Суреттерді түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ
Басым бағыттар талқыланды
Келіссөз алдында Ақордада елімізге мемлекеттік сапармен келген Өзбекстан Президентін салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы мемлекеттер басшыларына рапорт беріп, екі елдің әнұрандары шырқалды. Бұдан кейін президенттер шағын құрамда келіссөз жүргізді.
Мемлекет басшысы Өзбекстан Президентіне ілтипат білдіре отырып, бұл сапар екі ел арасындағы ынтымақтастық пен одақтастықты дамытуға тың серпін беретінін айтты.
– Қазақстан халқы Сіздің бүгінгі сапарыңызға үлкен мән беріп отырғанын атап өткім келеді. Мұның өзі көп дүниеден хабар береді. Жалпы, кейінгі жылдары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы байланыстар жақсы жағына қарай түбегейлі өзгерді. Екі ел ынтымақтастығын нақты мазмұнмен толықтыруға бар күш-жігерімізді саламыз. Бүгін біз мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастық пен одақтастықтың негізгі бағыттарын айқындайтын құжаттарға қол қоямыз. Сондықтан бұл сапардың жөні бөлек, – деді Қазақстан Президенті.
Өз кезегінде Өзбекстан Президенті көрсеткен сый-құрметі үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, елімізге жасаған мемлекеттік сапарының маңызына тоқталды.
– Бұл сапар тарихи мәнге ие. Бүгінгі кездесуіміз екі халық арасындағы сан ғасырға жалғасқан достық және тату көршілік қатынастардың тінін нығайта түсіп, стратегиялық серіктестік пен одақтастық байланыстарды жаңа деңгейге көтереді, – деді Шавкат Мирзиёев.
Келіссөз барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық, көлік-транзит, инвестиция, энергетика, ауыл шаруашылығы, су ресурстары, мәдени-гуманитарлық және өнеркәсіп кооперациясы салаларындағы ықпалдастықты одан әрі нығайту перспективаларын талқылады. Сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерді қарастырды.
Президенттер қазақ-өзбек қатынастары барлық бағыт бойынша өркендеп келе жатқанын атап өтті.
Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев Қазақстан мен Өзбекстанның Жоғары мемлекетаралық кеңесінің бірінші отырысына қатысты.
Кеңес отырысында екі елдің сауда-экономика, көлік-транзит, су шаруашылығы және энергетика, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастығын кеңейтудің басым бағыттары талқыланды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-өзбек қатынасы стратегиялық серіктестік және одақтастық рухында тұрақты дамып келе жатқанын атап өтіп, еліміз Өзбекстанмен ынтымақтастықты нығайта түсуге айрықша көңіл бөлетінін жеткізді.
– 2022 жылы Одақтастық қатынастар туралы тарихи шартқа қол қойдық. Бүгін алдағы он жылға арналған Стратегиялық әріптестікті және одақтастықты дамыту бағдарламасын бекітеміз. Осы маңызды қадамдар екі елдің байланысын ілгерілетуге айрықша серпін беретініне сенімдімін, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, қысқа уақыт ішінде өзара тауар айналымын бес миллиард долларға дейін жеткізіп, таяу жылдары бұл көрсеткішті екі еселеуге елдеріміздің әлеуеті жетеді.
– Ауыл шаруашылығы, машина жасау, энергетика, коммуникация, цифрландыру секілді перспективті салалардағы ынтымақтастық әлеуетін толық пайдалану маңызды. Бұл ретте қазақ-өзбек шекарасындағы «Орталық Азия» Халықаралық өнеркәсіп кооперациясы орталығын тезірек іске қосу қажет. Мемлекетаралық кеңес пен Өңіраралық ынтымақтастық форумының қызметінен де елеулі нәтиже күтеміз. Өңірлік кооперацияға зор үміт артамыз. Қазіргі кезде жалпы сомасы 3 миллиард доллардан асатын 70-ке жуық бірлескен жобамыз бар. Оның аясында 14 мың жұмыс орны ашылады. Біз бұл бағыттағы байланыстарды одан әрі нығайтып, бизнес үшін қолайлы жағдай жасауға әзірміз, – деді Мемлекет басшысы.
Еларалық айтулы оқиға
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-транзит артықшылықтарын барынша тиімді пайдалану маңызды екенін айтты. Бұл ретте Мемлекет басшысы тарифтерді оңтайландыру, әкімшілік рәсімдерді жеңілдету және жүк жеткізу мерзімін қысқарту жөнінде бірлескен шаралар қабылдау қажет екеніне назар аударды.
Бұдан бөлек, Мемлекетаралық кеңес отырысы барысында трансшекаралық өзендердің су ресурстарын кешенді әрі рационалды пайдалану, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту мәселелері қозғалды.
Өз кезегінде Өзбекстан Президенті Қазақстанға жасаған бұл жолғы мемлекеттік сапарының нәтижесінде стратегиялық серіктестік пен одақтастық мүлдем жаңа деңгейге көтерілетініне сенім білдірді.
– Бүгін біз Жоғары мемлекетаралық кеңестің бірінші отырысын ашып отырмыз. Бұл – шын мәнінде, екіжақты қатынастар тарихындағы айтулы оқиға. Бүгінгі келіссөздер біздің нақты бағыттар бойынша ынтымақтастығымызды одан әрі кеңейтуге, сондай-ақ достас әрі бауырлас халықтарымыздың өсіп-өркендеуіне ықпал ететініне сенімдімін, – деді Шавкат Мирзиёев.
Өзбек елі басшысының айтуынша, сапар алдында Мемлекетаралық комиссияның отырысы, Бизнес форум және бірқатар мәдени іс-шара өтті.
Басқосуда 2034 жылға дейінгі Стратегиялық әріптестік пен одақтастық бағдарламасы әзірленгені де айтылды. Бұдан басқа сыртқы саясат ведомстволары басшыларының жетекшілігімен кеңес құрылып жатқаны да мәлім етілді. Мұның бәрі екіжақты ықпалдастықтың нығаюына оң септігін тигізеді.
Кеңес барысында тараптар екі елдің парламенттері, үкіметтері, сыртқы саясат ведомствосы және салалық министрліктері арасындағы байланыстарды арттыра түсу маңызды екеніне назар аударды. Сондай-ақ халықаралық және өңірлік құрылымдар, соның ішінде БҰҰ, Дүниежүзілік сауда ұйымы, Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулері және «Орталық Азия плюс» форматы аясында бір-біріне қолдау білдіруге уағдаласты.
Жиында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғарин, Өзбекстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Жамшид Ходжаев, Қазақстан Республикасының Көлік министрі Марат Қарабаев, Өзбекстан Республикасының Көлік министрі Илхом Макхамов, Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев, Өзбекстан Республикасының Энергетика министрі Журабек Мирзамахмудов, Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Өзбекстан Республикасының Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Өзбекстан Республикасының Мәдениет министрі Озодбек Назарбеков, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Өзбекстан Республикасының Жоғары білім, ғылым және инновация министрі Конгратбай Шарипов баяндама жасады.
Кеңес отырысының қорытындысы бойынша бірқатар шешімге қол қойылды.
Мәртебелі марапат
Сапар аясында Мемлекет басшысы Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевті «Алтын Қыран» орденімен марапаттады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президентіне еліміздің ең жоғарғы мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденін табыс етті.
Мемлекет басшысы Қазақстанда Шавкат Мирзиёевті Өзбек елінің нағыз көшбасшысы, халықаралық деңгейдегі саясаткер, екі халық арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға өлшеусіз үлес қосқан көрнекті мемлекет қайраткері ретінде танитынын және құрметтейтінін айтты.
– Егемен ел ретінде даму жылдарында екі мемлекет арасында жан-жақты серіктестік пен стратегиялық одақтастық жолға қойылды. Берік шарттық-құқықтық база қалыптасты. Шекараны толықтай шегендеп алдық. Өзара сенімді саяси диалогтің арқасында біз сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды қарқынды түрде ілгерілетіп келеміз. Негізгі халықаралық құрылымдар аясында тығыз ықпалдастық орнаттық. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі қазақ-өзбек қатынастары үлгі етуге тұрарлық әрі нағыз бауырластық деңгейде, – деді Президент.
