Науаи мен Абайдың өмір жолында ұқсастық пен үндестік аз емес. Бұл туралы кезінде академиктер Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Қажым Жұмалиев, профессор Есмағамбет Исмаилов, кейінірек Қайым Мұхаметханов, академик Рахманқұл Бердібай, профессор Мекемтас Мырзахмет, Өтеген Күмісбаев, т.б. зерделі зерттеушілер қадау-қадау ой айтқаны мәлім.
Расында да, Әлішер Науаидың әдеби мұрасы мәні мен мағынасы аса бай болғаны сияқты, Абай Құнанбайұлы поэзиясының да көркемдік көкжиегі өте кең. Екі ақынның да шығармалары – ерен ой мен терең сезім жиынтығының жемісі деуге тұрарлық ғажайып дүниелер. Иә, ұлы қос ақынның поэтикалық шығармалары барынша ойлы да, аса тартымды. Салған жерден өз жетегіне үйіре түседі. Оқырман жұртшылықты таңғалдырып, оқыған сайын тамсандыра түседі.
Ұлы ақын Әлішер Науаидың түркі халық ақындарына, оның ішінде қазақ поэзиясының жарқын жұлдызы Абайға тигізген игі әсері ерекше. Өйткені Абай Шығыс шайырларын, оның ішінде Әлішер Науаиды өзіне ұлағатты ұстаз тұтып, шығармаларынан рухани нәр ала отырып, кейбір өлеңдеріне муқаммас байлап, қазақ өлең өлшемдеріне ерен жаңалық әкелді. Сондықтан ұлы Абайдың өлең жолына түсуіне, үнемі іздеп, сүйіп оқып, үлгі тұтқан ақыны Науаи туындылары болғаны – дау тудырмас бірден-бір шындық. Филология ғылымдарының докторы, профессор Рахманқұл Бердібай: «Абайдың өлең өнері жолына түсерде шығармаларын сүйіп оқыған, өзіне пір тұтқан ақыны Орта Азия әдебиеті аталарының бірі Әлішер Науаи болғаны да баршаға аян», дейді де, өз ойын одан әрі түйіндей түсіп: «Абай өзбек әдебиеті классиктерінің еңбектерін ерекше ыждағатпен зейін салып оқыған. Оның қазақ өлеңінің ұйқастық, ырғақтық, өлшемдік мүмкіншілігін байытуына Шығыс шайырларының үлгісі де әсер еткен. Ұлы Абайдың өзі Науаиды өзіне ұстаз деп білген», дейді.
Шынында да, ұлы Абайдың: әйелдердің әсем көркін, аса тамаша сұлулығын сипаттаған «Иузи – раушан, көзі – гауһар», сондай-ақ «Көзімнің қарасы», «Қор болды жаным», «Сен мені не етесің?» сияқты т.б. көңіл күй лирикалары, Әлішер Науаидың Астрабадта әкім болып тұрған шағында (1487-1489) жазған «Мағыналар қазынасы» («Хазоин-ул-маоний») атты көңіл күй лирикаларымен үндесе, сарындаса түседі. Кемеңгер ақынның бұл өлеңдер жинағы ел арасында «Төрт жинақ» («Чор девон») деген атпен кеңінен танылып кеткен болатын. Әрі Абайдың аталған өлеңдері Сағди, Хафиз бен Физули өлеңдерімен де іштей үндесетінін байқау қиын емес.
Оның үстіне ұлы Абай өзінің «Иузи – раушан, көзі – гауһар», «Білімдіден шыққан сөз» деген өлеңдерін Науаиға еліктей отырып, қазақ поэзиясында бұрын-соңды болмаған «ғаруз» өлең өлшемі негізінде жазған. Мәселен, Абай 1889 жылы жазған 8 шумақтық «Білімдіден шыққан сөз» атты өлеңінің барлық жолын 7, 8 буынды етіп өрнектеген. Оның бірінші шумағынан басқа шумақтарының барлығы дерлік «ғаруз» өлең өлшемі негізінде жазғанын профессор М.Мырзахмет 1994 жылы «Қазақстан» баспасынан шыққан «Абай және Шығыс» деген зерттеу еңбегінде ерекше атап өтті. Сондықтан да ғалымның «Абай өлеңдеріндегі ғаруз ұйқасы деп жүрген «а, а, б» түрінде келетін ұйқас түрі, түркітілді туысқан халықтардың әдебиетінде сонау көне дәуірден-ақ орын алып, тума құбылысқа айналып кеткен байырғы ұйқастардың біріне жатады», деген ойына біз де қосыламыз.
