Музей • 09 Тамыз, 2024

Шоқан музейінің бүгінгі биігі

98 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Күреңбел өңіріндегі көркем бір дүние – Шоқан Уәлиханов атындағы «Алтынемел» мемлекеттік мемориалды музейі. Мемлекет басшысы Жетісуға сапарында бірқатар мәселені айшықтап, облыс әкіміне әр алуан тапсырма жүктеген. Соның бірі – ұлы саяхатшы жамбасы тиген топырақты түлетіп, барша жәдігерінің құтты мекеніне айналған музей жұмысын жандандыру еді. Бүгінде мұражай жаңа кейіпке еніп, екі мыңнан астам адам қабылдап үлгеріпті.

Шоқан музейінің бүгінгі биігі

Аталған рухани нысан­да 1130 экспонат қо­йыл­ған. Соның ішін­­де ғалымның өзі тұтынған заттар да бар. Бұған дейін де «Ал­тын­­емел» мемориалды музейі көп­шілікке таныс болғанымен, қай­та жаңғыртудан өткеннен ке­йін мұн­да келушілер қатары арта түскен.

«Республикадан арнайы қар­жы бөлініп, өткен жылы музей ғимараты күрделі жөндеуден өт­ті, экспозициясы заман тала­бына сай қайта безендірілді. Му­зейге лэд-экран, ақпараттық дүң­гір­шек, диорамадағы фондық әуенді сүйемелдеу құрылғысы орнатылды. Біздің музейге шетелден де келіп жатады, соның ішінде Швеция, Жапония, Ресей ғалымдары мен журналистері де бар. Әсіресе қайта жаңғыртудан өткеннен кейін халықтың музей­ге деген қызығушылығы арта түс­ті», дейді музей директоры Марал Рахатова.

ап

Қаршадайынан білім қуып, әке тәлімінен бөлек әскери тәр­тіппен өскен ғалым отызжыл­дық ғұмырында он түмендік жортуылды жолды артқа тас­тап­ты. Салқам да сырбаз, сұлу сая­хат­шының жан әлемінен шым-шымдап шыққан шымыр еңбек те ел игілігіне жараса – жарасымды. Бар ойлайтыны, киелі жер­дің көркемі – Көкшесін тағы бір көру. Барша мұрадым-мұраты­на жеткен саяхатшының да тірлік­тен сұраған жалғыз һәм ең соңғы аңсар-арманы қабыл болмаған. Жарық ғаламмен жанар суарған туған жеріне соңғы рет табаны тимеді. Тағдыры жазбады. Жер шоқтығының манатына аяқ мала алмағанымен оған Жарату­шы­сы жер жаннаты Жетісуды мәңгілік мекен етті. Осынау құт­ты орда, құсни қоныста алыстан менмұндалап ескерткіші, зираты мен музейі бой көтерді.

Шоқан Уәлихановтың «Алтын­емел» мемлекеттік мемориалды музейі бүгінде туризмнің бір нысанына айналып үлгерген. Әрісі мұхит асып АҚШ-тан, берісі Түркия елінен туристер арнайы келіп «Аққан жұлдыз» өмірі­мен та­нысып, жәдігерлерге көз суа­рып, шырайлы шығыс шұғыласы­ның барша дерегіне қанық болуда. Ал еліміздегі жоғары оқу орын­дарының білімгерлері мен ұстаздары, мектеп оқушылары шал­ғайдан келіп ғалым рухына тағ­зым жасап, мұраларымен танысуды дәстүрге айналдырған.

Шүйгінді Шоқан аулының қақ төрінен орын тепкен Шоқан му­зейі алдыңғы беттен қараған­­да күр­сінің үстінде ашылған кітап пішінде. Мыңжылдықтан діл­марлық пен дегдарлықты бойынан суытпаған текті қазақ баласы ретінде осынау көрініске ерекше әсерлендік. Құндылық құл­дырап, кітап оқу күн санап мәсе­леге айналған шақтағы алаң кө­ңіл бар, алғаш рет келгеніміз бар, Шоқанның тағылымынан таным қалыптастырғанымыз бар, осындай қабаттаса келген толқыныс­тан бек қуандық. Жоғары жақ­тан қарағанда бес жұлдыз бейне­лі, қырынан зейін салса, Шоқан­ның төрт құлақты зираты іспетті салынған музей аумағы 3 гектар жерді алып жатыр. Міне, көне­ден күмбір-күмбір сарын жеткізген музей менмұндалап тұр.

ро

Музейге келушілер Шоқан­­­ның өскен ортасы, өмір жолы, зерт­­­теу сапарлары, ғылыми еңбек­­­тері, ағартушылық идеялары туралы кең мағлұмат ала алады. Сол сияқты Шоқан өзі пайдаланған заттарды да көре алады. Мұнда ғалымның Қашқария сапарына алып барған тапаншасы мен сол жақтан тағып келген парша бел­беуі, мыс табақ, қасық, бұрыш ұнтақтағыш сияқты тұрмыстық заттары бар. Ш.Уәлихановтың жүріп өткен жолдарды бейнелеген, 250 кг қой жүнінен жасалған гобелен кілем музейге кірген­нен көз тартады. Сондай-ақ Шоқан­ның қазақ даласына Ресейден арнайы алғызып оқыған «Современ­ник» журналын да музей жәдігерлері­­нің арасынан көруге болады.

Өткен ғасырдың екінші жартысынан асқан шамада халқы­мыз­­дың дара перзенті Дінмұха­мед Ахметұлы Қонаев бір келелі жиында Шоқан тағылымын тіл­ге тиек етіпті. Сол жиында ардақ­тысын алқалаған республика бас­шы­сының сөзінен арқаланған көк­шетаулық азамат Шоқан жатқан жерді тарихи орынға айналдыру керек еке­нін, асылдың сүйегі Көк­шетауда екенін айтыпты. Сон­да Алаш ардақтысының ақтық демі қай жер­де түгесілгенін білетін, ба­сына қойылған белгітасты көзі­­мен көрген Социалистік Еңбек Ері, ­майдангер Игібай Базарбаев сөз алып, жөн сілтейді. Дәлелін де келісті кел­тіреді. Сұрапыл со­ғыс­­та бір аяғын майдан дала­сы­на тас­­тап келген Игібай Базар­бай­­ұлы­ның сөзіне дерек болған бел­­гі­тасты көзімізбен көрдік. Көңіл тол­қыды. Шоқан өмірден өт­кен соң 1881 жылы Константин фон Кауф­­манның бұй­рығымен Кол­па­­ковский осы бел­гітасты түйеге ар­тып, Екатеринбург қаласынан ғалым еңбегі үшін басына орнат­қан екен.

Сол құлпытастың құлап, топы­раққа сіңе жаздап жатқан жері­нен кейінірек тапқан орыс диірмен­шісі Зизин үйіне алып келіп, қол­диірмен жасағысы келіпті. Орта­сынан қашап бастағанда қиыр­шығы көзіне түсіп, кейіннен сол дертінен көз жұмыпты. Осын­дай қасиет пен кие тұнған құл­пытас арқылы сүйегі табылып, та­былған бас Ресей төріндегі зерт­теу нәтижесінде қуатталған. Міне, осындай тарих арқылы еңсе тік­теген музей бүгінде облыс туриз­мінің бір тетігіне айналғаны да рас.

 

Жетісу облысы