Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Осы күні Қазақстан Ұлттық ғылым академиясы Орталық ғылыми кiтапханасы мен Ұлттық кiтапхана қорында Исмайыл Ғаспыралының «Ходжа-и сыбян» атты әлiппесi (Бақшасарай, 1892 және 1902), «Адәб-и Шаркия уа адәб-и ғарбия» атты эстетика туралы кiтабы (жылы көрсетiлмеген), «Кутиб-хана-и жәдидә» атты библиографиялық-анықтамалық сипаттағы еңбегi (Бақшасарай, 1902), «Мәшһүр пайтәхләр» атты тарихи-жағрафиялық анықтамалығы (Бақшасарай, 1901), «Мубад-и тәмәддән исламиян Рус» атты Ресей мұсылмандары мәдениетiнiң тарихы туралы зерттеуi (Бақшасарай, 1901), «Мир Али Шер Науаи» атты ғұмырбаян очеркi (жылы белгiсiз), «Насихат тиббия» атты дәрiгерлiк (медицина) хақындағы жиған-тергенi (жылы белгiсiз), «Татар хаятидан мең икнче кича» атты кiтабы (Бақшасарай, 1907), «Тарих әғләмәт уа ихтирәғәт» атты iрi тұлғалар мен оқиғалар туралы еңбегi (жылы белгiсiз), «Түркстан ғалимасы» атты ғұламалар жөнiнде танымдық еңбегi (Бақшасарай, 1900) тұр.
«Хукәмай-и ислам» атты мұсылман философтары хақында, «Хукәмай-и юнан» атты грек философтары туралы еңбектерi (жылдары белгiсiз), «Кырык еди хәдис шәриф» атты жинағы, «Хатунлар дүниясы» атты кiтабы (Бақшасарай, 1905), «Кадинлар» (хатун – атақты әйел, кадин – жалпы әйел делiнген) атты кiтабы, «Крылов тәмсиләтидән тәржумәләр» атты аудармасы, «Зорәки табиб» атты 3 актiлi комедиясы, «Дар-ур-Рахат мусулманлары» атты көркем шығармасы (мұны кейде повесть, кейде роман дейдi) сақталған. Нақты айтуға болатын нәрсе: осы еңбектер әуелгiден Қазақстан жерiне жеткен (кейбiр кiтаптарда қызылжарлық мұсылман азаматтарының мөрi басылған), яғни кiтапхана кейiн сатып, яки ауыстырып алған дүниелер емес.
Исмайыл Ғаспыралының осынау оқулықтары, танымдық кiтаптары, ағартушылық аудармалары және Ресейлiк түрiк дүниесiндегi алғашқы һәм бағыты жүйелi «Тәржiман» газетi – қайраткердiң «Орыс мұсылмандығы», «Орыс – Шығыс келiсiмi» еңбектерiнде айтқан арман-мүддесiнiң үдесiнен шыққанын көрсетедi.
Осы мұраның ішінде «Түркiстан ғұламасы» («Түркстан ғалимасы. Туркстәнда етишiн ғафан уа машайық дин бағзалары», Бақшасарай: Тәржiман, 1900) еңбегінің орны ерекше. Аталған кiтаптың алғысөзiнде автор: «Бiз Түркiстанда туып-өскен ғұламалар туралы бiлмеймiз. Кейбiреулер «мұның керегi не?» деп қарайды. Оқыған азамат бұлай демесе керек. Сол үшiн Түркiстан мен Мауренахрда туған атақты ата-бабамыз туралы мәлiмет берудi көздедiк. Еуропа ғылымы өсiп-өркендедi, бiз қалып қойдық. Сондықтан кемiстiктi толтырып, мағлұмат берудi қаладық», деп жазады. Өкінішке қарай, бұл еңбек осы күнге дейін ғылыми айналымға енбегендіктен, ұлы ағартушы топтастырған тұлғаларды жиі-жиі еске салу – парыз.
