Қоғам • 08 Тамыз, 2024

Ядролық қауіпсіздік қатаң бақыланады

84 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметул­линнің төрағалығымен Женевада Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың (ЯҚТШ) он бірінші шолу конференциясына дайындық комитетінің екінші сессиясы өз жұмысын сәтті аяқтады.

Ядролық қауіпсіздік қатаң бақыланады

Ядролық қарусыздану, ядролық қаруды таратпау және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ең өзекті мәселелер мен қатысушы мемлекеттердің ЯҚТШ-ты орындалу үдерісін бей­нелейтін төрағаның жұмыс құжаты сессияның негізгі қорытын­дысы болды.

Конференция екі апта бойы аса күрделі геосаяси жағдайда өтті. Бұл ядролық қаруға ие мемлекеттер және ядролық емес мемлекеттердің конфронтациялық мәлімдемелері мен диаметральды қарама-қайшы ұстанымдарында көрініс тапты.

Шартқа қосылғанына 30 жыл толған жылы еліміздің ЯҚТШ алаңында табысты төрағалық етуі отандық дипломатияның беделін арттырып, Қазақстанның «орта держава» ретіндегі сыртқы саяси беделін нығайтты. Сондай-ақ еліміздің халықаралық саясаттағы бейтарап және теңгерімді акторы мәртебесін растады. Бұл жетістікке отандық ұжымның қо­ры­­тынды құжаттарды үйлестіру және қабылдау жөніндегі салиқалы жұмысы ықпал етті.

Соңғы жыл ішінде төраға шартқа қатысушы мемлекеттердің, соның ішінде «ядролық бестікке» мүше елдердің өңірлік топтарымен және делегацияларымен көптеген консультациялар мен келіссөздер жүргізді. Қазақстан төрағалығы кезіндегі ядролық қарусыздану саласындағы маңызды келіссөздердің оң динамикасына айрықша көңіл бөлінді. Бұл Гананың төрағалығымен келер жылдың сәуір-мамыр айларында Нью-Йоркте өтетін үшінші және соңғы дайындық комитетінің сындарлы негізін қалап берді.

Айта кету керек, ядролық қару­ды таратпау туралы шарт 1970 жылы күшіне енген. Сонымен бірге бұл – ядролық қарудың таралуын болдырмауға, ядролық қарусыздануға жәрдемдесуге, атом энергиясын бейбіт мақ­сат­та пайдалануды ілгерілетуге бағыт­талған іргелі халықаралық құжат. Еліміз 1994 жылдан бері ЯҚТШ-ға қатысушы толыққанды ядролық қаруы жоқ мемлекет. Биыл біздің ел алғаш рет ЯҚТШ шолу циклі аясындағы маңызды оқиғалардың біріне төрағалық етті. Шарттың орындалуын баға­лау және оның мақсаттарына қол жеткізу үшін одан әрі жұмыс ба­ғыт­тарын анықтау үшін шартқа шолу конференциялары бес жыл сайын өткізіледі. Он бірінші ЯҚТШ шолу конференциясы екі жылдан кейін Нью-Йорк қаласында өтеді деп жоспарланған.