Жәдігер • 08 Тамыз, 2024

Бассүйектің сыры

67 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Абай облысы аумағында мыңжылдықтар тарихын тоғыстырып тұрған тарихи мекендер жетерлік. Осы жерлерден табылған көне жәдігерлер ерекше назар аудартады. Сондай елеулі экспонаттың бірі – Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында сақталған бассүйек.

Бассүйектің сыры

Бұл бассүйекті 1908 жылы белгілі өлкетану­шы­лар, ағайынды Виктор мен Алексей Белослюдовтар Ер­тістің оң жағалауындағы Под­пускное елді мекенінің ма­ңайынан тапқан. Сол жылдары Виктор мен Алексей музей игілігі үшін аянбай ең­бек етіп, қорға көптеген құн­ды жәдігерді сыйға тартады. Соның бірегейі осы бассүйек екенін музей мамандары да ерекше назар сала айтады. Бүгінгі күні музей қорында сақталған 137 мыңнан астам жәдігердің ішіндегі осы бір елеулі дүниенің азу тісте­рін ғалымдар археология және этнология магистрі, Назарбаев университеті қазақ тілі және түркітану кафедрасының оқытушысы Айдын Жүнісхановтың бас­тамасымен 2020 жы­лы ра­диокөміртектік сарап­тамаға жіберген.

Семей қаласының об­лыстық тарихи-өлкетану му­зейі­нің директоры Қайрат Сабырбай: «2023 жылы аталған бассүйектің ғылыми антропологиялық мүсіндік реконструкциясы жасалды. Бүгінгі күнде қызығушылық танытқан музей қонақтары осы аумақта тірлік кешкен тұрғындардың белгілі бір кезеңдегі келбетін тамашалай алады», дейді.

Литва елінің астанасы Вильнюс қаласындағы Фи­зика-технология ғы­лымдар орталығының мем­лекеттік ғылыми зерттеу институтында ядролық зерттеулер бөлімінің аға ғылыми қызметкері, зертхана меңгерушісі Жилвинас Ежеринскистің жетекшілігімен зерттеу жүргізілген. Нәтижесіне, сүйенсек, антропология­лық материал Жошы ұлысы­ның үстемдік құрған кезіне сәйкес келетіні анықталды. Материал ХІІІ ғасырдың соңы XІV ғасырдың басына жатады. Осыдан-ақ біз сөз еткен антропологиялық нысанды бағзы заманда ғұмыр кешкен бабалардың бассүйегі деп топшылауға болады. Біздіңше, бұл бассүйекті әбден зерттеп болған соң көне қорымның біріне жерлеген дұрыс.

 

Абай облысы