Форум • 10 Тамыз, 2024

Олжас Бектенов: Орталық Азия елдері мен Жапония ынтымақтастықты кеңейтетін зор әлеуетке ие

69 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов «Орталық Азия + Жапония» диалогі бизнес-форумына қатысты. Форум алаңында Орталық Азия аймағы елдері мен Жапония делегацияларының 450-ден астам өкілі жиналды. Жапонияның іскер топтарынан «Toyota Tsusho Corporation», «Mitsubishi Heavy Industries EMEA», «Mitsui & Co., Ltd» ірі компанияларының басшылары мен менеджерлері, сарапшылар қауымдастығынан салалық жоғары оқу орындарының ғылыми қызметкерлері қатысты.

Олжас Бектенов: Орталық Азия елдері мен Жапония ынтымақтастықты кеңейтетін зор әлеуетке ие

Экономикалық байланыс­тарды нығайту және цифрлан­дыру, көлік-логистика саласы, агроөнеркәсіп кешені, ауыр өнеркәсіп секторы және бас­қа да салалардағы өзара іс-қимыл­ды кеңейту келешегі тал­қыланды. Үкімет басшысы Олжас Бектенов өзінің алғы сөзінде көпжақты ынтымақтастықты арттырудың негізгі бағыттарын атап өтті.

«Жапония жаһандық ауқым­дағы экономикалық және тех­нологиялық көшбас­шы­лар­дың бірі саналады. Жа­пон ком­панияларының өнім­дері өзі­нің сапасы, сенімділігі және инновациялық жаңашыл­дығымен танымал. Бүкіл әлемдегі адамдардың тұрмыс сапасын жақ­сартуға баға жетпес үлес қосып, прогрестің ал­дыңғы қата­рына шыққан мемлекет. Өз кезегінде Орталық Азия – бұл қарқынды дамып келе жатқан аймақ, оның даму қарқыны жоғары және жан-жақты ынтымақтастық үшін барлық жағдай жасалған. Біздің аймағымыздағы елдер мен Жапония ынтымақтастықты үдемелі кеңейту үшін зор әлеуетке ие деп санаймын. Жапондық инвесторлардың қатысуымен трансұлттық жобаларды жүзеге асыру аймақтың экономикалық өзара байланысының деңгейін арттыруға ықпал ететіні сөзсіз. Бүгінгі нәтижелі келіссөздер біздің көпжоспарлы әріптес­тігімізді сапалы жаңа деңгейге шығаруға бағытталған», деп атап өтті Олжас Бектенов.

Премьер-министр Орталық Азия мен Жапонияның озық технологиялар трансферті және қосылған құны жоғары өнімдер өндіру саласындағы өзара іс-қимылына назар аударды. Бұл бағытта бірлескен инновациялық кластерлер, технопарктер мен инкубаторлар құру мүмкіндігі атап өтілді.

Бүгінде Орталық Азия өңі­рін­де мемлекеттік басқару сек­торын, финтех индустрия­сын және электронды коммер­цияны айтарлықтай жаңғырту­ға мүмкіндік беретін бірегей ІТ экожүйе құрылып жатыр. Осыған байланысты ОА елдері­нің Жа­по­ниямен жасанды ин­теллект тех­нологияларын ен­гізу, дата-ор­талықтар салу, кибер­қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріндегі ынтымақтастығы барлық тарап үшін жемісті болуы мүмкін деп атап өтті Үкімет басшысы Олжас Бектенов. Жапонияда қолданылатын ЖИ, роботтехника және ғылымның басқа да озық жетістіктеріне негізделген агротехнологиялар да қызығушылық тудырып отыр.

Қаржы секторындағы өзара іс-қимылды арттыру және аймақ­аралық әріптестікті тереңдетуге «Астана» халықаралық қаржы орта­лығы мен Токио қор биржасы арасындағы әлеуетті ынтымақ­тастық елеулі үлес қоса алады.

Сирек металды кен орындарын игерудегі әріптестікті кеңейтуге және көлік-логистика саласында бірлескен жобаларды іске асыруға назар аударылды. Орталық Азияның солтүстікке, оңтүстікке, шығыс пен батысқа шығатын транзиттік әлеуеті жапон экспорты мен импортына үлкен мүмкіндіктер ашады.

Бизнес-форумда «Kazakh invest» ҰК» АҚ басқарма төраға­сы Ержан Елекеев, «Maru­beni Corporation» Директорлар кеңесі­нің төрағасы Фумия Кокубу басқа да қатысушылар сөз сөй­леді.

«Орталық Азия + Жапония» диалогі аясындағы бизнес-форум­ның нәтижесінде көпжос­парлы әріптестікті жаңа деңгейге шығаруға арналған бірлескен жобаларды іске асыру жөніндегі құжаттарға қол қойылады.