Оқиға • 08 Тамыз, 2024

Жоқтан бар жасау

73 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Нағашы көкемнің дарияға төккен ауына сол күні біршама несібе ілігіпті. Жіп ауды абайлай тараштап, түскен балықты мен ашқан қаптың аузына лақтыра берген еді. Сонда есімде. Аудағы ірілі-ұсақты балық атаулының ішінде дәу сазанның ерекше бұлқынғаны. Салмағы 10 килодан әрі бар шығар. Бөлек қапқа салғызды оны. Бесінші сыныпқа өткен маған бұл сазанның салмағы біршама жүк. Тырмыса көтеріп, көкемнің «лөккебайына» мықшыңдай арттым.

Жоқтан бар жасау

Сол күні кешке асылған сазанның иісі қазанаспадан бұрқырай шығып жатты. «Апыр-ай, көк май-ау, көк май» дейді Сайраш жеңгей қазан бетіне майы қалқыған сорпаны ұрттай жүріп. Тұзын көргендегісі ғой. «Ыржанай илерсің» (ржаная мука) дейді әжем де қосымша тапсырмасын жүктеп. Бүлкілдей қайнап, көзі әлдеқашан ағарған үлкен сазан иісі біздей бала-шағаның танауын жарғалы тыпыршып-ақ жүрміз.

Қамырына майы сіңген семіз балықтың кеспелері салынған қос табақ ортаға тартыла берген. Енді көкемнің табаққа қарай созылған қолын күту керек. Онсыз болмайды. Қасиетсіз болып көрінгің келмесе, асты үлкеніңнен бұрын бастамайсың. Солай.

Көкем алдымен балықтың басын өзіне тартты. «Біссімілләсін» айта отырып, көктемгі ерте туған қозының басымен пара-пар сазанның басын асықпай жей бастады.

– Әй, ана балаларға қабырғасынан бер, майда тікен кетіп, әке-шешелерінен басымыз бәлеге қалар. Әжем осылай дейді. Сайраш та үнсіз келісіп, жазғы каникулға келген, қала мен даладағы ұл мен қыздан тараған немере мен жиендерге балық етін тікенінен ажыратып берер еді.

– Жарықтық, еркін жайы­лыпты-ау, – дейді көкем мұндайда майы қалқыған сорпаны іше отырып.

– Ее, бала-шағаның несібесі де, – дейді әжем де оны қоштап.

Сол күні ғой байқаға­ным. Балық жеп бітісімен Сайраш жеңгей дастар­қанды жинауға кіріскен. Жи­най жүріп, көкем алдындағы ба­лық сүйектерін аударған. Аудара жү­ріп, сазанның дәу басынан қалған, сағал­дырықты жабар жақ сүйегін алды. Екеуін де.

–  Жеңеше, оны не істейсіз?

– Керек болады.

– Ааа. Әрі қарай даладағы ойынның қызығына еліттім бе, білмеймін, сыртқа ата жөнелгенмін.

Неге керек екені кейін белгілі болды. Былай еді. Күндізгі ыстыққа шыдамай, түнімен жайылатын біздің жақтың мүйізділері таң ата келетін. Онда да желіні сыздай бастаған соң ғана. Сиыр өзі мешкей жануар ғой. Қорадағы ішегін тарта мөңіреген бұзауына желіні тол­майынша асықпайтын сабазың осылар.

Сонда ғой. Таңғы бесте сауылған бар сиырдың сүтін жең­гей үлкен қазанға құятын. Қорадағы қыстан қалған байлаулы сыпырықты әкеп қазақы ошақты көмейіне тыға беретін. Кейде айырмен күн астынан жайып кептірген көп жападан қалап кетеді. Иә, тезекке піскен нан да, сүт те, тіпті тамағың да дәмді емес пе?

Қайнаған сүттің артында қаспағы болады. Бұны да жеңгей әр балаға әр күні кезек-кезекпен береді. Бұл қағида біздің жеңгейге әбден сіңген.

– Әй, Ежөк, қаспақ жегің келсе, тұра ғой.

Атып тұрдым. Қаспақ дегенде ұйқы қашады. Беті-қолыңды жумас­тан дүние­дегі мейірімді де әділетті жеңешеңе жетіп барасың мұндайға.

Сайраш қазандағы қаспақты қырып тұрады бұл кезде. Қолында әлдебір зат. Қасық емес. Әппақ, бұрын мен көрмеген дүние.

– Енді түсіндің бе? – деді көзім жыпылықтай қазаннан көз алмаған маған қарап. – Қай күні көкеңмен бірге аулаған сазанның жақ сүйегі. Ертеректе Арал теңізі жағасында тіршілік қылған шешелеріміз қазан­ды осымен тазалапты ғой.

Фери мен қазан қырғы­шың табылмайтын уақытта біздің жеңгей осылай жоқтан бар жасап еді-ау. Қиын заманда балық сүйегінен ұн, шалаңынан шай қайнатып ішкен бұрын­ғылардың кез келген дүниені қажетке жаратқанына әлі де қайран болып келемін.