Еліміз табиғи ресурстарға бай мемлекет ретінде, экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге ерекше мән беріп отыр. Соңғы жылдары елде экологиялық жағдайды жақсарту және «жасыл» экономикаға көшуде айтарлықтай жетістікке қол жеткізілді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында жасыл экономиканы дамыту мәселелеріне тоқталды: «Үкімет энергетикалық тиімділік саясатын түбегейлі қайта қарауға тиіс. Онда Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттары ескерілуі керек. Энергетиканы тиімді пайдалануға және басқа да ресурстарды үнемдеуге қатысты нақты нормативтік талаптарды біртіндеп енгізу қажет. 2029 жылға қарай энергияны тұтынуға және энергия шығынына байланысты негізгі көрсеткіштер кемінде 15 пайызға азаюға тиіс. Біз «жасыл» экономиканы дамыту мәселесімен мықтап айналысуымыз керек. Болашақта бүкіл әлем таза энергетикаға көшетіні сөзсіз», деді Мемлекет басшысы.
Елімізде қоршаған ортаны қорғау және экологиялық проблемаларды шешу қажеттілігі күн санап артып келеді. Бұл мәселелердің шешімі «жасыл» экономикаға көшу арқылы мүмкін болмақ.
Қазақстан БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған стратегияларды жүзеге асырады. Бұл елдің экологиялық және экономикалық тұрақтылығын арттыруға ықпал етеді.
Табиғи ресурстарға тәуелділікті азайту мақсатында «жасыл» экономикаға көшу – елдің экономикалық тұрақтылығын арттырудың маңызды құралы.
Қазақстан қоғамдық даму институтының 2024 жылғы II тоқсандағы «Қазақстандағы қоғамдық-саяси жағдайдың негізгі индикаторлары бойынша тоқсан сайынғы сауалнама» әлеуметтанулық зерттеуінің қорытындысында республика халқының 56,3%-ы экологиялық жағдайға алаңдаулы екенін көреміз.
Әлемдік экология мәселесін көтеретін Экологиялық тиімділік индексі (Environmental Performance Index) жыл сайын жарияланып отырады. 2024 жылғы Экологиялық тиімділік индексі (EPI) климаттың өзгеруі мен ауаның ластануын азайтудан бастап қалдықтарды басқаруға, балық шаруашылығы мен ауыл шаруашылығының тұрақтылығына, ормандарды кесуге және биоәртүрлілікті қорғауға дейінгі мәселелердің 11 санаты бойынша 58 көрсеткішті біріктіреді. Төменде биылғы экологиялық тиімділік индексі бойынша алғашқы бестікке енген мемлекеттердің және Қазақстан көрсеткіштері салыстырмалы кестеде көрсетілген.
Рейтингтегі орны |
Мемлекет атауы |
Индекстегі ұпайы |
1 |
Эстония |
75.3 |
2 |
Люксембург |
75.0 |
3 |
Германия |
74.6 |
4 |
Финляндия |
73.7 |
5 |
Ұлыбритания |
72.7 |
74 |
Қазақстан |
47.5 |
84 |
Ресей |
46.5 |
104 |
Өзбекстан |
42.9 |
109 |
Қырғызстан |
42.2 |
154 |
Қытай |
35.5 |
Дереккөз: Environmental Performance Index 2024
Жетекші елдердің басында Эстония, Люксембург және Германия сияқты Еуропа елдері тұр. Бұл елдерде жаңартылатын энергия көздері кеңінен қолданылады, сондай-ақ экологиялық саясат пен инновация белсенді түрде дамып келеді.
Еліміз 47,6 ұпаймен 74-орыннан көрінді. Бұл көрсеткіш Қазақстанның экологиялық саясатты жақсарту және жаңартылатын энергия көздерін дамыту жөнінде әлі де жұмыс істеуі керектігін көрсетеді. Осы орайда, соңғы жылдары елімізде «жасыл» экономикаға көшу бағытында бірқатар маңызды жетістікке қол жеткізілді.
Қазақстан соңғы жылдары энергияны үнемдеу және жаңартылатын энергия көздерін енгізу бойынша белсенді қадам жасап отыр. Жел және күн электр стансаларының құрылысы – осы бағыттағы маңызды жобалар.
Экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында өткізілетін «Таза Қазақстан» акциясы елімізде кең қолдау тапты. Акцияның мақсаты – қоршаған ортаны ластанудан қорғау, табиғатты сақтау және халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Жыл сайын мыңдаған ерікті өзен-көлдер мен ормандарды тазалауға, қала мен ауылдардағы қоқысты жинауға қатысады.
Қазақстан үкіметі экологиялық заңнаманы жаңартуға ерекше көңіл бөліп келеді. 2021 жылы қабылданған жаңа Экологиялық кодекс жасыл жобаларды жүзеге асыруға ынталандыру шараларын енгізді.
Қазақстан «жасыл» облигациялар шығару арқылы экологиялық жобаларды қаржыландыруды арттырады. Бұл қаражат «жасыл» экономиканың дамуына, экологиялық таза жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді.
Су ресурстарын басқару, жерді пайдалану және биоәртүрлілікті қорғау мәселелерінде еліміз бірнеше халықаралық бастамаға қосылып, бұл бағыттарда айтарлықтай ілгерілеушілікке қол жеткізді.
Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшуі – тұрақты дамудың маңызды бөлігі. Елдің осы бағыттағы жетістіктері экологиялық тұрақтылық пен экономикалық өсу арасындағы теңгерімді табуға мүмкіндік береді. «Таза Қазақстан» акциясы сияқты бастамалар арқылы халықтың экологиялық санасын дамытып, елдің «жасыл» экономикаға көшудегі жетістіктерін нығайтуға болады. «Жасыл» экономикаға көшу арқылы Қазақстан жаһандық экологиялық мәселелерді шешуге өзіндік үлесін қоса отырып, халқымыздың әл-ауқатын арттыруды мақсат етеді.
Дамир БЕЛГІБАЕВ,
Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы