Саясат • 09 Тамыз, 2024

Пайдаланылмаған жер мемлекетке қайтады

359 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Жол­дауда мыңдаған гектар аумақты қажетке жаратпай отырған жер иеле­ріне сын айтқан болатын. Сондай-ақ әрбір аймақ пен елді мекенде бос жатқан немесе мақсатына сай иге­рілмеген жердің бар-жо­ғын анықтау қажеттігін ескертті. Өнім өндіруші кәсіпкерлерге жер телім­дерін ашық әрі жедел бөлу­дің тиімді тәсілдерін ай­қындау да – Президент жүктеген жауапты мін­дет. 2022-2023 жылдары пайдаланылмайтын және заң бұза отырып беріл­ген 10 млн гектар жер мем­лекет меншігіне қай­та­рылғаны белгілі. Биыл жыл басынан бері қай­та­руға жоспарланған 2 млн гектар ауыл шаруашылығына тиесілі жердің 1,15 млн гектары мемлекет менші­гіне өткен.

Пайдаланылмаған жер мемлекетке қайтады

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Ескеретін ерекшелік

Жер кодексінің 14-1 бабының 3-тармағы, 2-тармақшасына сәйкес жер учаскелерін беру және олардың нысаналы мақса­тын өзгерту жөніндегі ұсы­ныс­­т­ар мен шешімдер жоба­cын дайындау жергілікті аудан немесе облыстық маңызы бар қаладағы уәкілетті органдардың құзыретіне кіреді.

Сала мамандарының сөзінше, бір назар аударатын нәрсе бар. Мысалы, жеке шаруа қожалығы бар адамның бірнеше жыл жалға алған жайылымдық жері болады. Бірақ қожалық иесі өзіндегі малды шаруашылықтың емес, базадағы жеке басына тіркеп қояды. Сәйкесінше, ол жерін пайдаланбаған болып есептеледі. Міне, осындай түсінбеушілік орын алып жатады. Екінші бір жағдай, ша­руа­шылық есебіне мал тіркел­се де, нормадан аз бол­мағаны дұрыс. Мысалы, мал басына бе­кітілген жер көлемі бар. Заңмен бекітілген әр облыстың жер ерек­шелігіне қарай жүктеме нор­масы да әртүрлі. Мысалы, Қызыл­орда облысындағы жер жағдайына қарай төрт түліктің әрбір басына, яғни сиырға 15, қой мен ешкіге 3, жылқыға 18, түйеге 21 гектар жайылымдық жер алаңы бекітілген. Осыны да ескеру керек. Дұрысы, жер иелері аудандық немесе облыс­тағы жер ресурстарын бақылау саласындағы мамандармен жолығып, кеңес алғаны дұрыс.

«2022-2023 жылдары 3,2 млн гектар алаңда жер заңна­масының талаптарын бұзушы­лықтарды жою туралы бір жыл мерзімге нұсқама алған жер пайдаланушылар тарапынан қайта игеру жұмыстары жүрді. Биыл да 208,6 мың гектар алаңда жер пайдаланушы­лар өз жерлерін қайта игеру­мен ай­налысып жатыр. Бұл жұ­­мыс жалғасуда жә­не министр­ліктің ерекше бақы­лауында», деп көрсеткен Ауыл шаруашылығы министрлігі жауабында.

 

Цифрландыру жыл соңында аяқталады

Шөлді және шөлейт аумақ­тарды қоспағанда, респуб­ли­каның ауыл шаруашылығы алқабының 158,2 млн гектары немесе 77,0%-ы цифрландырылды. Биыл 94,4 млн гектар ауыл шаруашылығы алқабын цифр­ландыру жоспарланған. Осы жылдың 16 қаңтарында 2022 жылы мемлекетке қайтарыл­ған пайдаланылмаған ауыл шаруа­шылығы жерлерінің интерак­тивті картасы – «jerkarta.gharysh.kz» геосервисі іске қосылған еді. Қазір интерактивті карта барлық пайдаланушы үшін ашық қолжетімділікте жұмыс істейді. Бұл – азаматтарға, жер­гілікті атқарушы органдарға жер учаскелеріне құқық беру ту­ралы өтініш жасауға үлкен мүм­кіндік. Әрі жылдар бойы пай­да­ланылмаған ауыл шаруа­шы­лығы жерлерін айналымға уақ­тылы тартуға қызмет етеді.

Екіншіден, «jerkarta.gharysh.kz» геосервисіне жайылымдық алқаптарда тапшылығы бар аумақ­­тардың орналасқан жері ту­ра­­лы деректер енгізіліп жатыр.

