Таным • 07 Тамыз, 2024

Ел тарихының еңселі кезеңі

274 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Бүгінде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бастамасымен «Қазақстан тарихы ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейін» 7 томдық іргелі ғылыми еңбек әзірленіп жатыр. Бұл еңбек үш тілде жарыққа шығып, барлық әлем университеті мен академиялық ортаның Қазақстан тарихы туралы ауқымды мәліметтер алуына, қолдануына мүмкіндік береді.

Ел тарихының еңселі кезеңі

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Кәсіби тарих ғылымын жүйелі зерттеу, дәлелдемелерді мұ­қият тексеру және жоғары тәртіпті пайымдау арқылы өткенге жақындаймыз. Кейбір жағдайда бір құбылыстың мәнін бірнеше теория шеңберінде түсіндіруге тура келеді. Мысалы, КСРО-ның ыдырауына қатысты көптеген бәсекелес гипотеза бар. Әр гипотеза өз тәсілі шеңберінде ақиқатты баяндайды. Осы себепті Қазақстанның, қазақтың өткеніндегі әрбір тарихи сәтті зерделеумен шектелмей, оны әртүрлі әдістің, параллель теорияның көмегімен баяндаудың уақыты келді. Мұндай көзқарас зерттеу нысаны туралы кең мағлұмат топтастыруға көмектеседі. Осындай бағыттағы жұмыстарға шетелде тұратын әрі әлемнің жетекші ғылыми мекемелерінде жұмыс істеп жатқан отандық ғалымдарды да тарту басымдыққа ие. Осылайша, көзқарас алуандығын қалыптастыру үшін бір кезеңді зерттеу бойынша бірнеше орталықтың, ғылыми мектептің жұмыс істеуі маңызды. Бұл осы орталықтар немесе мектептер арасындағы бәсекелестікті дамытып, пікірталасты күшейтеді. Бүгінгі күні тарихшылардың ғана емес, жалпы, басқа көптеген ғылым саласында өзіндік мектеп қалыптастыру дәстүрін дамыту заман талабына айналып отыр.

Кез келген ғылым сияқты тарих пәні де әрі қарай дамып, жан-жақты зерттеулердің арта беретіндігі анық. Ол зерттеулердің сандық қана емес, сапалық тұрғыдан артуы үшін қол жеткен жетістіктерге тоқмейілсімей, кеткен кемшіліктер мен келешек басымдықтарды анықтау тұрғысынан тарихты зерттеуші субъектілердің өз ісін сыни рефлексия­мен ой таразысынан өткізген дұрыс. Қазіргі белес­те кәсіби тарихшылардың алдында төрт іргелі міндет тұр: бірінші – тарихты жаһандық деңгейде қарас­тыра отырып, ұлттық болмысымызды сақтап, әлемдік ғылыми кеңістіктің бөлігі ретінде тұжырымдау; екінші – ғылыми-рационалды ойлау арқылы тарихты объективті конструкциялау; үшінші – тарихи зерттеулерді интенсивті бағытқа бұру негізінде өткеніміз туралы білімді тереңдету; төртінші – тарих пәнін оқытудың жаңа әдістерін әзірлеу мен тарихшы мамандардың кәсіби құзыреттілігін жетілдіру.

Еліміз тәуелсіздік алғалы бері тарих ғылымында шешілмей келе жатқан ең ауқымды мәселенің бірі – өткен тарихи оқиғаларды сол заманғы тектоникалық үдерістер шеңберінде бағалау, жаһандық өзгерістер толқыны аясында зерттеу. Мысалы, ХІХ ғасырдағы Абай, Ыбырай сияқты әлем жаңалықтарынан хабардар тұлғалардың қызметі, ішкі тартыс­тар мен сыртқы күштер әрекеті салдарынан дамудың көшінен кейін қалып қойған қоғамын өзгертуге мақсатты түрде бағытталды. Алаш қайраткерлерінің де мемлекеттілікті қалпына келтіру жолындағы сан салалы қызметтері жа­һандық өзгерістермен астасады, тұжырымдап айтқанда, әлемнің сын тегеурініне жауап беруге қабілетті болды. Қазақстан тарихындағы құбылыстарды халықаралық ғылымда орныққан теориялар шеңберінде қарастыруға кедергі келтіріп отырған факторлардың басында бір ғасырға жуық ғылымның оқшау дамуы тұрса керек. Кеңестік жүйеде басқа ғылымдар сияқты тарих ғылымы да жаһандық тенденциялардан оқшауланып, одан тысқары бөлек дамыды. Соның салдарынан әлемдік парадигмада орныққан теориялар мен әдіснама, халықаралық академиялық қоғамдастық ішіндегі дискуссиялардан тыс автономды өзіндік ғылыми орталық қалыптасты. Ұзақ жылдар бойы үзіліп қалған сол коммуникация ықпалы әлі күнге дейін сақталып келеді. Ғылымда басым қолданылатын ағылшын тілін білетін, халықаралық академиялық стандарттардан хабардар тарихшылардың қалыптасуы ұзақ уақыт жүретін үдеріс. Осы контекстте «500 ғалым» бағдарламасы зерттеушілердің, оның ішінде тарихшылардың шетелдік әріптестерімен қарым-қатынасына серпін бергенін атап өткен жөн.

