Мирас • 08 Тамыз, 2024

Мұраға – кешенді көзқарас

71 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сенат депутаттары Дархан Қыдырәлі мен Руслан Рүстемов Алматы облысының Жаңалық ауылындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарының мұражайында болды.

Мұраға –  кешенді көзқарас

Фото: senate.parlam.kz

Депутаттар музей қызметкерлерімен және «Арыс» қо­рының, мәдениет, архивтер және құжаттама басқарма­сының, сондай-ақ Алматы облыстық Музейлер қауымдастығының өкілдерімен кездесті. Жүздесуде Жаңалық ауылында ғылыми-зерттеу жұмыстарын қаржыландыру мәселелері талқыланды. Бұл ауылда саяси қуғын-сүргінге ұшыраған 163 адамның сүйегі зерттелді және генетикалық талдау жүргізу арқылы олардың 50-і туралы деректер анықталды.

Сенатор Дархан Қыдырәлі Түркістан облысында болған кезде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жай-күйімен және қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Түркістандағы №42 көшеде салынып жатқан мектеп құрылысының алаңында да болды. Сенатор сапар барысында қалалық мәслихат депутаттарымен кездесті. Онда мәслихаттардың рөлін, заңдарды іске асыру барысы мен Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы заң жобасын талқылады.

Сенат депутаты сонымен қатар ежелгі Сауран қаласын зерттеу аймағында болды және археологиялық қазба жұмысының барысымен танысты. Бұл көне қала – аймақтағы маңызды тарихи-мәдени ескерткіш және оны зерттеу өткенді білуде зор маңызға ие екені айтылды. Алайда зерттеу жұмысының маңызына қарамастан, қаржы тапшылығына байланысты қолға алынған ауқымды істер тоқтап қалған болатын. Дархан Қыдырәлі бұл мәселеге алаңдаушылық білдіріп, қазба жұмыстарын жалғастыру, Сауран қаласының орнындағы тарихи ескерткіштерді сақтау үшін қаржыландыру қажеттігін атап өтті.

Сенатор сондай-ақ Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде болып, Мемлекет басшысының «TURKTIME-түрік дәуірі» бағдары аясында жүргізіліп жатқан жұмыстарды талқылады.