Бірер жыл бұрын Орталық Азияның Еуразия қоры серіктес «Шеврон» компаниясымен бірге «Байтақ жер» деп аталатын жобаның жоспарын түзіп, үйлестіре бастаған. Экотуризм, этнотуризмді дамытуға қолайлы ауылдарды көпшілікке танытып, бизнес-жобасы тәуір кәсіпкерлерге көмек қолын созуды жоспарлаған. Оның ішінде жоба арқылы қаржылай қолдау алмаса да, оқудан өткендер көп болыпты. Биыл да жобаның ереже-талаптарына сәйкес үміткерлер әуелі кәсіпкерлікті оқыса, үздік деп танылған 9 жобаның иесі қордан көмек алған. Бұл ретте пайызсыз несие алып, туризмге дендеп кірісе бастаған кәсіпкерлердің жұмысымен танысудың орайы келді.
Сапар барысында қаладан шамамен 37 шақырым қашық жатқан Ақмол аулындағы «Алжир» саяси қуғын-сүргін құрбандарының мемориалды-мұражайына аялдап, қазақ зиялылары, әйелдері жайлы өзімізге бұрын белгісіз болған тарихи оқиғаларға қанықтық. Көп кідірмей осы ауылдың маңындағы ұлттық салт-дәстүрді дәріптеп жүрген ақжаулықты ана Алтынай Тәңірбергеннің этноаулына қарай беттедік. Жолай жобаны үйлестіруші маманның бірі, Орталық Азияның Еуразия қорының өкілі Айжан Жансұлтанованың пікіріне құлақ түрдік.
«Орталық Азияның Еуразия қоры әлеуметтік жобалармен айналысады. Соның ішінде білім, кәсіпкерлік, экология және басқа да бағыттар бойынша жұмыс істейміз. Ал мұнай мен табиғи газ шығаратын «Шеврон» компаниясы серіктестермен бірлесіп әлеуметтік жобаларға қолдау көрсетіп келеді. Соның ішінде «Байтақ жер» жобасын ақылдаса келе, Ақмола облысында үйлестіруді ұйғардық. Себебі елорданың маңындағы ауылдарды көпшілік біле бермейді. Біз сол ауылдарды алдымен өзіміз көріп, біліп, көркіне қанықтық. Бұл бастама кәсіпкерлерді қолдау арқылы туризмді дамытуға бағытталып отыр. Жоба аясында алдымен үміткерлерді кәсіпкерлікке оқытып, сосын ең мықты деген жобаларды іріктейміз. Былтыр жобаның бірінші кезеңінде 6 кәсіпкер пайызсыз несие алса, биыл этнотуризм, экотуризм, агротуризмді жандандыруды ойлаған 9 үміткердің әрқайсысы 1 млн-нан 7 млн теңгеге дейін несие алды», деді А.Жансұлтанова.
Бұл кез жазыққа шығып, шабындықты бойлай айқұш-ұйқыш жолға түстік. Көп ұзамай Ақмол іргесіндегі этноауылға жеттік. Бізді кәсіпкер Алтынай Тәңірберген бастаған қазақы нақышта киінген аналар қарсы алды. Олардың бірі – ісмер, екіншісі – атбегі, үшіншісі – мерген. Қысқасы, жігіттің бойынан табылатын жеті өнерден хабары бар, төл өнерді дәріптеп жүрген ақжаулықтылар. Мұндағы кәсіпті дөңгелете бастаған Нұрлан мен Алтынай бірнеше шаруаны қатар атқарып, ауылдың тыныс-тіршілігіне еніп кеткен. Агротуризм, этнотуризммен айналыса жүріп, мал бағады, бөдене асырайды, киіз үй тігеді. Ерлі-зайыптылар қаланың тіршілігінен жерініп, түбі ауылға баруды ойлап жүрсе де, заман тынышта отбасымен бірге елден қашық қоныстанып, туризммен айналысу дегенді ойламаған да.