Шавкат Мирзиёев өзін Қазақстанның ең жоғарғы мемлекеттік наградасымен марапаттағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаев пен бауырлас қазақ халқына ризашылығын білдірді.
– Бұл марапатты екі халық арасында ғасырлар бойы жалғасқан шынайы достық және тату көршілік қатынастарды арттыруға қосқан бірлескен күш-жігерімізге берілген лайықты баға деп санаймын. Қазақстан біздің ең жақын, сенімді әрі уақыт сынынан өткен серіктесіміз, – деді Шавкат Мирзиёев.
Көлік-транзит мүмкіндіктері
Бұдан соң Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев бірқатар нысанның ашылу салтанатына қатысты.
Ақордада бейнебайланыс режімінде Қазақстан мен Өзбекстан президенттерінің қатысуымен Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің Шыршық қаласындағы филиалының, сондай-ақ «Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты» Ұлттық зерттеу университетінің Алматы қаласындағы филиалының ресми ашылу салтанаты өтті.
Мемлекеттер басшыларына жаңа филиалдардың қызметі туралы бейнеролик көрсетілді.
Іс-шара барысында еліміздің Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Өзбекстанның Білім министрі Конгратбай Шарипов екі елдің ғылым-білім саласындағы ынтымақтастығы жөнінде баяндама жасады.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев университеттер филиалдарын ашуға рұқсат берді.
Содан кейін президенттер Қытай – Қазақстан – Өзбекстан бағытындағы контейнерлік пойыздың Сианьнан Ташкентке келуіне орай ұйымдастырылған салтанатты іс-шараға қатысты.
Қазақстанның Көлік министрі Марат Қарабаев пен Өзбекстанның Көлік министрі Илхом Макхамов екі елдің көлік-транзит мүмкіндіктерін кеңейту бағытында жүргізілген бірлескен жұмыстар туралы баяндады.
Биылғы сәуір айында Хиуа қаласында Қытай – Қазақстан – Өзбекстан бағытында жүк тасымалын ұйымдастыру және Транс-Ауған бағытын дамыту бойынша уағдаластықтарға қол жеткізілген болатын. Соның шеңберінде жүктерді жеткізу мерзімі қысқарды. Контейнерлі пойыз 4486 шақырым жолды 5 тәуліктің ішінде жүріп өтті. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Жүк пойызы Сиань қаласындағы порттан Қазақстан аумағы арқылы Ташкентке жөнелтілді.
Еліміздің Қытайдағы терминалдарының мүмкіндіктерін пайдалану және Қазақстан мен Өзбекстанның теміржол әкімшіліктерінің шекара маңындағы инфрақұрылымды нығайту бойынша нәтижелі ынтымақтастығы тасымалдау мерзімін қысқартуға ықпал етті. Былтыр екі ел арасындағы жүк тасымалының көлемі 31 миллион тоннадан асып, 2022 жылмен салыстырғанда 17,2 пайызға ұлғайды.
Сауда-саттыққа – тың серпін
Ашылу салтанатынан кейін Қазақстан мен Өзбекстан президенттері БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді.
Шағын құрамдағы келіссөз бен Мемлекетаралық кеңес отырысынан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасады.
Президент Өзбекстан басшысының мемлекеттік сапарын екі елдің ынтымақтастығын нығайту жолындағы маңызды қадам ретінде бағалап, Қазақстан мен Өзбекстанның ежелден іргесі бөлінбеген ағайын ел екенін атап өтті.
– Бүгін біз өзара қолдау және сенім рухында нәтижелі келіссөздер жүргіздік. Қарым-қатынасымызды жандандыруға мүдделі екенімізді тағы да атап өттік. Сондай-ақ Стратегиялық әріптестікті және одақтастықты дамыту бағдарламасын қабылдадық. Бұл құжат алдағы он жылға арналған. Басты мақсат – достығымызды арттырып, сан түрлі саладағы тиімді байланысты дамытуға тың серпін беру. Сапар аясында Жоғары мемлекетаралық кеңестің алғашқы отырысы өтті. Онда қабылданған шешімдердің стратегиялық маңызы өте зор. Кеңес барысында қазақ-өзбек ынтымақтастығының өзекті мәселелері жөнінде пікір алмастық. Өзара серіктестікті нығайта түсудің тиімді жолдарын айқындадық. Нақты келісімдерге қол жеткіздік, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Өзбекстанның Орталық Азиядағы сауда-саттық бойынша ең ірі серіктестер екеніне назар аударып, өзара тауар айналымын таяу арада 5 миллиард, кейін 10 миллиард долларға дейін жеткізуді мақсат етіп қойғанын айтты.
