Олимпиада • 06 Тамыз, 2024

Нора сенімді ақтай ма?

159 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстанның жеңіл атлетика тарихындағы тұңғыш әлем чемпионы Нора Джерутодан да күтеріміз көп. 3 000 метрге кедергілер арқылы жүгіруде ол мәреге 9 минут 16,46 секундта жетіп, бесінші сатыға тұрақтады. Осы көрсеткіш оның финалға жолдама алуы үшін жеткілікті болды. Енді ақтық сында тек желмен жарысқан жүйріктер ғана сайысқа түседі. Арасында осалы жоқ. Барлығы да мықты. Десек те біз Джерутадан аса жоғары нәти­же күтеміз. Дәл осы желаяқ Қазақ­стан құрама командасының қор­жы­­н­ына тағы бір медаль салуға тиіс.

Нора сенімді ақтай ма?

Іріктеу сайысы аяқталған тұста БАҚ өкілдеріне берген сұх­батында Нора: «Олимпиадаға қатысуды балау­са шағымнан армандадым. Маған сон­дай мүмкіндік беріп, даңғыл жол ашып берген Қазақ еліне дән ризамын. Былтыр менің нәрестелі болғанымды біле­сіздер. Қазір балам бір жасқа толды. Де­креттік демалысымды тез аяқ­тап,­ төрт­жылдықтың басты додасына тыңғылықты даярландым. Өйткені жауап­кершіліктің жүгін жан-тәніммен сезіндім. Қазіргі кезде барша Қазақстан халқы менен жүлде күтіп отыр. Солар­дың сенімін ақтау үшін еш аянбаймын», деп ақтарыла сөйледі.

Ұлттық командамыздың са­пындағы тағы бір кениялық легио­нер Дэйзи Джепкемей 10-орын алып, жарыс­ты мерзімінен бұрын ақтады. Бірақ ол әлі 10 000 метрлік қашықтыққа жү­гіреді. Бәлкім, Дэйзи сол сайыста тәуір нәтиже көрсетер. Сондай-ақ 200 метрге жүгіруде Ольга Сафронованың да үздіктер қатарынан көрінуге мүм­кіндігі бар. Олимпиаданың ашы­лу салтанатында Асланбек Шым­бер­ге­новпен бірге ту ұстап шық­қан танымал спортшы іріктеу сынында 8-орынды иемденді. Уақыты – 23,58 секунд. Енді Ольга жұбаныш бәсекесіне қатысады. Ал Елизавета Матвеева мен На­дежда Дубовицкая (биіктікке се­кіруші), Әсем Орынбай мен Эдуард Ещенко (стенд атушы), Даниил Мұсабаев (батутта секіру), тағы басқа да спортшылар өз жанкүйерлерін жерге қаратты.

Кеше грек-рим күресі ше­бер­лері өз бәсекелерін баста­ды. Алғашқы болып бозкі­лім­ге ең жеңіл салмақтағы Айдос Сұл­танғали мен аса ауыр сал­мақтағы Әлім­хан Сыздықов шықты. Айдос Қыр­ғызстанның мақтанышы Жола­ман Шаршенбековпен айқасса, Әлімхан Румынияның беткеұстары Алин Чурариумен күш сынасты. Бүгін «клас­сик­тердің» жарысы жалғасады. Алда­ғы күндері біз әйелдер күресі мен еркін күрес шеберлерінің тартысын ­тамашалаймыз.

P.S. Париж Олимпиадасының жалпы командалық есебінде АҚШ құрамасы алға шықты. Америкалықтардың қоржынында 19 алтын, 26 күміс және  26 қола медаль бар. Оларды Қытай өкшелеп келеді. Аталған елдің өкілдері 19 алтын, 15 күміс және 11 қоланы олжалады. Үздік үштікті Франция түйіндеп тұр. Жарыс қожайындары ­12 алтын, 14 күміс және 18 қоланы еншіледі. Сондай-ақ ТОП-10 команданың қатарында Аустралия (12+11+8), Ұлыбритания (10+12+15), Оңтүстік Корея (10+7+7), Жапония (9+5+10), Италия (7+10+5), Нидерланд (6+5+4), Германия (5+5+2) құрамалары бар. Бұл тізімде Қазақ­стан 29-орында тұр. Отан­дас­тарымыз әзірге 1 алтын, ­ 1 күміс, 2 қоланы қанағат тұтып отыр. 

 

Соңғы жаңалықтар