Әскер • 08 Тамыз, 2024

Білікті тәрбиеші офицерлер

39 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Орталық» өңірлік қолбас­шылығында өтіп жатқан Ұлттық ұлан тәрбиешілері жиыны қатысушылардың фи­зикалық қабілеттерін тексеруден басталды. Офицерлер 100 метрге жүгіруден сынға түсті. Ал сабақтар 5451 әс­кери бөлімінде жалғасты. Тәлім­герлер дәріс өткізу барысында пікір алмасу мен диалог құруға көп көңіл бөлді.

Білікті тәрбиеші офицерлер

Фото: gov.kz

Дәрістер әскери қызметшілерге жеке тәрбие жұмысының электронды күнделігін пайдаланудың жаңа әдіс-тәсілін жан-жақты үйретеді. Сондай-ақ олар күнделікті қызмет атқару барысында кездесетін мәселелер мен қиындықтар турасында пікір алмасып, әскери қызметшілердің білім деңгейі мен оқыс оқиғалар кезіндегі іс-әрекетін пысықтайды. Әр мәселенің шығу себебі қаралып, оны шешу жолдары ұсынылады. Бұдан кейін дәріс сайын әскерилер өз ұсыныстары мен ойларын ортаға салады.

«Кешелі бері тәжірибелік сабақтарға қатысып жатырмыз. Оның барысында нормативтік-құқықтық актілердегі өзгерістер мен әскери қызметшілердің тәрбиесіне қатысты заңнамалардағы жаңа­шылдықтар түсіндірілді. Бұдан бө­лек, әртүрлі әскери бөлімдерден жи­налған мамандар бір-бірімен тәжіри­бе алмасты. Жас жауынгерлерді тәр­бие­леу барысында қолданылатын жаңа әдістемелер мен тың тәсілдер де үйре­тілді. Мұндай оқу-тәжірибелік жұмыс­тары өскелең ұрпақты және әскер қа­тарында жүрген сарбаздарды пат­риот­тыққа баулып жүрген тәрбиеші офи­цер­лердің біліктілігін нығайтуға септігін тигізеді», дейді 5573 әскери бөлімі ко­мандирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Тимур Рахимов.

Жиын кезінде ұландық әскерилер Долинка кентіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының КарЛАГ музейіне экскурсия жасады. Ондағы тарихи деректермен, жәдігерлермен танысты. Одан кейін 6505 әскери бөлімінің 2-атқыштар батальонына ат басын тіреді. Мұндағы рота командирлері өз тәжірибелеріндегі жауынгерлік қызметке кірісер алдында және оны орындау кезеңінде жеке құраммен тәрбие жұмысын жүргізу барысын көрсетті. Көрнекі сабаққа қатысқан офицерлер өз пікірлерін де білдірді.

«Көрнекі сабақта қарауыл қызметіне жауынгерлерді аттандырмас бұрын ұйым­дастырылатын тәрбиелік жұмыс­тар көрсетілді. Көргенімізді өзімізде жүргізілетін жұмыс сапасымен салыстыр­дық. Мұндай сабақтар арқылы біз жұмыс бары­сындағы кемшіліктеріміз бен артық­шылықтарға көз жеткізе аламыз. Оқу-әдістемелік жиынының бізге берер бір пайдасы да осы», дейді 5513 әскери бөлімі ко­мандирінің орынбасары Бауыржан Қансейітов.

Пікір алмасу форматында ұйымдас­тырыл­ған сабақтар Долинка кентінде ор­наласқан батальонның жауынгерлік қызметтегі үздік әскери қызметшілерін ұлықтау кешімен аяқталды. Екі күн бойы үздіксіз сабаққа қатысқан әскери қызметшілер сарбаздармен бірге әсем ән мен көркем биге елітіп, рухани демалып қалды. Алайда бұл іс-шара жиын қа­тысушыларына демалыс сыйлау үшін ғана ұсынылған жоқ. Мұның басты себебін Ұлттық ұлан бас қолбасшылығының Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұ­мыстар Бас басқармасының басшысы Нұрбай Бектұрсынов түсіндірді. Батальонның жеке құрамына Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан­ның бас қолбасшысы Еркін Ботақанов пен әскердің бас тәрбиешісі Қайрат Үмбетовтің алғысын жеткізген ол: «Бүгінде құқықтық тәртіп әскеріне жауынгерлік қызметті асқан жауапкершілікпен атқару міндеті жүктелген. Ал жауынгерлік қызметтің алғы шебінде сарбаздар мен келісімшарт бойынша әскери қызмет­шілер жүр. Сіздер – Ұлттық ұланның абыройысыздар. Сондықтан да бүгінгі ұлықтау шарасында жауынгерлік қызмет­ті адал атқарып жүрген үздіктер марапат­талды. Ал әдістемелік жиынға қатысу­шылар осындай бағдарламаларды өткізу барысын бір-бірінен үйренгендері абзал», деді.

Іc-шара мәресіне жеткеннен кейін де қатысушылар арасындағы өзара пікірталас жалғасын тапты.