Олимпиада • 06 Тамыз, 2024

Ендігі үміт – Нұрбек пен Назымда

193 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстаннның 10 боксшысы Сена өзенінің жағалауына жұлқынып келген еді. Өкінішке қарай, олардың сегізі сәтсіз өнер көрсетті. Атап айт­сақ, Аслан Шымбергенов (71 кг), Қамшыбек Қоңқабаев (+91 кг), Айбек Оралбай (80 кг), Махмуд Сабырхан (57 кг), Карина Ибрагимова (57 кг), Ва­лен­тина Хальзова (75 кг) сынды әлем­дік деңгейдегі додаларда олжа салып жүрген сақа спортшылар алғашқы айналымнан аса алмады.

Ендігі үміт – Нұрбек пен Назымда

Бастапқы бәсекелерде екі қар­сыласын қапы қал­дыр­ған Мұха­мед­сабыр Базар­бай­ұлы (63,5 кг) ширек финалда грузиялық Лаша Гурулиге есе жіберді. Дәл сол межеде Сәкен Бибосынов (51 кг) Хасанбой Дума­тов­пен күш сынасты. Айқас тең дәре­жеде өтті. Екеуі де аянбай айқа­сып, бір-бірін жақсылап тұрып төм­­пештеді. Алайда үшінші раунд­та қандасымыз қарқынын бәсең­детіп алды. Керісінше, өзбек бокс­шы­сы құштарлана түсті. Егер алғаш­қы екі раундта 3:2, 2:3 есебі тіркел­гені­мен, соңғысында барлық төреші Олим­пиа­да мен әлем чемпионы, Баркер кубогінің иегері, Азия ойындары жеңімпазының басымдығы айқын болды деп есептеді. Нәтижесінде, Дусматов жеңіс тойын тойлады.

Дүбірлі дода басталғалы бері әлеуметтік желілерде «қазылар қазақ боксшыларына қиянат жасап жатыр» деген сипатта әңгімелер өрбіп жүр. Бәлкім, солай да шығар. Бірақ босқа шулағаннан ештеңе өзгермейді. Төреші кімнің қолын көтерсе, жеңімпаз – сол. «Қарға қарғаның көзін шұқымайды» демекші қазылар оңайлықпен өз шешім­де­рін өзгертпейді. Әрі кетсе, бұра тарт­қан төрешілер жазаланып, жарыстан шеттетіледі. Ал одан бізге не пайда? Келіп-кетері жоқ. Соған әлдеқашан көзіміз жеткен. Әркімді бір табалап, әркімнен кінәрат іздеп, бекер байбалам салғанша бокстағы қалыптасып қалған ескі жүйе мен жаттығуды, басшылық құрамы мен бапкерлерді өзгерту керек. Қазақстандағы №1 спорт түрінің басы-қасында шын жан­ашырлар мен қолынан іс келетін аза­маттар жүруі қажет. Ел боксы­на жаңа леп, жаңа буын керек. Ке­зін­де осы спорт түрінің «отымен кіріп, күлімен шыққан», бүгіндері бап­керлік кәсіпті серік етіп жүрген жас мамандарға мүмкіндік берілсе, бәлкім іс оңға басып, тығырықтан шығармыз. Ең бірінші кезекте осы жағын ойластырғанымыз жөн.

Сонымен, жарыс жолында екі боксшымыз ғана қалды. Осыған дейін әзербайжандық Мұрат Алах­вериев пен доминикандық Крис­тиан Пиналесті жеңген 80 кг сал­мақтағы Нұрбек Оралбай финал­да украиналық Александр Хижнякпен айқасады. 28 жас­тағы Полтава тумасының Олим­пиа­даның күміс жүлдегері, әлем және Еуропа чемпионы, Еуропа ойындарының екі дүркін жеңімпазы деген атағы бар. Біздің Нұрбек те осал емес. 24 жастағы қандасымыз 2003 жылы Ташкентте әлем чемпионы атанды. Естеріңізде болар, осыдан үш жыл бұрын Токиодағы ойындардың ақтық сынында Хиж­няк бразилиялық Эберт Кон­сейсанды екі раунд бойы қуып жүріп сабады. Үшінші раундта да оның басымдығы бай­қалды. Бірақ жанұшыра алға ұм­тылған қарсыласын Консейсан бәсеке аяқталар тұста жақсылап тұрып күтіп алып, оны ауыр нокаутқа жіберді. Аяғынан әзер тұрған Александрдың өзі­нің опа­сыздығына күйінгені сон­шалық, оның зарлы даусы «Кокугикан Аренасын» жаң­ғырт­ты. Дәл сондай ерлік қайсар қазақ­тың да қолынан келеді деп ойлаймыз. Бұл жекпе-жек 8 тамызда өтеді.

Аса жеңіл салмақтағы Назым Қызайбайдың да қазіргі қарқыны жақсы. Италиялық Джордана Соррентино, бразилиялық Алмей­да де Каролине және колум­бия­лық Ингрит Валенсияны қапы қалдырған ол жартылай финал­ға жолдама алды. Бұл межеде­ Назым былтырғы әлем чем­пионы, Азия ойындарының жеңім­пазы, қытайлық У Юмен шебер­лік байқасады. Келесі бәсе­кеде түркиялық Бусеназ Шәкіроғлы мен филиппиндік Айра Велегас шеберлік байқасады. Бұл тартысты 7 тамызда тамашалаймыз.