– Абай Ақатұлы, біреулер Айкунені «қазақтың йогасы» дейді, біреулер «гимнастика» дейді. Ең алдымен осының ақ-қарасын ажыратып беріңізші.
– Айкуненің түріктік негізі бар деп ойлаймын. Қазір көптеген халық өкілі йогаға өзіндік ұлттық ерекшеліктерін қосады да, «орыс йогасы», «неміс йогасы», «жапон йогасы» деп түрлендіріп жүр. Бірақ бәрінің түбі – үнділік йога. Ал Айкуне шығу төркіні жағынан йогадан бастау алмайды. Кей журналистер оны қателесіп солай атайтынын байқаймын. Шын мәнінде, бұл – қате тұжырым.
– Яғни Айкуне – гимнастика ғой?
– Бұны 20 мыңнан астам жаттығудан тұратын ілім десек те болады. Оның үш бағыты бар: біріншісі – дене жаттығулары, екіншісі – тренингтер, үшіншісі – қолмен емдеу, яғни мануалды терапия.
– Айкуне қалай өмірге келді? Оның атауы нені білдіреді?
– Мен Айкуненің түріктік негізі бар деп ойлаймын. Оның түбіріне талай сөзді туындатуға болады. Мен өзім – жеті атамнан бері сынықшы әулеттің ұрпағымын. Әкем де, аталарым да өз заманында адам емдеген. Менде де бұл қасиет бар. 80-жылдары ауған соғысына қатысып келгенде денсаулығым сыр берді. Содан дәстүрлі медицинадан ем таппаған соң, бабадан берілген сынықшылық қасиетім арқасында өзіндік дене жаттығуларын ойлап таптым. Оны өзім ғана жасамай, Павлодарда алғашқы шәкірттеріме де үйреттім. Сол кезде олар бұл жаттығулардың атауы қандай екенін сұрағанда, баяғыдан ойымда жүрген «Айт көне» сөзі тілімнің ұшына келе қалды. Кейін «т» әрпі түсіп, «Айкөне» деп атай бастадым.
2006 жылы «Айкөне» сауда белгісін алу барысында оның ағылшынша «icon» (айкон) сөзімен ұқсастығына, яғни бір әріп қана айырмашылығына байланысты өткізбеуі мүмкін деген ескерту айтылды. Содан мен «о»-ның орнына «у» әрпін жазып, сауда белгісін алдым. Осылайша, «Айкуне» атты жаңа сөз туындады. Бірақ екінші жағынан оның «ай» мен «күннен» құралған екінші мағынасы да пайда бола кетті.
Жоғарыда айтқанымдай, бұл гимнастикалық жаттығуларды мен өзімнің сынықшылық тәжірибем арқылы өмірге әкелдім. Пациентпен жұмыс істеу кезінде оның ауырған жерін қолмен ұстау арқылы қандай жаттығу пайдалы екенін алдын ала көремін. Яғни өз қолым маған нені қалай жасау керегін үйретті. Сондықтан айкунені ата-бабамнан бері жалғасқан қазақ сынықшылық мектебінің туындысы десем болады.
– Менің естуімше, сіз алғашқыда өз елімізде патент алғыңыз келген. Бірақ қолдау таппаған соң, Ресейге кеткен екенсіз. Осы туралы айтып берсеңіз?
– Айкуне 1998 жылы қыркүйек айында өмірге келген соң, алдымен Павлодардағы облыстық денсаулық басқармасына, кейін елордамызға барып, Денсаулық сақтау министрлігіне ашқан жаңалығымды патенттеу туралы жүгінген едім. Бірақ олар қолдау танытпады. Тіпті денсаулық сақтау министрінің орынбасары, профессор Даменов бұл жаңалықты мойындау үшін өзіме медицина саласындағы ғылым кандидаты не ғылым докторының бірін бірлескен автор қылып алуды ұсынды. Бұл менің шамыма тиді. Шын мәнінде, профессордың «Егер авторлардың бірі дәрігер болмаса, медицина саласында патент алу мүмкін емес» деген сөзі жалған екеніне кейін көзім жетті.