Түркiстанның аса бiлгiрлерi
Шах Нағышбәнд
Шайых Нәджiмеддин Кубра
Ғабдул Халық Ғаждауани
Ғали Рамадини Бұхари
Ғазиз Нәсiфи
Шайх Ибрагим Бәдахшани Нахшәбанди
Шайх Масғұт Бұхари
Муаиаддин Жұмди
Мәуләна Шайх Саддридин Кунуи
Iзбасарлары
Әбiлқасым Мұхаммәд бин Ғұмар Әззамхажари
Мәуләна Кәшiғи Сәбзауари
Мәуләна Жамалиддин Әбу Ғабдулла Бәлхи
Мәуләна Шайых Шағабуддин
Әбулләйас Самарқанди
Әби Хафас Ғұмар Әннасфи
Имам Әбумансұр Матриди
Мәуләна Шайых Ғәли әс-Самарқанди
Әбу Хафиз Ғұмар бин Ысхах бин Ахмад әл-Ғазнауи
Хафизуддин Әбулбәракат Ғабдолла бин Ахмад бин Махмұт ән-Нәсфи
Түркiстанның атақты хадистанушылары
Әбу Ғабдулла Мұхаммед бин Исмағил әл-Бұхари
Мұхаммед бин Ғайса Термези
Ибраһим Шәкистани
Әбу Ғабдурахман Ахмад бин Шұғайып ән-Нәсаи
Исмағил бин Мүсiлiм Шәкани
Имам Ахмед бин Ханнбал
Әбу Мұхаммад Ғабдулла бин Ғабдрахман Дирами
Әбу Бәкiр Шаши (Тәшкенди)
Әбу Бәкiр Ахмед бин Мұхаммед әл-Хорезми
Түркiстанда туған сөз өнерi бiлгiрлерi
(идеологтер)
Әбу Мансур Матриди
Мәуләна Бахаи Хорезми
Әбулиляс Самарқанди
Мәуләна Ғабдулла бин Масғұт Бұхари
Ғабдулла бин Ғұмар бин Ғайса Абу Саид Дәбуси
Садру Шариха Ғабдулла бин Масғұт һарум
Әмiр Кәтiп ибн Ғұмар әл-Ғамиди
Түркiстанның әдебиет ғалымдары
Әбу Насыр Исмағил бин әл-Хамади әл-Жауһари
Сираждин Юсуп Әскаки
Ғұлама Махмуд Ғазнауи
Әбу Ғабдулла Мұхаммед бин Ғали Термези
Әбу Ибраһим Фараби
Мәуләна Хасан Сәбзауари
Рашиддин Утуат Бәлхи
Насыр бин Ғабдусағит бин Ғали әл-Матарази
Әбiлқасым Бәлхи
Түркiстанның атақты шайырлары
Хакiм Сәнәи Ғазнауи
Шах Бадахшани
Сағир Фариаби
Фатаул Хорезми
Кәмаладдин Жұманди
Шәукат Бұхари
Сұлтан Хұсайын Байғара
Ғали Шир Науаи
Әсiреддин Ахастаки
Сейфуддин Есфарани
Мақтұмқұли
Мәуләна Лұтфи
Әбулфаттах Бәсти
Әмiр Хұсрау Дәхлауи
Мұхаммед Салих
Түркiстанның хакимдерi мен тәбиптерi
(дәрiгер-емшi)
Ибн Сина
Фараби (Мұхаммед бин Мұхаммед бин Узлах
бин Тархан) аты Әбунасыр
Хожа Фахреддин бин Әухади Сәбзауари
Хаким Әзрахи Маруаи
Бәдреддин Самарқанди
Нәжибуддин Әбу Хама Самарқанди
Ғабдраман әл-Хасан әл-Хатан әл-Марзауи
Әбдi Ибраһим Гургани
Шариф Шарафуддин
Әбулғаббас Ахмед бин табип Сархажи
Түркiстан ғарышшылары (астроном)
Әбу Махшар Бәлхи
Мұхаммед бин Мұса әл-Хорезми
Ахмед бин Ғазир Фәрғани
Мұхаммед бин Мұхаммед Жағмини
Мәуләна Ғали Құсшы
Шамсуддин Самарқанди
Әулат Шах Темурден Ұлығбек
Мұхаммед Хожанди
Ғали ибн Мажур және оның ұлы Абулхасан
Ғабдулла бин Сағил әл-Фарғани
Әбу Райхан әл-Бируни әл-Хорезми
Түркiстанда туған тарихшылар мен жағрафияшылар
Ғиясудин Мұхаммед
Хафиз Абру
Жамаледин Ғатаулла Низабури
Әбу Сағит Самғани әл-Маруази
Ахмед бин ат-Табип ас-Сархи
Ғали Құсшы
Ғабдуразах Самарқанди
Әбу Жағпар Мұхаммед Мұса әл-Хорезми
Мір Ғабдулкәрiм Бұхари
Түркiстаннан шыққан исламның фикх
(шариғат туралы iлiм) ғұламалары
Әбу Матфах Балхи
Кәкiм ас-Шаид Әбул Фазыл Мұхаммед
бин Мұхаммед Ахмед әл-Маруа
Әбул Қасым Сафар Балхи
Шәмсул Има Сарахи
Фахруддин Ғали Яздауи
Бурханиддин Мір Ғанани
Нәджумуддин Әбу Хафиз Ғұмар
бин Махмұт Ахмед ән-Насфи
Зейнуддин Гәтаби Бұхари
Мiне, әйгілі тұлғалар тiзiмiнен Исмайыл Ғаспыралының қаншама iзденгенiн байқауға болады. Ағартушы есiмдердi құрғақ атамай, бұлардың нендей iс атқарғанын және Шығыс ғылымында қандай орны барын жазды. «Орыс мұсылмандығында» айтқандай, И.Ғаспыралы түрiк жұртына қарыштай дамуға негiз, яки құнарлы топырақ барын жақсы аңғарған.