Әлішер Науаидың «Төрт жинақ» («Чор девон») атты 40 мың жолдық көңіл күй лирикаларынан ерекше рухани нәр алғандығы сонша, ақынның араб әліпбиі негізінде жазған ғазелдерінің үлгісімен Абай 19 жасында «Әлифби» атты өлең жазды. Сондықтан да профессор Мекемтас Мырзахмет: «Абайдың кейбір өлеңдерінде ұлы Науаи шығармаларының әсері айқынырақ сезіледі. Тіпті «Әлифби» өлеңінде Абай ұстазы Әлішер Науаимен ақындық өнер жарыстырғандай мінез де танытады. Науаи кейбір араб әрпін сұлу әйелге балай суреттесе, Абай араб әрпін түгел қамтып, қыз бойындағы әсем көркіне түгел жетіп, өзінше ақындық өнер, соны тапқырлық көрсеткендей шеберлік те танытады», деген ойды алға тартады.
Кемеңгер Абай қырықтан асып, әбден ақын ретінде қалыптасқан шағында оқта-текте болса да, Шығыс шайырлары, оның ішінде Әлішер Науаидың ғаруз өлең өлшеміне соққаны білінеді. Оны біз ұлы ақынның 1889 жылы жазған «Білімдіден шыққан сөз» деген өлеңінен анық аңғарамыз. Ең қызығы, ақын өлеңінің бірінші шумағынан басқасының бәрі, түгелдей дерлік ғаруз өлең өлшемімен пішілген. Өлеңдегі 8 шумақтың әрбір жолы 7 буынмен өрнектелген. Мәселен, ақын:
«Білімдіден шыққан сөз
Талаптыға болсын кез.
Нұрын, сырын көруге
Көкірегінде болсын көз», дегенде, осы бірінші шумақ қана қара өлең ұйқасымен беріледі де, онан кейінгі өлең жолдарының бәрі де жеті буынды болып келеді. Мәселен:
«Жүрегі – айна, көңілі – ояу,
Сөз тыңдамас ол баяу,
Өз өнері тұр таяу,
Ұқпасын ба сөзді тез.
Әбілет басқан елер ме,
Сөзге жуық келер ме,
Түзу сөзге сенер ме,
Түзелмесін білген ез?» деп одан әрі жалғаса түседі.
Сөйтіп, Абай есейген шағында оқта-текте болса да, Шығыс шайырларының, Әлішер Науаи мен сопылық әдебиеттің ірі өкілі Қожа Ахмет Ясауидың шығармаларына жиі-жиі соғып, олардың көркем туындыларын көңіл көзінен өткізіп отырғаны аңдалады.
Тіптен ұлы Абайдың махаббат туралы көңіл күй лирикалары да, Шығыс классиктерінің, оның ішінде Әлішер Науаидың сүйіспеншілік тақырыбындағы өлеңдерімен іштей қабысып, үндесе, сарындаса түсетін ой сілемдері көрінеді. Бұл орайда ұлы Абайдың «Қор болды жаным», «Көзімнің қарасы», «Қызарып, сұрланып», «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл», «Сен мені не етесің?» сынды т.б. өлеңдеріне назар аударсақ жеткілікті. Әсіресе Науаи қаламынан туған «Төрт жинақ» («Чор девон») атты көңіл күй лирикалары мен ғазелдерінде көтерілген ойлармен іштей үйлесе түскендігі күмән тудырмайды. Әрі Науаидың «Хозойин-ул-маоний», яғни «Мағыналар қазынасы» атты лирикалық өлеңдерімен іштей үндеседі.
Мәселен, Әлішер Науаи:
«Хуш дурур бир тирайи номихажр икки ер учрашиб,
Танишиб, бир-бирларини
махкам қучушиб йиғлашиб», десе, Абай да өзінің өлең жолдарында қос ғашықтың өзара шынайы сүйіспеншілігі мен іңкәр көңілдерін сипаттай отырып, олардың кездескен сәттерінде сөз таппай, терлеп-тепшіп, әбден берекесіздене түсетінін ақындық жүрекпен сезініп, оны былайша өрбітеді.
«Екі асық құмарлы,
Бір жолдан қайта алмай.
Жолықса ол зарлы
Сөз жөндеп айта алмай.
Аяңдап ақырын,
Жүрекпен алысып.
Сыбдырын, тықырын,
Көңілмен танысып», деп сезім суретін салады. Бұл – ұлы ақынның асқан тапқырлығы.
Сондай-ақ Науаи екі ғашықтың бір-біріне деген ынтық көңілдері мен шынайы сезімдерін, өзара құштарлық сырларын өз өлең жолдарында:
«Гох икки ришта янгинг ким топар бир - бирига тоб,
Икки: дек фақм одмогудек бир - бирига чирмашиб», десе Абай да:
«Дем алыс ысынып,
Саусағы суынып,
Белгісіз қысылып,
Пішіні құбылып», деп ғаруз өлең үлгісімен аса әсерлі етіп, тамаша байлам жасайды да, оқырмандарды ынтықтыра, тамсандыра түседі.