Осыдан кейін мен Ресейге тартып отырдым. Новосібір медицина институтының академигі, Ресей денсаулық сақтау министрінің орынбасары Влаиль Казначеевке кіріп, өзімнің идеямды айтқанда, ол менің жаңалығымның мәнін бірден түсінді де, аурухананың екі бөлімшесінен дәрігерлер мен пациенттерді беріп, бірнеше күн тәжірибе өткізді. Соның нәтижесін көрген соң, өзінің пікірін жазып берді. Осылайша, 1998 жылы Ресейдің Жалпы патология ғылыми зерттеу институтында, кейін 2005 жылы Санкт-Петербор мемлекеттік педиатрлық медицина академиясында тәжірибе жасалып, екі рет патент алдым. 2005 жылы Санкт-Петербор қаласының Денсаулық сақтау комитеті Айкуне жаттығуын емдік денешынықтыру әдісі ретінде бекітті.
Ең алдымен Санкт-Петерборда 4 клиника ашып, кейін Ресейдің Набережные Челны, Мәскеу, Омбы қалаларында да өз орталықтарым жұмысын бастады. Қазіргі таңда Ресейдің жиырмадан астам, Қазақстанның он бес өңірінде «Айкуне» орталықтары бар. Сонымен қатар Әзербайжан, БАӘ, Түркия, Украина, Беларусь, Финляндия, Франция елдерінде де орталықтарымыз жұмыс істеп жатыр.
– Айкуне жаттығуларының денсаулыққа пайдасы қандай?
– Ең басты пайдасы – адамның барлық тірек-қимыл аппаратын қалпына келтіруге көмектеседі. Атап айтқанда, омыртқаны, жоғарғы, төменгі буындарды түзейді. Сәйкесінше тірек-қимыл аппаратының бұзылуына байланысты туындайтын жарық (грыжа), протрузия, сколиоз, остеохондроз секілді көптеген ауруды емдейді. Біздің омыртқамыз ағзамыздың негізгі тірегі екенін білеміз, ол қисайып, майысып, жұмысы бұзылатын болса, басқа да органдарға өзінің зардабын тигізеді. Айкуне жаттығулары арқылы омыртқадан бастап басқа да сүйек буындары қалпына келіп, жалпы дененің сауығуына ықпал етеді.
Одан бөлек, тағы бір маңызды пайдасы – қан-тамыр жүйесінің жұмысын қалпына келтіру. Бұның да дұрыс жұмыс істеуі бүкіл ағза үшін аса маңызды. Осы екі пайдасының өзі адам денсаулығының әлдеқайда жақсаруына септігін тигізеді. Айкуне жаттығуларымен айналысқан адамда күш-қайрат, ерік-жігер пайда болады.
– Онымен барлық адамның айналысуына бола ма? Жас шектеулері бар ма?
– Әрине, пациент, ең алдымен, дәрігерге өзінде қандай ауру белгілері бар екенін ескертуі керек. Мысалы, сүйектің туберкулезі, сүйектің морт сынғыштығы секілді аурулар болса, Айкунемен айналыспаған дұрыс. Қан айналымы күшейген кезде қозуы мүмкін аурулары бар адамдарға да шұғылдануға болмайды. Ал жалпы, одан басқа кез келген адам бұл жаттығуларды жасауына болады.
Жас шектеулеріне келсек, Айкуне жаттығуы 5 жастан асқан адамдарға арналған. Ал қарияларға ешқандай шектеу жоқ. Мысалы, біздің орталықтарымызда 90-нан асқан, 100-ге келген адамдар да болды.
– Жуырда Астанадағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында шеберлік сабақтарын өткізген екенсіз. Сол жайында айтып берсеңіз?
– Иә, осы орталықтың нұсқаушыларына Айкуне жаттығуларын тегін үйреттім. Бұл жерге тек қала зейнеткерлері денсаулықтарын түзеу үшін келеді. Көбінің бойында тірек-қимыл аппаратының бұзылуына байланысты көптеген созылмалы ауруы бар. Сондықтан Айкуне оларға нағыз керек жаттығулар. Мұнда оларға арналған 6 айлық бағдарлама бар. Содан өтетін болса, өздерін мазалаған дерттерінен жазылады деп үміттенеміз. Мен өзім де алдағы уақытта бұл жерге жиі келіп, қосымша шеберлік сабақтарын өткізіп тұрамын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,
«Egemen Qazaqstan»