– Бұл үшін алыс-берістегі тауар түрін көбейтуіміз керек. Сондай-ақ экономикалық ықпалдастықты тежейтін кедергілерді жою қажет. Жалпы, сауда-саттықтың ауқымын кеңейтуге екі елдің де мүмкіндігі мол. Қазірдің өзінде Өзбекстанға шығаратын экспортты 550 миллион долларға арттыра аламыз, яғни өңделген тауардың тағы 40 түрі бойынша экспорт жасауға мүмкіндік бар. Өзбек елі де Қазақстанға көптеген өнімін жіберіп отыр. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық мәселесін талқыладық. Былтыр осы саладағы тауар айналымы 1,7 миллиард долларға жетті. Бұл – жалпы сауда-саттықтың шамамен үштен бір бөлігі деген сөз. Еліміз әлеуметтік маңызы жоғары агроөнеркәсіп өнімдерін Өзбекстаннан импорттауға мүдделі. Сонымен қатар Өзбек еліне ұн, бидай және өзге де азық-түлік өнімдерін экспорттауды жалғастыра береміз, – деді Мемлекет басшысы.
Президент өнеркәсіп саласындағы жаңа әрі ауқымды жобаларды қолға алу мәселесіне айрықша мән берілгеніне тоқталды.
– Қазір жалпы құны 3 миллиард доллардан асатын 70-ке жуық жоба бар. Машина жасау, металлургия, автокөлік құрастыру, тұрмыстық техника өндіру, тоқыма өнеркәсібі, фармацевтика және басқа да бағыттағы жобалар табысты іске асырылып жатыр. Мұның бәрі екі елге 14 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Энергетика, коммуникация, ғарыштық технологиялар, цифрландыру сияқты салалардың әлеуеті мол. Біз осы бағыттағы серіктестікті нығайтуға баса назар аударып отырмыз. Кеше Астанада бизнес форум және Іскерлік кеңестің алтыншы отырысы өтті. Онда кәсіпкерлеріміз ірі коммерциялық келісімшарттарға және өзге де құжаттарға қол қойды. Үкіметтеріміз бірлескен кәсіпорындардың табысты жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасауы керек. Сондай-ақ аймақаралық байланыстың әлеуетін тиімді пайдалану аса маңызды. Қарым-қатынасты нығайтуға аймақтар арасында жасалған келісімдер де едәуір ықпал етеді. Осы ретте жылдың соңына дейін кезекті Аймақаралық ынтымақтастық форумын өткізу жоспарланып отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, екіжақты келіссөз барысында талқыланған тағы бір маңызды тақырыптың бірі – көлік-логистика саласындағы ынтымақтастық.
– Транскаспий бағытын және Солтүстік – Оңтүстік дәлізін тиімді пайдалану жайын талқыладық. Сондай-ақ Ауғанстан арқылы өтетін теміржол құрылысы аясында бірлескен жобаларды іске асыру туралы пікір алмастық. Шекарада жаңа өткізу бекеттерін ашу мәселесін пысықтадық. Жалпы, осы бағыттағы ықпалдастық өзара сауда-саттыққа тың серпін береді деп ойлаймыз, – деді Президент.
Бірлескен жұмыс жалғасады
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев су-энергетика саласындағы жұмысты үйлестіру мәселесіне қатысты пікір білдірді.
– Қазір екі елдің жауапты ведомстволары арасында тығыз қарым-қатынас орнаған. Мемлекетаралық су шаруашылығы құрылымдары арнайы кестеге сәйкес жұмыс істеп тұр. Біз бұл бағыттағы бірлескен жұмысты жалғастыра береміз, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент мәдени-гуманитарлық, ғылым-білім салаларындағы ынтымақтастық тақырыбына арнайы тоқталды.
