеменге арналған жырында тау мен тасты жарып ағып, ұлы Ертіске келіп құятын Үлбі өзенінің бейнесін:

«Үлгерсең, шіркін, шаттанып көрер бақ қан­­дай!­

Үміттің шоғын сөндірмей Күн де батқандай.

Үлбіреп келіп, ғашық қып кеткен арудай,

Үлбі де мынау жайраңдап ағып жат­қандай!» деп әдемі суреттейді.

«Абай елінде» атты өлеңінде ұлы ақынның қағидаттарын есте ұстасақ, ұтарымыз көп екенін жазады.

«Қазағым – сол баяғы қазағым ба?

Көрдік пе бұл өмірдің базарын да.

Абайлап, әр қадамды бір басайық,

Абайдың тұрғандаймыз назарында», дейді. Бұл тұста елдік, мемлекеттік мәселеге өте мұқият қарап, ортақ шешімді шығарарда әр қадамды аса сақтықпен жасауымыз қажет екенін еске салады.

Оңтүстікке барған сапарынан түйген ойы «Қазығұрттың кемесі» атты өлеңде көрініс тапқан.

«Қазағымның қабағын оң көремін,

Келешекке бастайды-ау жол дегенің.

...Ырыс-құты тиеліп бай халқымның,

Тоқтамауын тілеймін сол кеменің!» деген пайыммен аяқталады.

Ақынның келесі бір өрелі өлеңі «Жа­йық­ қалашығы» деп аталады. Тарих ғы­лым­да­ры­ның докторы, профессор Мұрат Сыдықов бас­таған ғалымдардың үздіксіз ізденістерінің нәтижесінде 2001 жылы Орал қаласынан 12 шақырымдай жерден көне қалашықтың орны табылды. Бұл Жайық қалашығы XII-XIV ғасырларға жататындығы дәлелденген. Орал қаласының бастауында Жайық қалашығы тұрғанын ескерте келе ақын:

«Кең далада қорған қанша тоналды,

Қанша бұйым біржолата жоғалды.

...Бұл қалашық қорғап мәңгі тұрғандай,

Сегіз ғасыр тарихы бар Оралды», деген өр дауысты естиміз.

Қазақ тарихы патша заманында да, кеңес­тік кезеңде де әдейі бұрмалан­ғаны анық. Бодандық құрсауынан шығармау­ды көздегендер ұлтымыздың қасиеттісі мен қадірлісін жадынан өшіру мақсатын ұстанды. Жер-су атаулары мүлдем өзгертілді. Айталық, Жайық өңіріндегі «Сауркин яр» деген жер атауының түп негізі қазақша екенін біреу білсе, біреу білмес. Аталған облыстың Теректі ауданындағы биіктігі 40 метрлік, ұзындығы бір шақырымнан асатын жарды «Сауркин яр» дейді. Оның негізгі қазақша атауы Сәуір деген адамның есіміне байланыс­ты «Сәуір жары» екен. Жер-су атауларын картаға түсіруге келгендер қазақшаға тілдері келмей, «Сауркин яр»­ деп жазып жіберген. Бұл туралы ақын «Сәуір жары» атты өлең жазыпты. Табиғаты сұлу сол мекенді алғаш қоныстанған Сәуір қария ел-жұрттың құрметіне бөленген адам болыпты. Бұл өлеңнің соңғы шумағы:

«Белгілі алда талай жауын бары,

Заманның құлатпағай дауылдары.

...Ескерткіш табиғаттың өзі соққан –

Мәңгілік тұрғай енді Сәуір жары!» деген халықтың ізгі тілегін жеткізіп тұрғандай.

Қаламгердің жаңа жыр кітабынан Тақсай ханшайымы жерленген қорған кешені, 300-ден аса оба шоғырланған «Сегізсай» қорғандар кешені туралы, сондай-ақ батыр Құныскерейдің үңгірі жөнінде жазған жырларын оқуға болады. «Сегізсай» өлеңінде ақын:

«Бар шығар бұл даланың мың жұмбағы,

Сыр бүгер Құмның төсі, Қырдың бағы.

Аққұмның етегінде үш жүз оба –

Жатыр ма көне қала тұрғындары?», деп сыр шертеді.

Жинақтың екінші бөлімі «Шер-шындық» деп аталады. Онда ақын қоғамда орын алған әділетсіздікті, жағымпаздықты сын садағына алған. Желтоқсан мен Жаңаөзен қасіреттері де ақын жырына арқау болды.

«Жаһандағы қазақтың бар қайғысы

Жаңаөзеннің тұрғандай жанарында» деген көрікті ойлары оқырманды тол­ғандыратыны сөзсіз. Осы мағынадағы өлеңдері:

«Елім деп шырқала ма жаңа бір ән?

Білмеймін, кімге сеніп барады ұлан?

...Әйтеуір туатын бір келер Күннің

Болды тек қан көрмесем қабағынан!» деген тілекпен тәмамдалады.

 Кітаптың «Ерлерімен ел мықты» деген үшінші бөлімі тарихи тұлғаларға арналған. Соның ішінде ақынның «Әбілқайыр хан», «Сырым би» атты тарихи дастандары бар.

Бұл кітапты қолына алған адам Ғайса-Ғали ақынның әр өлеңінен әдемі ой иірімдерін, тың теңеулерді оқып, ана тіліміздің рухани байлығына қаныға түседі деп пайымдаймыз.

 

Ерсұлтан Бектұрғанов,

қоғам қайраткері

 

АСТАНА