«WhoockAI» – IT-компанияларға жас IT-әзірлеушілерді жасанды интеллектіге алмастыруды ұсынады. Иә, қазіргі сервистер сайт жасауды неғұрлым жеңілдеткен. Дегенмен «frontend», «backend», деректер қоры дегенді білмейтіндер өз бетімен бұл істі алып кете алмайды. Ал Whoock-тың мақсаты – кез келген адам сайт жасай алатындай «no-code» шешім құрау болды. ChatGPT нарыққа еніп, көбі жасанды интеллект негізінде кейбір нәрселерді жақсы әрі жылдам жасай алатынын түсіне бастады. Әрсен де стартапқа AI тәсілді енгіземіз деп шешкен. Басында веб-сайт жасап жүрген жігіттер, кейіннен стартапты дамытып, жасанды интеллект жұмысшыларын даярлай бастаған.
«Біз AI-мен жұмыс істеуден мықты екенімізді түсіндік. Бұл дағдыны басқа компанияларға сатамыз деп шештік. Атап айтқанда, әзірлеушілерге жұмсалатын ақшаны азайту үшін IT-бизнеске жасанды интеллект енгізуге көмектесе бастадық. Сондықтан «Whoock»-тің қазіргі негізгі идеясы – компаниялардың техникалық командаларындағы «біліктілігі бастапқы деңгейдегі бағдарламашыны» алмастыру. Яғни олар біздің жасанды интеллектімізді бот ретінде қосады, оған тапсырма береді, ал жасанды интеллект адам сияқты код жазады. Болашақта бұл виртуалды жұмысшы поштадағы хабарламаларға жауап беріп, топтық жиналысқа қатысатындай дәрежеге жетуді жоспарлап отырмыз», деді Әрсен.
Бұл электронды маманды барлық сала қолданады. Әсіресе тез шешім қабылдап, гипотезаларды салыстыра алатын жұмысшы қажет болса, электронды маман даяр. IT-компанияларда бос жұмыс орнын осы бот-әзірлеуші алмастырады. Тіпті ірі компаниялар веб-әзірлеушілерді жасанды интеллектімен алмастыру арқылы көп ақша үнемдемек. Негізі елімізде енді бастаған бағдарламашылардың жалақысы айтарлықтай төмен. Ал АҚШ-та тіпті жаңа бастаған IT-маманына мол ақша төлеу қажет. Компанияның жас мамандарға айлық төлеп қана қоймай, оқыту керегін ескерсек, бұл стартап IT салаға тамаша жаңалық әкеледі.
«Біздің ботқа ай сайынғы жазылу үшін компания 149 доллар төлейді. Қазақстандағы бастапқы деңгейдегі бағдарламашылардың орташа жалақысы 400–500 доллар болса, АҚШ-та мыңдаған доллармен өлшенеді. Сөйте тұра, біздің AI әзірлеуші көлемді жұмысты атқарады. Болашақта динамикалық баға қойғымыз келеді. Яғни клиент белгіленген соманы емес, біздің өнімді нақты пайдаланған сомасын ғана төлейді», деп түсіндірді жоба авторы.
Бәрімізге бұл боттардың компанияға қалай «жұмысқа орналасатыны» қызық секілді. Соны түсіндіріп өтейін. Стартап екі әзірлеу платформасымен жұмыс істейді: «GitHub» және «Jira». Жоба әзірлеушілері компания мен ботты сол жерге қосады, содан кейін «Jira»-дағы менеджер боттың атын белгілеп, оған адамға нұсқаған секілді тапсырма береді. Ал «GitHub»-тағы бот алынған нұсқауларға сәйкес код жазады.
«Компанияның коды «GitHub»-та сақталған веб-сайты бар делік. «Jira»-да менеджер «фон түсін ақтан ашық сұрға өзгертіңіз» деп жаза алады. Қай кодты және қай файлды өзгерту керек екенін көрсетпей-ақ жазады. Бот бұл сұрауды өңдейді және «GitHub»-та бөлек бөлімшеге қажетті кодты жазады. Содан кейін тимлид оны қарайды, егер бәрі дұрыс болса, жобаға қолданады», деді Ә.Қылышбек. Оксфорд университетінің зерттеуіне сенсек, алдағы бес жылдықта Еуропадағы жұмыс орындарының 40 пайызын, АҚШ-тағы жұмыс орындарының жартысынан көбін, дамушы мемлекеттердегі жұмыс орындарының біразын автоматты жүйе алмастыратын болады. Әрсен таныстырған жобаға қарасақ, бұл зерттеудің түбегейлі рас екеніне шүбәсіз сенесіз.