– Жастарды жақындата түсетін маңызды бастамаларды талқыладық. Жыл сайын екі ел жастарының конгресін өткізу дәстүрге айналған. Қазір Қазақстанда Өзбекстаннан келген алты мыңға жуық студент оқып жатыр. Қазақ жастары да Өзбекстанның жоғары оқу орындарында білім алып жүр. Бүгін Өзбекстанның Шыршық қаласында Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің филиалы ашылды. Алматыда Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институтының филиалы өз жұмысын бастады. Жаңа біз осы оқу орындарын салтанатты түрде аштық. Мұның бәрі бауырлас екі халықтың ортақ игілігі үшін қолға алынып жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Шавкат Мирзиёев бірлескен жүйелі және практикалық шаралардың нәтижесінде Қазақстан мен Өзбекстан өзара ынтымақтастығын одақтастық деңгейіне шығарғанын атап өтті. Келіссөздер қорытындысы бойынша сауда, өнеркәсіптік кооперация, энергетика, көлік, ауыл және су шаруашылығы, мәдениет салаларындағы байланыстарды одан әрі кеңейту жөнінде нақты уағдаластықтарға қол жеткізілді.
– Өзара ықпалдастығымыздың маңызды бағыттарының бірі саналатын өңіраралық байланыстарды жандандыру жөнінде келістік. Қазіргі Аймақаралық ынтымақтастық форумын елдеріміздің барлық облысын тарта отырып, Өңір басшыларының кеңесі ретінде қайта құрылымдау туралы бастама көтерілді. Таяу келешекте өзара тауар айналымын ұлғайтуды көздейтін Кешенді бағдарлама қабылданады. Екі елдің әлеуеті зор, – деді Шавкат Мирзиёев.
БАҚ өкілдеріне бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VI Консультативтік кездесуіне қатысатыны құлағдар етілді.
Қол қойылған құжаттар
Келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев Қазақстан Республикасы Президенті мен Өзбекстан Республикасы Президентінің Бірлескен мәлімдемесі, Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы Жоғары мемлекетаралық кеңесінің қазақ-өзбек екіжақты ынтымақтастығын одан әрі дамыту жөніндегі шешімі және Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы Жоғары мемлекетаралық кеңесінің Сыртқы істер министрлері кеңесі туралы ережені бекіту жөніндегі шешіміне қол қойылды.
Сонымен қатар мынадай құжаттарға қол қойылды:
- Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Өзбекстан Республикасы Үкіметі арасындағы қазақ-өзбек мемлекеттік шекарасының режімі туралы келісім;
- Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Өзбекстан Республикасы Үкіметі арасындағы 2006 жылғы 4 қыркүйектегі қазақ-өзбек мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттері туралы келісімінің хаттамасына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама;
- Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Өзбекстан Республикасы Үкіметі арасындағы 2006 жылғы 20 наурыздағы халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісіміне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама;
- Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Өзбекстан Республикасы Үкіметі арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі 2024-2025 жылдарға арналған іс-шаралардың жоспары;
- Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Өзбекстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі арасындағы ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;
- Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі мен Өзбекстан Республикасы Экономика және қаржы министрлігі арасындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы хаттама;
- Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті мен Өзбекстан Республикасы Бәсекелестікті дамыту және тұтынушылар құқығын қорғау комитеті арасындағы табиғи монополияларды реттеу саласындағы ынтымақтастық туралы хаттама;
- Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен Өзбекстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі арасындағы денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;
- Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мен Өзбекстан Республикасы Бәсекелестікті дамыту және тұтынушылар құқығын қорғау комитеті арасындағы бәсекелестікті қорғау саясаты саласындағы ынтымақтастық туралы хаттама;
- Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты мен Өзбекстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық және өңіраралық зерттеулер институты арасындағы Қазақстан-Өзбекстан сарапшылар кеңесін құру жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
- «Отандастар» қоры мен Өзбекстан Республикасы Мәдениет министрлігі жанындағы Ұлтаралық қатынастар және шетелдермен достық байланыстар жөніндегі комитеті арасындағы өзара түсіністік туралы келісім;
- Астана қаласы әкімдігі мен Ташкент қаласының хокимияты арасындағы 2025-2026 жылдарға арналған сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі нақты іс-шаралар жоспары («Жол картасы»).