«Туризммен айналысамыз деп мүлде ойламаппыз. Бес баланың ата-анасымыз. Оларды қанаттандырамын дегенше уақыт зулап өте берді. Содан қаладан қашып, ауылға барамыз, шаруашылықпен айналысамыз деген әуелдегі ойды іске асыруға бекіндік. Бірер жылдай шаруашылыққа жайлы жер іздеп, ауыл маңындағы осы 12 гектар аумақты сатып алдық. Ақмол аулынан 4 шақырым, Жаңажол аулынан 3 шақырымдай қашық қоныстандық. Екі аттам жерде Жалағаш көлі жатыр. «Алжир» мемориалды-мұражайы да алыс емес. Өзіміз осында келіп, іс бастағалы өмірдің мәнін тапқандай болдық. Әне-міне дегенше 8 жыл өте шығыпты. Қазір киіз үй жасаумен айналысамыз. «Байтақ жер» жобасы арқылы алған 7 млн теңгеге 2 станок жасап шығардық. Бұл – несие емес, пайызсыз берілген ақша деп айтсақ болады. Енді уық, шаңырақ, кереге – бәрін-бәрін өзіміз шығарамыз. Этнотуризмді қолға алып жатқанымызға да үш жылға шамалады. Туристер тек былтыр келе бастады. Қонақтар атқа мініп, киіз үйде дамылдап, ауқаттанып, тынығып кетеді. Нақ қазір негізгі жұмысымыз киіз үй болған соң, туризмнен бәлендей табыс тауып жатырмыз деп айта алмаймыз. Алғашқы жылдары көп шаруаны тегін атқардық, тәжірибе үшін көп жеңілдік жасадық. Қазір табыс табу жағын да ойластырып жатырмыз. Эноауылға кім келсе де, құшағымыз ашық. Қонақ келсе, марқайып қаламыз. Бастысы, этноауылда тұрған өзімізге ұнайды. Қаладан қашық жерде көңіліміз жай, ұйқымыз тыныш. Біз мұнымен тоқтап қалғымыз жоқ, қолдан келсе, ел қызығып жатса, этноауылға 20, 50 киіз үй тігуге болады. Байланыс жақсы, су, жарық бар. Тіпті «IT қалашық» секілді ерекше жобаларды іске асыру туралы ұсыныстар түсіп жатыр», дейді Алтынай.
А.Тәңірберген жолдасына киіз үй жасау туралы ұсынысты бекерден-бекер тастамапты. Әуелі нарықта бұл кәсіпті қолға алған шеберлердің жоқтығына көз жеткізіп алған. Кәсіпкерлер істі қолға алмас бұрын ізденіп, ескі технологияларға жүгініпті. Қалай дегенде ертеде қазақтың киіз үйі сапа жағынан мықты, берік болған. Кәсіпкерлер қарап қалмай, кейбір тұстарын заманға қарай өздерінше жаңартқан. Ерлі-зайыпты бір киіз үйдің қаңқасын бір күнде дайындауға қауқар жетеді дейді. Дайын болған қаңқаны ертесіне сырласа, арғы күні кебеді. Осыдан соң шаңырақ пен уықты да өздері иіп әзірлейді. Кәсіп иелері қазір тек киізбен жұмыс істеу біршама уақыт алатынын айтып қалды. Себебі Ақмола төңірегінде киіз өңдейтін зауыт болмаған соң, өнімді Тараздан, Қырғызстаннан тасымалдауға мәжбүр. Әрі көрші елден алдырған киіз отандық өнімнен сапалырақ көрінеді. Тіпті инеменен шанши алмайтындай берік деседі. Қазір киіз үй шеберлері айына 10 киіз үй өндіруге қауқарлы екен.
Сапардың екінші күні бағытты өзгертіп, Ақмола облысының солтүстігіндегі Ақкөл ауданына аялдадық. Мұнда «Байтақ жер» жобасына қатысып, пайызсыз несие алған Ғалия Искакованың «Ақкөл лагунасы» деп аталатын шағын демалыс аймағы бар екен. Осы аумақ Астанадан шамамен 100 шақырым, Бурабайдан 130 шақырымдай жерде орналасыпты. Екі бірдей екіқабатты үйдің бірі – 12, екіншісі 6 адамға шақталған. Қонақтар мұндағы шағын көлге түсіп, балық ауласа да өз еркі. Велосипедпен серуендеп, орман жаққа беттеуге болады. Демалыс орнында кәсіпкердің жоба арқылы сатып алған техникаларын, ойын алаңшасын, велосипедтерін көрдік. Төңіректі толық жарықтандыруға да қаржыны пайызсыз алған несиеден жұмсапты. Мұнда көп кідірмей, аудандағы Фарида Елеусізова есімді кәсіпкердің «Красный горняк» деп аталатын демалыс орнына беттедік. Форель аулауға спорттық балық аулаумен айналысатындар мен әуесқойлар келе береді екен. Отбасымен бірге тынығатындар бар. Көкшетау, Астана, Қарағанды, Петропавлдан балықшылар көп келеді.
«Форель қымбат балық саналады. Мұнда кәсіби балықшылар жай келмейді, балық аулауға арналған керек-жарағын түгендеп алады. Болмаса, форельдің келісін 6 мың теңгеден сатып ала аласыз. Қонып қалатын қонақтарға 4 шағын үй бар. Олардың санын 10-ға жеткізуді көздеп отырмыз. «Байтақ жер» жобасына қатысып, пайызсыз 7 млн теңге алдық. Үш жыл бұрын грант ұтып алғанымыз бар. Соның да көмегі көп тиді. Форель асыраудың машақаты көп. Ең әуелі таза су керек. Сосын ондағы температураны бақыламаса болмайды. Бізге қарап форель асырап, балықшыларды тартуды көздейтіндер бар. Алайда барлығының ісі алға басты деп айта алмаймыз. Суда оттегі болмаса, форельді жіберіп керегі жоқ. Форель жылдам жүзетін балық, бір орында тұрмайды. Біз күнделікті 40 шақты балық жіберсек, соның бірін қалдырмай аулайтын балықшылар кездеседі. Кәсіпті бастағанда шабақ жібергенбіз, бірақ оған балықшылар аса қызыға қоймады. Форель жібергенде қонақтар көбейді. Енді бір орында тұралап қалмай, бастаған істі жалғастыруға ниеттіміз», дейді кәсіпті үйлестіріп отырған Алексей.