«Халықтың қолда бар малын жайылыммен және шабын­дықпен қамтамасыз ету үшін мем­лекет меншігіне өткен жер­лер­ді елді мекен жеріне қосу арқы­лы шекараларын ұлғайту керек. Ал елді мекен іргесінен жер учаскесінің ыңғайы болма­са, жазғы жайылымдарды сол босаған жерлер есебінен көбейт­кен жөн. Сондай-ақ екінің бірі шаруа қожалығын немесе мем­лекеттік емес заңды тұлға құ­рып жұмыс істей алмайды, сон­дықтан осындай аза­мат­­тар­дың мұқтажын өтеуде шабын­дық, жайылым беруді ең бірін­ші орынға қою керек. Бүгін­де ауыл шаруашылы­ғы өндірі­сімен айналысатын азаматтар мен мемлекеттік емес заңды тұлғаларға жерді жалдау құқығын беру арқылы конкурс ұйымдастырылғанмен, оның ары қарайғы жауапкершілігіне ешкім көңіл бөлмейді. Себебі кез келген ауыл шаруашылығымен айналысатын азаматтың бірін­шіден, арнайы білімі жоқ, екіншіден, ауыспалы егістікті сақтау, жерді ұтымды пайдалану, құнарлылығын бұзбау, мол өнімге қол жеткізу тұрғысынан білері аз», дейді С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті «Кадастр» кафедрасының аға оқытушысы Айдарбек Берістенов.

 

Жерді алудың да жауапкершілігі бар

Оның сөзінше, кез келген ауыл шаруашылығы өндірісі үшін жер учаскесін алатын азаматтан жерді игерудің немесе пайдаланудың нақты жобасын талап ету керек және бұл жұмысты бұрынғы жер пай­даланып жүргендерге де мін­деттеу маңызды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы жерлерінің барлығы аудандар аумағын­да  орналасқан, ал оны облыс орта­лығындағы жер ресурста­рын басқару департаменті қада­ғалайды. Яғни жерді қалай пайдаланып жатқанын тексеруде белгілі жүйе қалыптаспаған.

Мақала басында айтылған­дай, 2022-2023 жылдары мемле­кетке қайтарылған 10 млн гек­тар жер де интерактивті карта­ға енгізілген. Осы жылдың бі­рін­ші жартыжылдығы қоры­тын­дысында мемлекетке қайта­рылған жерлерді картаға енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен пайдаланылмаған және заңсыз берілген ауыл ша­руа­шылығы жерлерін мемле­кеттік меншікке қайтарып алу, оны қайта тарату жұмыстары да жүріп жатыр. Таратып бергенмен, дұрыс игеру деген мәселе бар. Гәптің бәрі осы жерде. Қазір көп ауыл шаруашылы­ғы құрылымдары жерді қайта алғанмен, оның қаржысы, жер­ді өңдеу техникасы сияқты қажет­тілері бар ма, жоқ па? Әлде құр қағаз бетінде ғана бизнес жоспар түзілген бе? Міне, осыларды жіті тексеру болмай тұр. Дұрысы, ең алдымен, алған адамның жерді игеру мүмкіндігін анықтаған жөн. Жер сапасын, топырақ құндылығын сақтау да бізде кемшін. Сондықтан жерді тиім­ді пайдаланамыз десек, біз сол жерді қайта алған жаңа пайда­ланушыға тиісті талап қойға­нымыз дұрыс. Яғни ұзақ мерзім­де жалға алғандардан жер құ­на­­рын сақтау, дұрыс игеру шарт­­тары мемлекет тарапынан әрдайым қатаң қадағаланғаны жөн. Әйтпесе, жерді әбден тозды­рып жібергендер туралы мы­сал көп», дейді Мәжіліс депу­та­ты, «Ауыл» партиясы фрак­ция­сының мүшесі Анас Баққожаев.

 

Үкіметтің талабы қатаң

Енді жер сапасын сақтауда кемшілік қалыптасса, Үкімет те қатаң шаралар қабылдамақ. Жер иелеріне қойылатын топырақ сапасын, өсімдік жамылғысын сақтау, жайылымның тозуын болдырмау, ауыспалы егістерді сақтау және жерді ұтымды пайдалану тиімділігін арттыруға қа­тысты талап күшейеді. Мұндай тапсырманы биыл 3 сәуірде Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин берді.

«Негізгі міндетіміз – жерді қайтару ғана емес, тиімді пайдалану және жер пайдаланушыларды бақылау. Алынған жерді пайдалану мен жақсарту үшін жауапкершілікті күшейту қажет. Байқау шарттарын бизнес-қоғамдастық, әкімдік және басқа да мүдделі қатысушылармен талқылаған абзал. Топырақты, өсімдік құрамын сақтау, заманауи технологияларды пайдалану бойынша қарсы міндеттемелер қою керек. Ол үшін жерді бөлу­д­ің жаңа ережелері мен қағи­дат­тарын әзірлеу қажет», деді С.Жұ­манғарин пайдаланылмай жатқан және заңнаманы бұ­за отырып берілген жерлер­ді алып қою мәселелері жөнін­де­­гі ко­миссияның кезекті отырысында.