Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Бұдан бірнеше жыл бұрын «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Шалқар филиалына қарасты демалыс орындарын аралап, олардың иелерімен туризмді дамыту туралы әңгімелескен едік. «Сіздер жазда туристерге шағын ағаш үйшіктеріңізді ұсынғанша, неге кемінде үш жұлдызды қонақүй салып, жыл бойы қызмет көрсетпейсіздер?» деген сұрағымызға жергілікті кәсіпкерлер: «Жалға алып отырған жерге қонақүй салу үлкен тәуекелге бару деп санаймыз. Жер өзіңдікі болмаған соң, бір күні шенеуніктер «Бұл жерді босат» демесіне сенім жоқ. Егер жер жекеменшігімізге берілсе, үш жұлдызды түгіл, бес жұлдызды қонақүй салуға да қаржы табар едік», деп жауап берген еді. Нақ осы мәселе елімізде туризмнің тұралап тұрғанының басты себебінің бірі болса керек.
Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 13 маусымда туризмді дамыту жөнінде өткізген кеңесте ұлттық парктер мен орман қорына тиесілі аймақтарда жер телімін бөлу мәселесі заң тұрғысынан қиындағанына байланысты бизнес өкілдері тарапынан шағым түсіп жатқанын, мұның өзі ұзақмерзімді инвестиция салу және туризм инфрақұрылымын дамыту мүмкіндігін шектейтінін атап айтты. Мемлекет басшысы Үкіметке туризм саласын қарқынды түрде дамыту үшін шұғыл әрі жүйелі шаралар қабылдауды тапсырды.
Осы мақсатпен былтыр Туризм және спорт министрлігі құрылғаны мәлім. Бұл мемлекеттік орган туризмді дамытуда басымдық берілетін 20 аумақты айқындапты. Олар – Батыс Қазақстан облысындағы Ханордасы, Ақтөбе облысындағы Қарғалы су қоймасы, Қостанай облысындағы туристік кешен, Ақмола облысындағы Щучье-Бурабай курорттық аймағы, Солтүстік Қазақстан облысындағы Имантау-Шалқар курорттық аймағы, Павлодар облысындағы Баянауыл курорттық аймағы, Шығыс Қазақстан облысындағы Катонқарағай курорттық аймағы, Абай және Жетісу облыстарындағы Алакөл курортты аймағы, Алматы тау кластері, Жамбыл облысындағы «Көксай resort» туристік орталығы, Қарағанды облысындағы Балқаш курорттық аймағы, Түркістан туристік аймағы, Қызылорда облысындағы Байқоңыр ғарыш айлағы, Ұлытау облысындағы Ұлытау аулы, Маңғыстау облысындағы жылы жағажай, Атырау облысындағы Сарайшық қалашығы, Шымкент қаласындағы Гастрономиялық туризм орталығы және Астана қаласының туристік ауданы. Алайда Мемлекет басшысы Үкіметтің бір мезгілде барлық өңірде 20 туристік аймақты дамыту жоспарын сынға алып, мұндай тиімсіз тәсіл мемлекеттің шектеулі ресурсын зая кетіретінін айтты. Президент Қазақстан туризмінің әлемдік деңгейдегі төлқұжатына айналуға лайық анағұрлым перспективті нысандарды қысқа мерзім ішінде ретке келтіруді тапсырды. Бұл – Алматы тау кластері, Щучье-Бурабай курорттық аймағы және Маңғыстау жағажай туризмі.
Осы орайда Ұлттық статистика бюросының мына мәліметі назар аударарлықтай: былтыр еліміздің курорттық аймақтары 6 361 619 туристі қабылдаған болса, оның 3 418 266-сы Алматы тау кластерін таңдаған. Щучье-Бурабай курорттық аймағын 1 201 262 турист тамашалаған. Маңғыстау курорттық аймағына 357 298 турист ат басын тіреген. Алакөл курорттық аймағының Абай облысына қарасты жағы 267 417 туристі, Жетісу облысына қарасты жағы 85 699 туристі қабылдаған. Баянауыл курорттық аймағында – 226 968 турист, Түркістан туристік аймағында – 121 417 турист, Алматы курорттық аймағында – 111 139 турист, Сарыағаш курорттық аймағында – 110 888 турист, Балқаш курорттық аймағында – 109 944 турист, Зеренді курорттық аймағында – 73 622 турист, Алтай курорттық аймағында – 73 229 турист, Имантау-Шалқар курорттық аймағында – 62 803 турист, Бұқтарма курорттық аймағында – 52 480 турист, Катонқарағай курорттық аймағында – 20 663 турист, Қостанай курорттық аймағында 16 728 турист тыныққан. Осы деректерге қарап-ақ Мемлекет басшысының еліміздегі курорттық аймақтардың ішінде қайсыларын бірінші кезекте дамыту жайлы пайымымен келісуге болады.