ХХ ғасыр басындағы жәдит медреселерінде ағартушының «Түркiстан ғұламасы» сынды танымдық еңбектерi оқуға ұсынылған. Әрине, тізімдегі тұлғалардың елеулі бөлігі тәуелсіз Өзбекстанда біршама зерттеліп-зерделенген. Түркі дүниесі осы бастаманы жүйелі кеңейтуге мүдделі болуға тиістіміз. Өйткені бұл – жәдитшілдер аманаты, тарих аманаты.
Өздеріңізге мәлім, Абайға дейiн де, одан кейiн де қазақ оқығандары өзiне етене Шығысты меңгеруге ұмтылған, ислам қайта өрлеуінің үзiлiп қалғанына өкiнiш бiлдiрген. Ғылымның екi дүниеге де қажеттiгiне иманы сенген. Мұны Абай: «Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан руза, қылған қаж ешбiр ғибадат орнына бармайды», деп түйiндегенi мәлiм. Исмайыл Ғаспыралы атаған ғұламалардың барлығы дерлiк дiн мен ғылымды ажыратып қарамағандар, яки бiржақтылық ойына да кiрiп шықпағандар едi. Дәлiрек айтсақ, дiнге ақылмен келгендер-тiн. Шәкәрiм қажы Құдайбердiұлы:
«Таза ақылмен таппаған дiн –
Шын дiн емес, жындылық»,
дейдi. Сонымен бiрге осы ойшыл ақын бiржақтылыққа ұрынған замандас «дiндарлар мен оқығандардың» қателiгiн дөп көрсетедi:
«Молдалардан дiн сұрасаң,
Сандырақтап сандалар.
Пәншiлермен бас құрасаң,
Жан, құдай жоқ, дер тұрақ.
Бiз хақиқат елегiне
Осы екеуiн елесек,
Түкке тұрмас керегiңе,
Екеуi де қалжырақ».
Мұсылманша да, орысша да, еуропаша да оқыған һәм түркі дүниесіне жаңғырудың не екенiн дәлелдi сөзбен де, iспен де көрсете бiлген Исмайыл Ғаспыралы хақында Алаш арыстары iлтипатпен жазды. Ол туралы Әлихан Бөкейхан «Тарих жолындағы мұсылман басшысы» десе, Мiржақып Дулатұлы «Русия мұсылмандарының ұстазы, олардың жақсылығына сүйiнген, жамандығына күйiнген жанашыры» деп бағалады. Тәуекел деп, қазақта тұңғыш журнал ашқан Мұхамеджан Сералин: «Бiз бұрын жансыз өлi кеуде едiк, Гаспринский бiзге жан бiтiрдi, өлi денеге ұрық кiргiздi, соның үшiн оны бiз ешбiр заманда ұмытатұғын емеспiз», деді. Ал Хайретдин Болғанбай күллi түрiкке ортақ осы қайраткер есiмiмен туған тарихқа, тiлге деген сүйiспеншiлiк ұғымының пара-пар екенiн және ол әр милләттiң көшбасшыларын шығаруға мұрындық болғанын жазды. Жәдитшілдікті Махмұдқожа Бехбұди, Мүнәуәр Қари, Мырза Сирәжа, Қашим Шайық, Абдурауф Фитрат, Хамза Ниязи, Фахриддин Рәжи, Абдуқадыр Шәкүри секілді өзбек зиялылары да қолдап, барынша жандандырған.
Бір елеулі оқиға: Ақаңдардың ұстазы, ірі ағартушы Ыбырай Алтынсары «Қазақ хрестоматиясы» шыққанда, осы еңбегіне автограф жазып, поштамен И.Ғаспыралыға жолдаған. Бұл мұра ағартушының Бақшасарайдағы мұражайында сақтаулы тұр.
Ақын Мәшһүр Жүсiп те жәдитке бүйрегі бұрып, И.Ғаспыралының «Тәржіман» газетін жаздыртып, оқып тұрған. Ғұлама «Сарыарқаның кiмдiкi екендiгi» кiтабында:
«Әр жұрттар қылған нұсқа баспасына,
Қылуға ауызбiрлiк бас-басына.
Өзiңмен ыңғайлас жұртпен бiрiк,
Пұл берсе, бұрма мойын басқасына»,
деп жазды. Ыңғайлас, мүдделес жұрт – түркі дүниесі, ал рухани серпін – мыңжылдық мұра мен оны ұлт қажетіне лайықты жаратуды ойлаған тұлғалар (ағартушылар, жәдитшілдер, Алаш зиялылары) еді. Мәшекең елдің бүгіні мен ертеңіне үмітпен қарап:
«Ер болсын уағдасын бұзбайтұғын,
Алданып сый-құрметке қызбайтұғын.
Пайдасын милләтiнiң түгел ойлап,
Жұрт қамын түптен тартып қозғайтұғын»,
деді. Әлемдік, елдік, өңірлік береке-бірлік тұрғысынан бұл ой қазір де көкейкесті.