Энергетика • 09 Тамыз, 2024

«Жасыл» энергетика – жаһандық мәселе

88 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астанада Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойына арналған «INESS-2024» халықаралық конференциясы өтті. Он екінші рет өтіп жатқан бұл жиын наноматериалдар мен энергия сақтаудың озық жүйелеріне арналған. Ғылыми мәжіліске елімізбен қатар Жапония, Германия, Қытай, Оңтүстік Корея, Ресей, Ұлыбритания, Тайвань мемлекеттерінің 150-ден астам ғалым мен зерттеушісі қатысты.

«Жасыл» энергетика – жаһандық мәселе

«INESS» конференциясы – 2013 жыл­­­дан бастап Орталық Азиядағы на­но­­материал­дар мен энергия сақ­тау жүйе­­леріндегі соңғы ғылыми жаңа­лық­тар­ды талқылауға арналған жетекші алаңға айналды. Биылғы конференция­да қуат көзін сақтаудың балама жүйелері, жаңартылатын энергия көздері, экология және тұрақты даму сияқты маңызды салалардағы техноло­гиялық жетістіктердің мәселелері мен келешегі талқыланды. Ғалымдар әсіресе «жасыл» энергетика тақырыбына айрықша тоқталды. Бұл бағыттағы жаңашылдықтар келешекте тек қуат көзін үнемдеп қана қоймай, экологиялық тұрақтылыққа әкеледі дейді мамандар.

«Литий-ионды батареялар өте қауіп­ті. Оларды кәдеге жарату және қайта өңдеу үшін арнайы технологиялар қажет, өйткені олардың құрамында жанғыш және улы материалдар бар. Ұялы телефонның кішкентай батареясында қаншама энергия бар, ал электрмобиль батареясының қуатын елестете беріңіз. Біз аккумулятордың жұмысын жақсарту үшін оның барлық құрамдас бөлігі, яғни – катодтар, анодтар, электролиттер сынды әртүрлі қоспалармен жұмыс істеп жатырмыз. Қазір еліміздің аккумулятор өнеркәсібінің негізгі бағыттарының бірі литий-иондық аккумуляторларға арналған шикізатты өңдеу деп есептей­мін», дейді халықаралық зерттеу тобының жетекшісі, Nazarbayev university профессоры Жұмабай Бәкенов.

Сондай-ақ конференцияға шақы­рылған қонақтардың арасында «Samsung» «SDI»-дің бұрынғы бас инженері, про­фес­­­сор Сун су Ким болды. Ол кезінде «Sam­sung» аккумуляторларын өнді­ру­­ге жа­­уапты болған. Шетелдік мейман Ж.Бә­­ке­­нов­тің литий-ионды акку­му­ляторлардың қауіп­ті­лігі туралы дәйе­гін қолдап отыр. С.Ким электр­мобиль­­­дердің ішіне орна­тылған батарея­лар жан-жақты және белгілі бір жағдай­ларда өте жарылғыш энергия көзі екенін түсіндірді.

«Менің қазақстандық студенттерім бар. Олар бізден PhD дәрежесін алып, бүгінде Назарбаев университетінде ауқым­ды зерттеулер жүргізіп жүр. Мен олар­мен қатты электр жүйелері, зарядты тасы­малдау және өлшеу сияқты жобаларда жұмыс істеуге мүдделімін», деді Чон Нам ұлттық университетінің профессоры Сан-Су Ким.

Айта кетейік, конференция ұйым­дастырушылары – Nazarbayev university, National Laboratory Astana және «Бата­рея институты». «Аккумуляторлар инсти­ту­тының» басшысы және жетекші ғылыми қызметкері Нұржан Өміровтің айтуынша, елімізде өңдеу өнеркәсібін дамыту қажет.

«Біз қазір пайдаланылған батареяларды қоршаған ортаға барынша аз әсер ететіндей қайта өңдеу әдістерін жасап жатырмыз. Мақсатымыз — қалдықтарды азайту ғана емес, сонымен қатар құнды материалдарды өндіріске қайтару. Бұл конференция наноматериалдар мен энергия сақтау жүйелері саласындағы жаңа ғылыми жаңалықтардың катализаторына айналып, жаңа серіктестік қарым-қатынас орнатады және ғылыми зертханалар мен орталықтар арасындағы қазіргі байланыстарды нығайтады деп үміттенеміз. Бұл жиынға еліміздің жас ғалымдары мен студенттерінің қатысуы да аса маңызды. Іс-шара оларға халықаралық форум барысын сезініп, түрлі елдің жетекші ғалымдарымен әңгімелесулеріне мүмкіндік береді», деді Нұржан Өміров.

Жиында литий және никель металдарын өндірудегі кедергілер мен кен байытудағы олқылықтар жан-жақ­ты талқыланды. Сонымен қатар литий-ионды және натрий-ионды бата­рея­лардың тиімділігін арттыру бойын­ша тың жобалар пысықталды. Ұйым­дас­тырушылардың айтуынша, «жасыл» энер­гетика және энергияны сақтау жүйе­ле­ріне арналған озық наноматериалдар саласындағы зерттеулер қашанда өзекті.