Ал Алматы қаласы Қазақстан туризмін дамытудың басты орталығы саналады. «Оңтүстік астананың» қонақүйлерінде былтыр 2 084 578 турист аялдаған. Бірақ бүгінде мегаполистің туристік инфрақұрылымы жеткіліксіз болып отыр. Демалыс және мереке күндері Шымбұлаққа барушылар саны оның туристерді қабылдау мүмкіндігінен 2,5 еседей асып түседі. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Алматы тау кластерін Алматы облысындағы Түрген шатқалында жыл бойы жұмыс істейтін тау курортын салу арқылы одан әрі дамытуды тапсырды.
«Қазақстанның Швейцариясы» атанған Щучье-Бурабай курорттық аймағының тамылжыған табиғаты мен тарихи-мәдени ескерткіштері отандық және шетелдік туристер үшін өте тартымды. Әсіресе демалыс күндері Бурабайға бет түзейтін астаналықтар легінде толас жоқ. Өкінішке қарай, осы курорттық аймақтың инфрақұрылымын дамыту барысы мәз емес. 2012 жылы қабылданған Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамыту жоспары әлі күнге толық іске асырылған жоқ. Демалыс орындарында тазарту қондырғылары орнатылмаған, сондай-ақ су құбырлары мен жылу көздерінің құрылысы да аяқталмаған. Себебі жоспарланған 126 млрд теңгенің іс жүзінде 35 млрд теңгесі, яғни 28 пайызы ғана бөлінген. Бұл факті де бюджет қаржысын әуелі әлеуеті зор нысандарға салу қажеттігін айғақтайды. Осыған орай Мемлекет басшысы Үкімет пен Ақмола облысының әкімдігіне Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамыту жоспарына енгізілген жобаларды қысқа мерзімде аяқтауды тапсырып қана қоймай, осы курорт маңында орналасқан Ақбура, Жөкей көлі, Қатаркөл, Текекөл және басқа да жаңа туристік аймақтарды дамыту, Бурабай курортына Астана, Қарағанды, Павлодар, Өскемен қалаларынан жедел қатынайтын пойыздарды іске қосу міндетін де қойды.
Президент Маңғыстау жағажай туризмін дамыту мақсатында Үкіметке Маңғыстау облысының әкімдігімен бірлесіп, Каспий теңізі жағалауындағы туризм инфрақұрылымының сапасын арттыру үшін Дубай мен Баку қалаларының тәжірибесін ескере отырып, Ақтау қаласының бас жоспарын қайта қарауды тапсырды. Бұған қоса Ақтауға Алматы, Ақтөбе, Шымкент және Атырау қалаларынан қатынайтын әуе рейстерінің санын арттыру, «Жылы жағажай» аумағындағы жобаларды биыл жыл соңына дейін аяқтау, Кендірлі демалыс аймағын дамыту ісін жеделдету міндетін жүктеді.
Қазақстанның туризм саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында туризмнің ішкі жалпы өнімдегі үлесін 2025 жылы 8 пайызға дейін жеткізу басты мақсат ретінде белгіленген. Алайда оның қазіргі орындалу барысы көңіл көншітпейді. Сонымен қатар республиканың туристік саласын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында 2029 жылы туризм саласында жұмыспен қамтуды 800 мың адамға дейін ұлғайту, ішкі туристер санын 11 млн адамға, шетелден келуші туристер санын 4 млн адамға жеткізу, саяхат және туризмді дамытудың жаһандық индексі бойынша Дүниежүзілік экономикалық форум рейтингінде 50-орынға көтерілу көзделген. Демек Үкімет туризмді дамытуға соны серпін беретін пәрменді шараларды қабылдауға тиіс. Соның ішінде осы саланы өркендетуге байланысты әрқайсысына әртүрлі міндет жүктелген мемлекеттік органдардың жұмысын жүйелі түрде үйлестіріп отыру қажет. Мәселен, Бурабай курортына көршілес Ресейдің Омбы облысынан жазға қарай жеңіл көліктерімен ағылып келетін туристер Қазақстан шекарасынан өтіп, республикалық маңызы бар Бидайық – Кішкенекөл – Көкшетау автомобиль жолына түскен соң Солтүстік Қазақстан облысының Ақжар ауданындағы Дәуіт аулына дейін ойдым-ойдым жолдан машақат шегеді. Осы ұзындығы 115 шақырымдай жолды қалпына келтіру 3 жылға созылмақшы. Егер Көлік министрлігінің жоғары лауазымды шенеуніктері туризмді дамытуға мүдделі болса, онда осы жол учаскесін әрі салғанда екі жылдың ішінде жөндеп бітірер ме еді деген ой келеді. Сондықтан да әйгілі мысалдағыдай, туризм саласында «Аққу – көкке, шортан – көлге, шаян – шөлге» тартқандай кереғар жағдай қалыптасуына жол бермеген жөн.