Өлеңде шын жүректен сүйіп, бір-бірімен табысқан екі жастың сезім сырларын тым әсерлі әрі аса шынайы өрнектей түседі. Сосын:
«Жүйрік тіл, терең ой,
Сол күнде қайда едің?
Ғашыққа мойын қой,
Жеңілдің, жеңілдің!», деп те аса терең байлам жасайды.
Әлішер Науаи жоғарыдағы өлең жолдарын 50 жасында жазған болса, Абай да дәл осы жырларын нағыз ақын ретінде қалыптасқан 46 жасында түсіріпті. Абайдың ұлы ақын болып қалыптасуында Шығыс шайырларының, оның ішінде Әлішер Науаидың ықпалы болғандығы көңіл күй, махаббат лирикаларынан байқалады.
Сондықтан да ғұлама Мұхтар Әуезов: «Мысалы, 1889 жылы жазған «Қор болды жаным», 1891 жылы жазылған «Көзімнің қарасында», ақын махаббат жайын тағы да жаңағы аталған, өзіне анық түсінікті болған, бүгінгі ұлы кеңестік Отанымыздың қадірлі, кәрі классиктері Науаи, Физулише жазатыны бар», деп терең тұжырым жасайды.
Абай поэзиясына тереңірек үңіліп, жан-жақты назар аударсақ, ұлы ақынның Әлішер Науаимен бірге Физули, Низами шығармаларына көбірек көңіл бөліп, ерекше ден қойып, зерделегенін тани түсеміз. Мәселен, Әлішер Науаидың көңіл күй лирикалары мен ғазелдері формасы, құрылысы жағынан әртүрлі, олар мазмұны жағынан да аса терең сезімге, ерен ойға құрылғанымен ерекше назар аудартады.
Оның үстіне Әлішер Науаи да, Абай Құнанбайұлы да шынайы сүйіспеншілікті аса жоғары бағалаумен бірге ерен сезім мен мөлдір махаббатты, іңкәрлік көңілді биікке көтере түседі. Мәселен Әлішер Науаи:
«Ер улдурким: тил ва ҳам кўнгил анинг бўлса бир,
Ким тили ўзга ва кўнгил ўзгадур, - ёр эмас.
«Наводир» ден,
Икки бошим бўлмаса, икки кўнгиллик ёрни,
Севмагай менким, – бало урсун
муқарррар бочимо «Бадойидан»,
дей келе, өзінің «Көңілдің сүйгендері» («Махбуб-ул-қулуб») шығармасында бұл ойын одан әрі жетілдіре, жандандыра түсіп:
«Тил билан кўнглингни бир тут,
Кўнгли ва тили айтган сўзинга бут», деп сүйіспеншілікте тіл мен ділді бірдей ұстауға үндесе, Абай ұлы ақын ойын одан әрі жетілдіре, жалғастыра келіп:
«Шын көңілмен сүйсе екен, кімді сүйсе,
Бір сөзімен тұрса екен, жанса, күйсе», деп кім-кімді сүйсе де, шын көңілмен сүю керегін айтады. Әрбір жанның сөзінде тұруын да аса жоғары бағалайды. Нәтижесінде, адалдықты, пәктікті, бір сөзділікті аса жоғары бағалайды.
Абай Құнанбайұлы тәлімдік-тәрбиелік мәнге ие «Қара сөз» деп аталатын ғибратнамаларында: «Тіл – жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды», деген терең ойды да алға тартады. Ұлы ақын Әлішер Науаи да, Абай Құнанбайұлы да өмірде жүректі аса жоғары бағалап, өз жүрегіне бағына білген жанды нағыз адам ретінде танып, оны биік тұлға ретінде қастерлейді. Ондай жанды ерекше құрметтеуге шақырады.
Шынында да, ұлы Абай Шығыс поэзиясының бал-бұлақтарынан рухани нәр алғанда тікелей елікпей, оған барынша сыншылдық көзбен қарап, өзінше пайымдап, түйін жасайды.
Қорыта айтқанда, кемеңгер ақын Абай Құнанбайұлы өзбек әдебиетінің ұлы тұлғасы Әлішер Науаи шығармаларынан рухани нәр алғаны анық. Соның нәтижесінде, Абайдың ақындық әлемі жаңа кеңістікке жол ашты. Біз оның Әлішер Науаи шығармаларымен сарындасатын кей өлеңдеріне ғана көңіл көзін қададық. Әрі оның қадау-қадау тұстары төңірегінде ғана ой айттық. Сондықтан да Абайдың Шығысқа қатысты мәселесін, оның ішінде ұлы тұлға, кемеңгер ақын Әлішер Науаи шығармаларымен үндес тұстарын әлі де болса тереңірек зерттеп, жан-жақты үйрене түсу бүгінгі таңдағы абайтану ғылымының алдында тұрған өзекті тақырыптың бірегейі.
Қалдыбек СЕЙДАНОВ,
Өзбекстан мәдениет саласының ардагері, профессор