Осы күні кештетіп Біржан сал ауданына жол тарттық. Ұзыннан ұзақ жатқан Жөкей көлінен әрі асып, «Байтақ жер» жобасына қатысқан кәсіпкер Қанат Төкесбайдың «Орман және жұлдыздар» глэмпингіне тоқтадық. Мұнда жобаға қатысып, пайызсыз несие алған Эльвира Мұқашева есімді кәсіпкермен де жүздестік. Оның ірімшік жасайтын шағын кәсіпорны бар. Көкшетау қаласының тұрғыны тұтынушыларға сүт өнімдерінің 20-дан аса түрін ұсынады. Кәсіпкер өнімін жақын қала, аудандарға жеткізіп беруге дайын. Керек десеңіз, сүт өнімдерінен түрлі тағам әзірлеп, шеберлік сабағын өткізуге әзір. Отбасылық кәсіпті қолға алған Қанат Төкесбайдың да алға қойып отырған жоба-жоспары ауқымды. Расымен, глэмпингте қонақтарға жайлы жағдай жасалыпты. 11 тэнхаус, 3 афрейм (шатыры биік ағаш үй), сосын сыртқы пішіні шар тәріздес дизайны ерекше үйді көрдік. Жазық дала. Орман, орманның арғы жағында Жөкей аулына қарайтын 40 шақты түтін бар. Әйгілі композитор Біржан сал туған мекен осы. Сонаудан Аюлы төбесі де көрінеді. Мұны бізге осы ауылдың қариясы Ғабит Курсанов айтып, көрсетті. Демалыс орны Астанадан 230 шақырым қашықта орналасқан. Ауыл шағын болса да, жақын маңда туризмді енді-енді қолға алып жатқан кәсіпкерлер көбейіп келеді. Бірлігі жарасқан ауылдастар біріне-бірі демеу болып, қолдан келсе көмек қолын созуға әзір тұрады екен.
«Алға қойған мақсат-меже көп. Өйткені 2021 жылы карантиннен кейін осы кәсіпті бастасақ, бүгінге дейін тапқан табысымызды түгел бизнеске салып келеміз. Сол тұста бір айдың ішінде бірнеше үй тұрғызып, істі бастап кетеміз, табыс түсе береді деп келте ойлаппыз. Апта өтті, ай өтті, қонақ жоқ. Енді қайттік, бәлкім, кәсіпті дөңгелете алмаспын, осы жерден тоқтату керек болар деген ой мазалады. Шешінген судан тайынбас деп кәсіпке ақша сала бердік. Соның нәтижесі болса керек, қазір еліміздің әр аймағынан туристер келетін болды. Шетелдіктерді де қабылдап жатырмыз. Әрине, Бурабай курорттық аймақ болған соң, табиғаты, қызмет көрсету сапасы сөз жоқ, керемет. Алайда у-шудан шаршап, біздің глэмпингке келгісі келетіндер де табылады. Талғамға талас жоқ. Жалғыз өзі келіп, үй жалдап, бірнеше күн қона кететін қонақтар болады. Сондағысы, қаладағы қайнаған тіршіліктен шаршайды ғой. Сосын демалуға келген адамды қатты мазаламаған жөн деп білеміз. Аумақтың тазалығына, қызмет көрсету сапасына ерекше көңіл бөлу керек. Туризмге дұрыс қадам жасасақ, сөзсіз іс алға басады, оған күмән жоқ», дейді Қ.Төкесбай.
Сапардың үшінші күнінде Зеренді ауданындағы «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне барып, «Смольная» шоқысына өрледік. Зерендімен қатар Шалқар, Имантау, Айыртау аймақтарын қамтитын ұлттық парк Көкшетау қаласынан 60 шақырым оңтүстік-батыста орналасқан. Қалың қарағай, қайың, теректердің арасымен шоқыға көтерілгенде ауыл, ұлттық парк алақандағыдай көрінеді. Зерендіде туристерге сапалы қызмет көрсететін демалыс орындары баршылық. Олардың әрқайсысын түгендеп шығу мүмкін емес те шығар. Жыл сайын тәуекелге бел буып, туризммен айналысатын кәсіпкерлердің қатары толықса, нұр үстіне нұр. Бұл дегеніңіз Ақмола облысының аумағында туризмге дұрыс көзқарас қалыптасып келеді дегенге саяды.