Науаи ескерткіші асқақтады
Ақордадағы ресми кездесулерден кейін қос ел басшысы Астанадағы Әлішер Науаи ескерткішін салтанатты түрде ашты.
Мемлекет басшысы елорда төрінде ұлы ақын, көрнекті ойшыл Әлішер Науаидың еңселі ескерткішінің бой көтеруі, ең алдымен, қазақ жұртының өзбек халқына деген ерекше ықыласының белгісі екенін айтты.
– Біз – ежелден еншісі бөлінбеген ағайын елміз. Жұртымызды біріктіретін ортақ құндылықтар көп. Тарихымыз бен тіліміз – тамырлас, дініміз – ортақ. Екі ел арасындағы бауырластық байланыстың өзіндік дәстүрі қалыптасқан. Бұл ретте Әлішер Науаидың алатын орны ерекше. Мұхтар Әуезов «Әлішер Науаи жалғыз өзбек әдебиетінің көлемінде қалған жоқ. Бертін келе Азиядағы, Шығыстағы көп елдің әдебиетіне әсер етті» деген. Біз ұлы ақынның мұрасын күллі түркі жұртының рухани қазынасы деп санаймыз, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы түркі әдебиетінің көкжиегін кеңейтіп, оны әлемдік деңгейге көтерген Әлішер Науаидың туындылары мен еңбектерін қазақ халқының көрнекті қайраткерлері жоғары бағалағанын жеткізді.
– Біз Шоқан Уәлихановтың Әлішер Науаи шығармашылығын алғаш зерттеушілердің бірі болғанын мақтан тұтамыз. Ал ұлы Абай оны өзіне ұстаз санаған. Әлішер Науаидың өзіне тән қолтаңбасы, ойының тереңдігі және көркемдік шеберлігі күллі әлем ақындары мен жазушыларына шабыт сыйлады. Бұл үрдіс әлі де жалғасып келеді. Науаи соңында әдеби ғана емес, бай философиялық мұра қалдырды. Оның гуманистік идеялары әлемнің ақыл-ой қазынасында ерекше орын алады. Ойшылдың дүниетанымы мен терең көзқарасын айшықтайтын трактаттары осы уақытқа дейін өзектілігін жойған жоқ, – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Әлішер Науаидың тарихта талантты мемлекет қайраткері, ғылым мен өнердің қолдаушысы ретінде қалғанын атап өтті. Сонымен қатар ол өзінің зор абырой-беделін білім мен мәдениетті насихаттауға жұмсап, көптеген медреселер мен кітапханалардың салынуына ұйытқы болғанын айтты.
Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, бұл ескерткіш түбі бір түркі жұртының ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан бауырластығын сипаттайтынын, осы сабақтастықты сақтап, нығайта түсу баршамызға ортақ міндет екенін атап өтті.
Өз кезегінде Шавкат Мирзиёев Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстан халқына алғыс айтып, ұлы ойшылдың шығармашылығы ортақ қазына деп бағалады.
– Өзбек пен қазақ – туысқан халық. Екі елдің тарихы, мәдениеті, салты мен дәстүрі бір. Біз мұны қастер тұтамыз. Қазақтың көрнекті ақыны, марқұм Несіпбек Айтұлы 2020 жылы Әлішер Науаидың ең басты еңбегі «Хамсаны» қазақ тіліне аударып, жарыққа шығарғанын ерекше ықыласпен айтқым келеді. Ал бұл шығарманың алғысөзін Қазақстан Президентінің өзі жазғаны бізге зор қуаныш сыйлайды, – деді өзбек елінің басшысы.
Салтанатты іс-шараға қатысқан Қазақстан мен Өзбекстанның ресми делегация мүшелері, сондай-ақ екі елдің зиялы қауым өкілдері де туыстықты ту ете білген халық ағартушыларының рухына тағзым етіп, еншісі бөлінбеген екі елдің ертеңі жарқын болуын тіледі.