Өзгермелі уақыт пен кеңістік талабы жаңа теориялық көзқарастарды да қалыптастырды. Үнемі ғылыми білім жаңарып, теориялық дискурстар толассыз жалғасып отыр. Модерндік кезеңге тән қатынасымызды бағамдасақ, елдік тарихты зерттеуде шартты кеңістіктен шығып, мегатарихқа ұмтылу маңызы артпақ. Кейінгі үш онжылдықта тарихи ойдың негізгі ағымдарының ішінде әлемдік, трансұлттық, жаһандық сипаттар ерекше маңызға ие болып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, жергілікті, аймақтық және ұлттық тарихтағы құбылыстардың жаһандық аспектілерін және олардың тарихтың жаһандық ағымдарына кері байланысын бақылайтын «глокальды» тәсіл кеңінен тарап келеді. Осы екі тәсілді пайдаланып, бір жақтан, ұлттық тарихымызға жаһандық трендтер шеңберінде қарау, екінші жақтан, жергілікті үдерістің сыртқы дүниеге ықпалын таныту қажет. Ұлттық тарихқа жаһандық трендтер аясында қарауға қабілетті тарих мемлекеттік мүддеге сүбелі үлес қосады. Шетелдік тәжірибеде бірқатар ел осы бағыттағы үздік жобаларына сүйеніп жылжып келеді. Мәселен, Корея Республикасында 2010 жылы «Корея тарихын танымал ету» және «тарих бойынша білім беруді күшейту» мақсатымен Ұлттық тарихты жинақтау комитеті веб-сайт жасап, жыл сайын әртүрлі мазмұнды дамытып, толықтырып отыр. Осы орайда 2011 жылы жаңа Корея тарихының 52 томы дайындалды, 2016 жылы Корей мәдени тарихының 40 томдығы өңделді. Қазірде 2034 жылға дейін ЮНЕСКО-ның Әлемдік жадына енгізу үшін Чосон (Кор. 조선) тарихына қатысты архивтік құжаттарынан 70-томды дайындау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оның үстіне ЮНЕСКО-ның «Әлем жадысы» тізіміне Чосон әулетінің жылнамасы ретінде тіркелген Джозеон Ванджо Силлок әулетінің бүкіл кезеңіндегі 471 жылдан астам (1392-1863) тарихын құжаттайтын 1707 томды ағылшын тіліне аудару нәтижесінде онлайн режімде барлық тұтынушыға қолжетімді болмақ.

Ел тарихы үшін өзекті проблеманың бірі – тарихи оқиғалар мен құбылыстарды өз заманындағы шарттар контекстінде және салдарларының кейінгі даму шарттарына әсері туралы бүгінгі біліммен объективті бағалау. Яғни тарихты объективті конструкциялау. Кеңестік кезеңде зерттеуге «шектеу» қойылған тарих беттерін сапалы талдау әлі күнге дейін жасалып бітпеді. Тәуелсіздікке дейінгі тарихтың ақтаңдақ беттеріне одан кейінгі жылдардағы оқиғаларды біржақты интерпретация­лау қосылды. Ұлттың өткені, әсіресе бүгінгі тарих туралы салқынқанды және бейтарап баға беруге кедергі келтіріп отырған екі үлкен факторды бөліп көрсетуге болады. Бірінші фактор, тарих ғылымы саясаттың ықпалында қалып қойды. Тарихи оқиғаларға саяси жүйедегі көзқарастың шаблонында интерпретация беру дәстүрі шынайылық­қа ауыр соққы болды. Екіншіден, кәсіби тарихшылардың аздығы. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары бұрын жабық немесе назар аударылмай келген тақырыптардың өзектілігі айқындалып, объективті тұрғыдан заман талабына сай зерттеле бастады. Алайда осы кезеңде тарих ғылымы да өзге ғылым салалары секілді бірқатар қиыншылық пен кедергіге тап болды. Мәселен, ғылымға қолдаудың төмендеуінен білікті кадр­лар мен ғылыми әлеуеті бар жастардың басқа салаға кету тенденциясы күшейіп, соның салдарынан бос қалған кеңістікті «әуесқой» тарихшылар толтырды.

Тарих ғылымының өнімін, дерек көздерін білім тұрғысынан тұтыну – ортақ бірегейлік пен біртұтастықтың қайнар көзі. Білім берудің заманауи философиясы оқушылардың алған білімдерін өмірде қолдануына, яғни функционалды сауаттылығын арттыруға бағытталған. Оқушылар оқығанын түйіп қана қоймай, оны тоқып, әрі қарай өзінің және мемлекеттің игілігі үшін тәжірибеде қолдануы маңызды. Осы тұрғыдан жастардың азаматтық көзқарасының қалыптасуына, отанын сүюіне, мемлекетшілдік сананы, елінің жарқын болашағы үшін қызмет етуіне қажетті сананы қалыптастыратын бірден-бір пән ол – тарих. Тарих пәні өткенге құрмет сезімін орнықтыруға жол салумен бірге өмір сүріп отырған уақыт пен кеңістікті түсініп, қабылдауға көмектеседі. Осы тұрғыдан мектеп пен жоғары оқу орындарында оқытылатын тарих пәні бағдарламасының мазмұнын жаңарту – заман талабы.

