Жас оқырман Нарғыз Асхатқызы өз сөзінде: «Ақынның менің өмірімде алар орны ерекше. Маған поэзияны сүюге, өлең құдіретін түсінуге үйреткен осы Мұқағали ақын», деді. Шынында да өскелең ұрпақты поэзияны сүюге үйреткен ақын күнделігінің бір тұсында: «Мені адамның өзі, сыртқы сүлдері емес, мінез-құлқы, өзгеге деген қарым-қатынасы, ойы мен психологиясы қызықтырады. Оларды түсінуге тырысамын. Адамдарды түсіне отырып, олардың мені түсінгенін қалаймын. Менің бүкіл поэзиямның мәні, міне, осында. Поэзия – мен үшін жанымның шырылы. Басқа ештеңе де емес...», депті. Өзін оқырманына мейлінше қарапайым тілмен түсіндіруге, ұғындыруға тырысады. Өз заманының күнгейі мен көлеңкесін жырлауда нағыз ұлт ақындары ғана ұлы биікке көтерілген. Мұқағали ақынның мұрасы өскелең ұрпаққа шабыт беріп, әрдайым жадында болары сөзсіз.
Аталған іс-шарада оқырман жүрегінен орын алған ақындарымыздың бірі, поэзия падишасы Фариза Оңғарсынованың өлеңдерінен де үзінділер оқылды. «Білмейсіңдер мені әлі, білмейсіңдер..» деп жырлаған Фариза Оңғарсынова қай кезде де қоғамның қайшылықтарына, не болмаса қиянатшылдығына төзбестігін жырмен жеткізген. Кітапханашы Мөлдір Самалханқызы өз сөзінде поэзия әлемі ешкімге ұқсамайтын, өзіндік әуезі мен ерекшелігі бар Фариза ақын қазақ әдебиетінің дара тұлғасы екенін атап көрсетті.
Жас оқырмандар өзге де сүйікті ақын-жазушыларының шығармаларынан үзінділер оқып, болашақта кітапханадан көргісі келетін кітаптар жөнінде қысқаша өз ой-пікірлерін білдірді.
Аталған іс-шара болашақта да жалғасын таба бермек.
Ақнұр ЖҰМАДІЛОВА,
Үржар аудандық орталық кітапханасының қызметкері
Абай облысы
Сарқылмас рухани қазына
Кітапты іздеп жүріп оқитын кез артта қалып, орнын ғаламтор билеп-төстеген заманда өмір сүріп жатырмыз. Ал халықтың кітап оқуға қызығушылығын арттыруға жаңа әдіс-тәсілдер мен заманауи көзқарас қажет екені белгілі. Нағыз білім қайнарының мәртебесін қайтару мақсатында Бөрлі ауданының орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде «Жылжымалы кітапхана» атауымен жаңа жоба қолға алынған еді. Аталған жоба аясында көптеген іс-шара ұйымдастырыла бастады.
«Жылжымалы кітапхана» жобасының мақсаты – оқырмандарға кітапханадан тыс қызмет көрсету, олардың сұраныстарын кітапты пайдалану арқылы қанағаттандыру. Осы істің басы-қасында жүргендер аудан тұрғындарымен, мекемелерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Оған көнекөз қариялар да тартылған. Кітапханашылар әр он күн сайын бұрын апарған кітаптарын алмастырып отырады. Бүгінде оқырмандарды көбіне көркем әдебиеттер қызықтыратыны да мәлім болды.
«Жылжымалы кітапхана» жұмысының жоспарында әдебиеттерді мекемелерге апару, сол жерлерде іс-шаралар ұйымдастыру, мерзімді басылымдармен таныстыру, оқырмандардың тапсырыстары бойынша қызмет көрсету бар. Абонемент кітапханашылары кітаптың оқырманға барынша жақын болуы үшін жұмыс істеп қана қоймай, оқырмандардың сұранысына қажетті әдебиеттерді жинақтайды. Осындай қызмет түріне ауданымыздағы «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы», «Жұмыспен қамту орталығы», «Бөрлі аудандық ауруханасының емханасы», «Нұрдаулет» бизнес орталығы, тағы да басқа орталықтардың қызметкерлері қол жеткізіп үлгерген.
Көпшіліктің кітапқа деген қызығушылығы зор екені байқалады. Өйткені көптеген кітапты сол жерден өз аттарына жаздырып, үйлеріне оқуға алады. Иә, шындығында күнделікті тіршілікте жұмыстан қолы тие бермейтін, кітап оқуға ынтасы болса да, кітапханаға келуге мүмкіндік таппайтын көпшілік үшін «Жылжымалы кітапхана» жобасының берері мол.
Жанар НИЯРОВА,
кітапхана ісін дамыту бөлімінің әдіскері
Батыс Қазақстан облысы
Мектеп бітіруді тойға айналдырмасақ
Елімізде 11-сынып бітірген түлектер осыған орай өткізілетін ойын-тойларда түрлі оқыс оқиғаларға тап болып жатады. Өкінішке қарай сондай басқосулардың соңы қайғылы аяқталатын тұстар да кездесіп қалады. Мұның себебі неде?
Қазақ қоғамында орынсыз той тойлап, болмашыға бола басқосулар ұйымдастыру әдетке айналған. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей, осындайды көріп өскен түлектер мектеп бітіргендеріне үлкен маңыз беріп, оны «өз деңгейінде» атап өткенді жөн санайды. Жастайынан сән-салтанатқа малынып өскен кей балалар өздерін көрсетіп қалуға тырысатыны да, міне, осы кез. Ондайлар жүргізу куәлігі болмаса да басқосуға әкесінің қымбат көлігін мініп келеді. Әбден лепіріп алған шақта жылдамдықты шектен тыс асырып, өзінің ғана емес, өзгенің де өмірін қатерге тігеді. Тым алысқа бармай-ақ биылғы деректерге көз тіксек, түлектер өзара төбелесіп қана қоймай, суық қарулар қолданған, таңға дейінгі серуен кезінде сыныптас қыздарына дөрекі қылық көрсеткен, тіпті 18-дегі бойжеткенге пышақ жұмсаған сияқты оқиғалардың орын алғанын көреміз.
Осының бәрі, біздіңше, отбасындағы тәрбиенің босаңдығы мен мектеп тәрбиесінің осалдығына тікелей қатысты. 11-сынып бітіруді бала өміріндегі үлкен белес санап, ерекше әспеттеп жіберуіміздің салдары. Шын мәнінде, мектеп бітіру қазіргі заманда соншалықты бір зор маңызға ие оқиға емес, өмірдің қалыпты бір сәті болса керек-ті. Одан біз думандатып тойлайтындай ешбір ерекшелік көріп тұрған жоқпыз. Әсіресе толықтай ақыл тоқтатып үлгермеген жас жігіт пен қыз үшін бұл – арзан ойын-сауыққа құрылған басқосу ғана. Ал жол жүру ережелерін бұза отырып, жалдап алынған қымбат көліктердің шеруін өткізу тобырлық сананың айқын көрінісі дер едік. Демек, бұл мәселеге ата-ана және мектеп болып баса назар аудару керек. Ең бастысы, орта мектеп бітіруді адам өміріндегі қарапайым күндердің бірі ретінде жас ұрпақ санасына сіңіретін кез жетті. Өйткені сана өзгермей, сапалық өсу де болмайды.
Сағын БОЛАТБЕКОВ,
Мәкен САЯҚОВ,
Тараз қаласының тұрғындары
Жамбыл облысы