Болашақ тарихшыларды даярлау ісінде мамандану мәселесіне мән беру қажет. Ғылыми әлеуеті бар тарихшы­лар­ды алғашқы курстан-ақ ғылыми жұ­мыспен айналысуына жағдай жасап, 3-4 курста бір бағытқа мамандандырып, сол сала бойынша білімін тереңдетуіне көңіл бөлу маңызды. Сол кезде магис­тратурада маманданған саласын жалғап, магистрлік жұмыс жазатын тақырыбына тереңнен нәтижелі келеді. Қоғам тарихын зерттеушілердің әлеуметтану, экономика пәні сияқты зерттейтін мәселесі туралы базалық білімін қамтамасыз ету өзекті. Бұл пәнаралық байланыстарды тереңдету мен зерттеулер коллаборация­сы үшін де маңызға ие. Кәсіби тарихшыларды даярлаудағы ең өткір мәселе – олардың архаикалық тіл мен грамматиканы, ескіше жазу мен лексиканы білу мәселесі. Мәселен, араб, шағатай, парсы және өзге де тілдерді меңгерген әрі қолжазба оқуға қабілетті тарихшы мамандарды әзірлеу бізде кешеуілдеп тұр. Тіпті 1920-1930 жылдары төте жазумен жазылған деректер еліміздің барлық архивінде толып тұр. Ендеше, олардың бәрін ғылыми айналымға енгізу қиын. Себебі төте жазуды оқитын мамандар саусақпен санарлықтай. Одан кейін ХХ ғасырдың ортасына дейінгі қазақ зиялыларының тілінде араб, парсы сөздері өріп жүреді. Олардың еңбектерін зерттеу, интерпретациялау үшін араб, парсы, түрік тілдерін меңгеру қажет. Абайдың қарасөзде­рін түпнұсқада оқып, түсіне алмайтын тарихшылар көп. Осы бағытта тарих мамандығына кадр даярлауда арнайы мақсатты тілдерді қосып үйрету және аса сирек қолжазбалардың түпнұсқаларын оқып-тану, білу жолдарын орнықтыруға сұранысты арттыру керек. Сондықтан тарихшы студенттер арасында Түркиямен, Иранмен, араб елдерімен академия­лық ұтқырлық мүмкіндігін күшейту қажет деп санаймыз. Осы ретте тарих бағытында «Болашақ» халықаралық бағ­дарламасымен мамандардың кәсі­би деңгейін тереңдетуге маңызды қа­дам­дар жасалды. Бағдарлама ашыл­ған­нан бас­тап бүгінге дейін тарих ма­ман­дығының түлектері – 48 адам, оның ішінде докторант­тар – 1, аспиранттар – 1, магистрлер – 1. Соңғы үшеуі де Ресей Федерациясында оқыған. Ал тағылымдамадан 45 адам өтсе, оның 15-і – Ресейде, АҚШ-та – 9, Түркияда – 10, Ұлы­бри­танияда – 7, Ита­лияда – 1, Литвада – 1, Нидерландта – 1, Польшада 1 адам біліктілігін арттырды.

Дегенмен «Болашақ» бағдарламасы­мен оқуға рұқсат етілетін жоғары оқу орын­дары тізімін қалыптастырғанда әлем­­дік рейтингті ғана емес, маман­дық­тың ішкі қажеттілігін ескерген жөн. Осы ретте тарихшыларды Иран, Мысыр, Түркия, Өзбекстан елдеріне жіберген абзал. 

Қорытындылай келе, Қазақстан тари­хын оқиғалар хронологиясы мен фак­тілердің жиынтығы ретінде көрсетуден және жеке тұлғалардың субьективті көз­қарастың тықпалауынан арылтып, әрбір өткен құбылысты шынайы зерделеп, талдап, адекватты бағалау жолы­мен бо­лашақ үшін кейс ретінде қабыл­дай­тын прагматикалық көзқарасқа ба­сым­дық берген жөн. Бұл туралы Мем­лекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында: «Өткен заманды орынсыз қазбалау жақсылық әкелмейді, оның пайдасынан гөрі зияны көп. Өткен іс өтті, енді оны ешкім өзгерте алмайды», деген еді. Осы орайда ел тарихын ұлттық сана деңгейіне көтеру аса маңызды. Өткеннен жақсы жетістіктерді үйреніп, келесі ұрпаққа тарихи мұраны тұтас аманаттау – бүгінгі ғылымның негізгі міндеті.

 

Нұрбек ПҰСЫРМАНОВ,

Мемлекет тарихы институтының директоры, PhD